26 июня, 2020 Comments Off on Тарихшы шетелде сатылымға шыққан дәретхана төсеніштері туралы: Кім көрінгенге мазақ болып жатырмыз

Тарихшы шетелде сатылымға шыққан дәретхана төсеніштері туралы: Кім көрінгенге мазақ болып жатырмыз

Көк байрақты аяқасты етті. Шетелдік танымал сайттардың бірінде мемлекеттік туымыз бейнеленген  дәретхана кілемшелері, үй жануарларына арналған киімдер мен ваннаға ілетін перделер сатылып  жатыр.  Ал халық ерекше дизайнға қызығып, соны жанталасып алып жатыр. Мемлекетік рәміздерді қор еткендер неге көбейіп кетті?

Жалауымызды  сайқымазаққа айналдырғандар жазалана ма? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.     

Иә, көк туымыздың көкте желбіреп тұрғанын көрсек, тұла бойымыз тебіреніп, жан-жүрегіміз елжірейтіні сөзсіз. Ерекше сезім. Алайда осыдан бірнеше күн бұрын желіде мынадай бір жарнама жылт ете қалды. Америкалық сайттардың бірінде көк байрағымыз бейнеленген кілемшелер, орамалдар, ваннаға ілетін перделер, күшіктерге кигізетін киімдер сатылып жатыр екен. Бағасы 30 еуродан басталады.

«Алысқа бармай-ақ мына Өзбекстанды неге аяқасты қылмайды? Қырғызстанды, Түркіменстанды мысалы. Біз қатарлы елдер бар ғой Кеңес одағының құрамынан шыққан. Олар бірден жауапқа тартады. Ал бізде немқұрайлық, қалай болса солай жүре бергеннен кейін бұл бірінші мәрте емес. Кім көрінген, көлденең көк аттыға біз мазақ болып жатырмыз да. Өйткені біздің мемлекетте қатал заң керек та. Жауапқа тартса келесіде мұндай жасамайды», - деді тарихшы Жұмамұрат Шәмші. 

Алайда елімізде мемлекеттік рәміздерді қорғайтын арнайы заң жоқ емес, бар. Бірақ  мұндайға қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілік көзделген екен. Жарнаманы сайтқа жариялағандарға 200 не 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Болды. Ал дамыған әлем елдерінде мұндай жағдайлар неге болмайды? Өйткені оларда ұлттық рәміздерді қорлағандарға жаза әлдеқайда қатал. Оған қоса, шетелде бұл мәселені арнайы бақылауында ұстайтын арнайы орган да бар екен. Ал бізде әлі күнге дейін тек ұсыныс күйінде қалып отыр.

«Мемлекеттік арнайы орган бақылап отыру керек. Егер де ондай жағдайлар болса, мемлекеттік арнайы орган осындай мәселелерді көтеріп, осы заңнаманы бұзған заңды тұлғалармен жеке тұлғаларды жауапкершілікке тартады», - деді заңгер Айсана Сман.

Ал елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков мәселе заңда емес, насихатта дейді.

«Біздің туымыз біздің рәміздеріміз - біздің халқымыздың ертеден келе жатқан рухымыз. Сондықтан рухымызды таптауға ешкімге жол берілмейді! Мысалы елтаңба. Мен жасаған елтаңбаны талай жерге барамын Қазақстанның барлық жеріне барып шықтым бірақ елтаңбаны өзінің үйінде болмағаннан кейін, өзінің тарихын оқымағаннан кейін оны бір логатип есебінде, бір белгі есебінде қарайды да, оның ішінде тұнып тұрған тарихты көбісі біле бермейді», - деді ҚР мемлекеттік елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков. 
Сонда қайтпек керек?

«Қатты-қатты айтатын, беделді де белсенді біздің лауазымды депутат, сенаттарымыз солар не үшін отыр? Не үшін айлық алып отыр? Біздің мүддемізді қорғау үшін. Қарапайым біз секілділер айтқанымен бүл жеріне жетпейді де. Сондықтан жоғарыда отырған министр, әкім-қаралар соған шара қолдану керек деп ойлаймын», - деді тарихшы Жұмамұрат Шәмші.

Алайда бұл мәселе тек бүгін ғана емес, жылдар бойы қайталанып келе жатыр емес пе? Осыған дейін ұлттық құндылықтарды таптаған өз жастарымыз да қанша болды. Бірақ әлі де нәтиже жоқ. Ал шетелдік сайттарда көк байрағымыз бейнеленген тауарлар кәдімгідей сұраныста көрінеді. Халық та қызығып алып жатыр. Сұраныс бар. Сондықтан тиісті шара тезірек қабылданбаса, байрағымыз әлі қанша үйде аяқасты болары белгісіз.

https://stan.kz/tarihshi-shetelde-satilimga-shikkan-darethana-tosenisht-333379


Загрузка...

Комментирование закрыто.

2025d523818cd5cb