АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Шаруалар қой жүнін өртеп жіберуге мәжбүр[:]

[:kz]

 

Ақтөбелік шаруалар қойдың жүнін өртеуге мәжбүр. Өйткені өңірде бұл өнімді өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ, деп хабарлайды 24.kzге сілтеме жасап  nege.kz

 Малдың пайдасынан көрі шығын артып бара жатқанын айтқан шаруалар мемлекеттен қолдау болса дейді. Батырбек Шәуленов сырмақ пен пима басу, киіз үй жасау ғұрпының ұмыт қалғандығын айтады. Себебі ұлттық бұйымдардың шикізаты – қой жүніне ешқандай сұраныс жоқ. Бие байлап қымыз ашытатын кәсіпкер соңғы бес жыл бойы еділбай сияқты қазақы тұқым өсіруді қолға алған. Алайда көктемгі науқан шаруа иесі үшін шығынға белшеден бататын кезең. 600 бас қойдың жүнін қырқу үшін 300 мың теңгеге жуық қаражат жұмсапты. Ал, оның орнын толтыруға шикізат қабылдайтын бірде-бір өндіріс табылмады. Сондықтан өртегеннен басқа амал жоқ дейді.

Батырбек Шәуленов, шаруа қожалығының иесі:

— Қырқу үшін адам табылмайды. Табылған жағдайда да қарайған қаражатымыз кетеді. Сол қойдан қырқылған жүнді қайда апаратынымызды білмейміз. Сондықтан әрбір жерде шашылып жатыр. Сосын біз оны жинақтап, қапшыққа нығыздап салып бір жерге апарып өртейтін жағдайда жүрміз қазіргі кезде.

Бұл өңірдегі барлық шаруаның басындағы мәселе. Соңғы уақытта мал терісінің құны да құлдырап, жағдай тіптен ушығып кеткен. Бұған дейін Қытай мен Ресей сияқты көршілес елдерге жөнелтіліп келген тауар қазір ел ішінде тұралап қалды. Ал, Қазақстан төңірегінде бұл шикізатқа сұраныс жоқтың қасы. Осыған орай шаруалар табиғи өнімдерді өткізетін орын ұйымдастыруды өтініп отыр.

Марлен Баймағамбетов, «Ақтөбе фермерлері орталығы» бірлестігінің төрағасы:

— Біздердің өнімдерімізді бір жерде қабылдап Ресей немесе Түркия сияқты елдерге жөнелтіп отыруды да өтіндік. Әрқайсысымыз өз бетімізбен жеткізе алмаймыз. Себебі жол шығыны өте көп болады. Әкімдік осы бағытта жүйелі жұмыс жасаса жақсы болар еді.

Алайда шенеуніктер жиналған жүнді қоймада сақтай тұруды ұсынып отыр. Себебі жыл соңына дейін облыс орталығында жаңа өндіріс орны ашылуы тиіс. Құрылыс материалдарын шығаратын цех жылуды оқшаулаушы бұйымдарға шикізат ретінде қойдың жүнін қолдануға ниетті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері жаңа кәсіпорынның өңірде қырқылатын 3 мың тоннаға жуық жүнді толықтай қабылдауға қауқары болады деп сендірді.

Панабек Бимұратов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

 Толық көлемде кәсіпорын жұмысқа қосылған кезде Қазақстанның басқа өңірлерінде де жүн қабылдай бастайды. Осы кезде біздің жүніміздің да құны көтеріліп, өткізетін жер табылады деп үміттеміз.

Жоба құны шамамен 1 миллиард теңге төңірегінде. Ал, төрт-түліктің терісін желатин өндіруші зауыт қабылдауы тиіс. Құрылысы келер жылға жоспарланған инвестициялық бағдарлама аясында тері өңдеу цехі ашылады. Нәтижесінде шаруалардың бас қатырған мәселесі шешімін табады деген үміт бар.

[:]