АЛТЫНОРДА
Әлеумет

[:kz]«Шетелдік күйеубаланың көбеюіне қазақтың еркектері кінәлі»[:]

[:kz]

 

Әлеуметтік желі талай сұрақтың туындауына және санадағы сұрақтың жауабын табуға да кейді септігін тигізіп жатады.  Әлеуметтік желідегі жүздеген мың оқырманы бар топтарда талқыланатын кей сұрақтардың маңыздылығы сонша, еріксіз қолға қалам алғызатыны тағы бар. Сондай дүниенің бірін Facebook-тағы «Қазақ әндері» тобынан көзіміз шалып қалды. Топта қызу талқыға түсіп жатқан бұл жолғы сұрақ: «Қазақ қызының шетелдікке тұрмысқа шығуын қолдайсыз ба?»

Қазақ қоғамындағы нәзік әрі кез келгеннің жүйкесіне салмақ салатын құбылыс қазақ қызының шетелдік еркекпен отбасын құруы екені бесенеден белгілі.  Қазақтың қызы шетел азаматына тұрмысқа шықты деген хабар шықса, жұрт былай тұрсын, қазақтың иті де ырылдап үн шығарады. Неге? Әрине, ең бірінші намыстан. Екіншіден, шетел азаматымен тағдырын қосқан қазақ қызына таудай кінә артылады. Үшіншіден, сол қыздың ата-анасынан бастап, ағайын-туыстарына дейін сын айтылады. Шетелдікке күйеуге шыққан қызды сынап қана қоймай, жер-жебіріне жеткізіп, ит терісін басына қаптайды біздің қоғам.

Шетелдік адамға күйеуге шыққан қазақ қызы туралы айтылатын сөздер сол баяғыша, «тәрбиесіз», «тексіз», «ақша үшін арын сатқан», «қазақтан еркек таппай қалған» деген сөздер. 20 жыл бұрын да осы сыни сөздер айтылатын, қазір де айтылатыны осы сөздер. Демек, қазақ қоғамының түсінігі, пайымы, көзқарасы бүгінге дейін еш өзгермеген. Ең ақыры шындыққа тайсалмай тура қарау қасиеті күні бүгінге дейін бойына дарымапты. Неге бұлай деп отырмыз?

Сонау тоқырау жылдары расымен де қыздарымыз материалдық мәселені бірінші орынға шығарып, шетелдіктің құшағына құлаған да болар. Ал қазіргі қыздарымыз ақылында жел ескен ақымақ емес. Материалдық қана емес, адами құндылықты да қатар қарастырады. Өз қазағының азаматы алақанына салып мәпелей алса, әйел бақытын сыйлай алса, отбасы сұранысын қамтамасыз етуге қауқары жетсе, қазақтың қызы өзге ұлт өкіліне саусағын да ұстатпас еді ғой? Шетелдікке күйеуге шыққан қызға агрессивті сөздерін аямай төгіп отырған қазақ жігіттерін намысы қажап отыр дегенге сену қиын. Бұл сөзімізге шетелдік еркекпен бас қосып, бақытты өмір сүріп жатқан  қызымыз Айша Салихтың айтқандары да дәлел дер едік. Еркектеріміздің ұсақталып кеткенін мойындау әрине, өте ауыр. Алайда бұл да қазақ қоғамы тіке қарауға тиіс шындықтың бірі емес пе?! Бізбен әңгімесінде Айша Қазақстаннан не себепті кеткенін, қамшының сабындай қысқа ғұмырында әйел адамға не керек екенін қысқа ғана түйіндеп бергендей.

«23 жасымда алып қашудың құрбаны болдым. Аттаған босағамды тастап кете алмай, өзім танымайтын еркектің жары болдым. Қазақы тәрбие де кетіп қалуыма кедергі болды. Осылайша 15 жыл тұрмыста болдым. Жайшылықта қыздың пәктігін сөз еткенде алдына жан салмайтын біздің еркектер айтыңыздаршы, менің пәктігім сол алып қашқан күйеуіме бұйырды. Бағалады ма? Бағалағаны сол шығар, басымнан тоқпақ кетпеді. 15 жылдық отбасылық өмірімде жарытып ас ішіп, жарқырап киінбедім. Оларды қойшы, ең болмаса, босағамды пәк болып аттады ғой деп құрметтей алмаған өз ұлтымның еркегін мен не деп бағалаймын? Арақтан аузы босамайтын сол күйеуім табыс тауып, отбасын асырауға шамасы да келмеді. Сонысына қарамай, бір қыздан кейін денсаулығыма байланысты көтере алмай қалған мені допша домалатып теуіп, «екінші қатын аламын» дейтін.

Бар қазақтың еркегіне топырақ шашудан аулақпын. Алайда он қазақ еркегінің жетеуі жетесіз, жалған намысты, білімсіз, ең ақыры адами қарым-қатынас құруды, әйелді сыйлауды білмейтіні өтіміз жарылып кетсе де, шындық қой. Бұл сорлылықтың түп-төркіні отбасылық тәрбиеден басталады екен.

Бізде ұлды ұрпақ жалғастырушы деп төбеге шығару, жылы-жұмсақты ұлдың аузына тосу, еркекті әйелден артық санау түсінігі әлі де бар. Ұлды титтейінен болашақ отбасын асыраушысың деп өсірсе, қазіргідей отырып алып, әлеуметтік желіде қатын құсап пікір жазып отыруға уақыт таппас еді ғой!? 15 жыл өмірімді тозаққа айналдырған күйеуімнен ажырасып кеттім. Сол кезде әйелге асқан байлық та, уыс-уыс ақша да керек емесін түсіндім. Әйелге керегі қорған болар мықты еркек, әйелге әйел екенін мойындататын күшті еркек, әйелге әйел бақытын сыйлай алатын арда азамат керек екенін мойындадым. Өкінішке қарай, өз топырағымда ондай азаматты кездестіре алмадым. Бір қызыммен маған үйленуге намыстанғандар болды. Байдан шықты деп түртпектеді. Бір сәттік ләззатын алу үшін пайдаланғысы келгендері қаншама. Түңілдім, бездім бәрінен. Ақырында шетел азаматына тұрмысқа шықтым. Асып-тасыған бай емес.

Алайда мен қазіргі күйеуімнің жанында өзімді нағыз бақытты әйелмін деп сезінемін. Осындай бақытты ұсына алмаған біздің кейбір надан еркектер «шетелдікке тұрмысқа шыққан қыз – намыссыз» дейді. Айтарым, шетелдікке қазақ қызы тұрмысқа шықса, демек, қазақтың еркегі намыссыз! Өз қаракөзін сондай қадамға итермелеген азаматта намыс жоқ дер едім. Қазақтың еркектері мықты болса, қазақ қызы шетелдікке тұрмысқа шықпайды, осыны мықтап есте сақтайықшы!»-дейді Айша Салих.

Әрине, бір Айшаның сөзі бүкіл бір ұлттың еркектеріне баға беру деп қабылдаудан аулақпыз. Десек те, айтылған ойда біз мойындауға қорқатын бір шындықтың бары рас қой?

Сіз қалай ойлайсыз? Қазақтың қызы шетелдікке шықса, ол үшін қазақ еркегі кінәлі дегенмен келісесіз бе?

Асыл БАЛАБИ,  Kznews.kz ақпараттық порталы.

[:]