17 июня, 2019 Comments Off on Серік Мәлеев. Қосанов, дауысты қайтар халыққа…

Серік Мәлеев. Қосанов, дауысты қайтар халыққа…

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сенім шаралары жөніндегі Ұлттық Кеңес құрылатынын айтты. Ал елдің ішін Ұлттық Конгресс құру идеясы кезіп кетті. Екі идея да дұрыс-ау, бірақ жекелей алғанда, екеуі де әлсіз. Қазір ел-жұрт әке-шешесі ажырасып кеткен баланың күйін кешуде. Әкесі – Билік, шешесі – Халық болып, ортақ ымыра жоқ, берекесі қашқан үй сияқты. Қашқын-олигарх Мұхтар Әблязов анау, шетелде отыр отқа май құйып, аңқау елді төңкеріске шақырып. Сенген серкем Әміржан Қосанов мынау, елдің дауысын ұрлап Алдар Қосанов атанды.

Осыдан бір идея туындайды. Қосанов өзіне дауыс берген халықтың дауысын өз қанжығасына баса алар еді, бірақ өзінің тұтқыны етіп ұстап тұра алмайды. Халық Қосановқа берген дауысын алдамшының тұтқынынан қалай да шығарып, өзіне қайтаруы тиіс.

Соған байланысты, мен қазақстандықтарды, әсіресе жастар жағын "Алдар Көсе, дауысымызды қайтар" деген флешмоб ұйымдастыруға шақырамын.

Ол үшін не істеу керек. Қарапайым төрт қадам: 1. Әлеуметтік желіде бастамашыл топ құрылсын. Мейлі, жүз адам ба, мың адам ба. Одан да көп болғаны жөн.

2. Құрылымы әзірленіп, ұйымшыл команда құрылса.

3. Бұл бірлестік заңды тіркелсе.

4. Жастар флешмобы аясында Қосановқа дауыс бергендердің дауысын өз жақтастарының Сенім шаралары жөніндегі Ұлттық Кеңес құрамына өтуін қолдауға бағыттау.

Сонда Қосановқа дауыс бергендердің дауыстары далада қалмайды.

Жастар, мен сіздерді "Алдар Көсе, дауысымызды қайтар" флешмобы аясында өз туған-туыстарыңыздың дауыстарын жинауға шақырамын.

Мақсатымыз не: Президент Тоқаев саяси реформалар жасаймын дейді. Ұсыныс дұрыс. Сенім шаралары жөніндегі Ұлттық Кеңес құрылады дейді. Бұл да жаман емес. Қазір зиялы қауым ішінен Ұлттық Кеңес құрамында жұмыс істеуге дайын екенін білдірген азаматтар шықты. Алайда ол Кеңес құрамында Қосановқа дауыс берген біздер де нақты күш ретінде кіруіміз керек, біздің артымызда да жүз мыңдаған адам бар. Билік сонда ғана Жалпыхалықтық ұйымның беделімен санасады.

Мен, жеке басым, билікке мынадай нақты сын тағамын. 1. Менің айналамда үш, бес тіл білетін талантты жастар өте көп. Бірақ екі-үштен жоғары білім алған жастар жалақысы жақсы жұмыс таба алмай жүр. Тамыр-танысы, ақшасы жоқ өйткені. Елдегі бастық атаулының бәрі мырқымбай. Рас емес пе? Ағылшыншасын айтпай, орыс тілін былай қойғанда қазақ тілінде екі сөздің басын әрең құрайды. Бар болғаны – олар біреудің тамыр-танысы 2. Қазіргі сайлау жүйесі халықты саяси таңдау жасау мүмкіндігінен мүлдем айырған. 3. Елде сөз бостандығы, жиналыс өткізу бостандығы жоқ. Заң бойынша құқық бар, іс

жүзінде жоқ. Өзім туралы. Мен өз таңдауымды 86-ның желтоқсанында жасап, қазір ешкімнің алдында қызармаймын. Өзім жұмыс істеген зауыттың "АРО-1" цехында Колбиннің кандидатурасына ашық қарсы шығып, ереуіл ұйымдастырдық. Қосанов пен Тұяқбайдан ерекшелігім сол.

Қазақ ұлт болып, халық болып сақталып, аман қала ма? Жан-жағымызда жау көп, қайтпек керек? Бүгін бар, ертең жоқ отандастарымыз елімізді сатып, жығып, суға шайғызып кетпей ме? Міне, қазақтың алдында осындай ауыр шындық, ауыр мәселелер тұр. Бәрімізге өзгеру керек, әлі де кеш болмай тұрғанда. Билікке де өзгеру керек.

Мен билікпен ауыз жаласқан адам емеспін. Шынын айтайын. Алпысқа келдім, депутат та болғым жоқ, әкім-министр болуға тыраштанған түгім де жоқ. "Алтынорданың" бас редакторы болғаным өзіме әдбен жетеді. Адамдық абырой қызметтік абыройдан мың есе артық. Мен жастардың болашағына алаңдаймын, олар ертең қай елде өмір сүрмек? Сол үшін, жастар, өз тағдырыңды, өз ұлтыңның тағдырын қазір шеш! Ол үшін бәріміз орнымыздан тұрып, "Алдар Көсе, дауысымызды қайтар" деген ұран тастайық.

Алтынорда

Загрузка...

Комментирование закрыто.