Шымкенттік құтқарушылар 1,5 жасар қыздың басынан кәстрөлді алып шықты. Құтқару операциясына 15 минут уақыт кеткен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ата-анасының айтуынша, бүлдіршін екі күн бойы ыдыспен ойнаған екен. Ересектер ойынның мұндай оқыс оқиғамен аяқталарын тіпті ойламаған. Ойын баласы кәстрөлді басына киіп, қызық көрген екен. Кейін темір ыдысты басынан шығара алмай жылаған. Үйдегі ересектер де кәстрөлді өздігінен алып шықпақ болып, алайда нәтиже бермепті. Бүлдіршіннің ата-анасы дереу құтқарушыларға хабарласқан.

Оқиға орнына жетіп келген құтқарушылар ыдысты алып шығуға тырысқанымен, алғашында қыз баланың тоқтаусыз жылауы мамандар жұмысына кедергісін келтіріпті. Көп ұзамай жылаудан шаршаған бүлдіршін ұйқыға кетіп, сол сәтте құтқарушылар өсімдік майының көмегімен ыдысты алып шыққан. Бастысы, бүлдіршінің денсаулығына зиян келмеген. Қазіргі таңда оның жағдайы жақсы.

kaz.nur.kz

 

Рубрика: