2021 жылдың аяқталуына санаулы күндер қалды. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі биыл көптің ішінен суырылып шығып, желі арқылы бір-ақ күнде танымал болған қарапайым жандардың тізімін жасады. Олардың арасында талантымен таңғалдырған өнерпаздар, игі істерімен есте қалған жандар да бар. Әлеуметтік желі қолданушыларының көзайымына айналған жұлдыздар қатары биыл жаңа есімдермен толықты. Әсіресе қарапайым жұмысшы мамандығынан әншілік дарынының арқасында көпке танылып үлгерген қыз-жігіттер туралы айтпасқа болмайды.

 

Сылақшы қыздың жұлдызы желіге жүктелген видеодан кейін жанды. Гүлмайдан пәтер жөндеумен айналыса жүріп, сүйікті ісі ән айтуды ермек еткен. Сондай күндердің бірінде құрбысы оны видеоға түсіріп, желіге салған. Қазақ және шетел әндерін нақышына келтіре орындаған Гүлмайдан Серікбай Instagram және Tik-Tok желісінде хитке айналды.

Қызылордалық ару елге белгілі продюсерлердің көзіне түсіп, байқауларға шақырту алды.

Осы уақытқа дейін талант иесі бірнеше телебағдарламада қонақ болып, сұхбат берді. Сылақшы қыз өз есімін ата-әжесі әнші Гүлмайдан Сүндетованың құрметіне қойғанын атап өткен.

 

 

 

 

 

Қойшы бала – Айдос Кәден

Айдостың әлеуметтік желіде кешкі ас кезінде ән айтқан видеосы TikTok-та миллионнан аса қаралым жинады. Талантты баланың даусына тамсанған желі қолданушылары видеоның жылдам таралуына ықпал етті. Қойшы бала атанып кеткен жас әншінің есімі кейін белгілі болды. Айдос Кәден Алматы облысы Кеген ауданы Бөлексаз ауылында туған.

Кейінірек эстрада әншісі Жігер Ауыпбаев қойшы баланың жайлауына барып ата-анасының алдынан өтіп, Айдосты өзімен бірге Алматыға алып кеткені белгілі болды.

Электрик жігіт – Олжас Молдабеков

Атақты Akon-ның әнін нақышына келтіре орындаған вахташы жігіттің видеосы да көптің көңілінен шығып, желіде танымалдылыққа ие болды. Бір күннің ішінде жұлдызға айналған вахташыны ел “қазақтың Akon-і” деп атап кетті.

Олжас Молдабековтің ән айтқан видеосын желіге өзінің әріптесі орналастырыпты. Онда вахташы әлемдік эстрада жұлдыздарының танымал әндерін орындаған. Аталмыш видео Tik-Tok-та 3,3 миллион қаралым жинаған. Ал әншінің өзі жұлдыз болып кеткенін Instagram желісін ақтарып отырғанда кездейсоқ білген.

Құрмет Талапқазы Құрмет Талапқазы. 

Жаз басында Маңғыстаудағы малы қырылған елге шөп оруды бірінші болып қолға алып, ұйымдастырған 25 жастағы Құрмет Талапқазы да әлеуметтік желінің жұлдызы атанды. Оның қазақстандықтарды асарға шақырған видеосы Whatsapp мессенджері арқылы таралып, ел аралады.

Кейіннен видео Facebook желісіне жүктелді. Құрмет Талапқазының бастамасымен қуаңшылықтан зардап шеккен аймақтарға 500 вагон жем-шөп жөнелтілгенін айта кету керек. Жыл соңына қарай Құрметтің еңбегі еленіп, ол Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірінде оқуын жалғастыруға мүмкіндік алды.

Қазақтың Маюриі – биші қыз Аружан Рашид Жақында әлеуметтік желілерде тойда бір аяқпен ғана билеп жүрген бойжеткеннің видеосы тарады. Әлеуметтік желі қолданушылары биші қыздың өнеріне тәнті болған. Видеоны көрген ел осындай қиыншылыққа қарамастан батыл қадамға барған арудың рухы мен ерік-жігеріне таңғалды. Олар Аружанға “қазақтың маюриі” деп ат қойды.

Аружан Рашидтің жасы 17-де. Әлеуметтік желіде биді өзінің хоббиі ретінде көретінін жазған.

kaz.nur.kz

 

Рубрика: