Оның орнына қазіргі жағдайда вакцинациядан бұрын арақашықтықты сақтап, қажетті ем шаралары мен жеке профилактиканы мықтап қолға алған жөн.

Белгілі дәрігер, нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев коронавирусқа қарсы Ресей вакцинасын толық тексерістен өтпейінше, сатып алуға болмайтынын айтады. Оның орнына қазіргі жағдайда вакцинациядан бұрын арақашықтықты сақтап, қажетті ем шараларын жасайтын профилактиканы мықтап қолға алған жөн, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Дәрігердің айтуынша, Ресей вакцинасы әлі толық тексерістен өтпеген.

Қамшы порталына берген сұхбатында Алматыдағы «Орталық клиникалық аурухана» нейрохирургия орталығының меңгерушісі Мыңжылқы Бердіқожаев тексерілмеген вакцинаны азаматтарға салуға түбегейлі қарсы екенін айтқан. Сапасы күдікті вакцина салдырғанша арақашықтықты сақтап, қажетті ем шаралары мен жеке профилактиканы мықтап қолға алған дұрыс. 

Оның айтуынша, карантин шараларының жеңілдетілуі мамыр айындағыдай коронавирустың таралуына себеп болуы мүмкін.

«Бүгінде бірінші толқыннан өттік десек те болады. Қайтыс болып жатқандар, инфекциялық стационарлардағы науқастар саны азайып келе жатыр. Мұның бәрі алты апталық карантиннің нәтижесі. Қазір карантин талаптары жеңілдетілгеннен кейін мамыр айындағыдай жағдай қайталануы мүмкін. Коронавируспен ауырғандардың саны азайғанымен, індет толық жойылды деп айта алмаймыз. Сондықтан карантиндегідей сақтық шараларын сақтау өте маңызды. Тұрғындардың көбі қарапайым талаптарды орындамай жатады. Кезекте тұрғанда арақашықтық сақтамайды, маска тақпайды. Сондықтан келесі толқынның болатыны анық», – дейді дәрігер.

Дәрігер өз сұхбатында соңғы кезде тіркеліп жатқан кавасаки синдромына қатысты да пікір білдірген. Оның айтуынша, Қазақстанда 11 баладан кавасаки синдромына ұқсас ауру белгілері анықталған. Синдромды көбіне бұрын коронавируспен ауырғандар жұқтырады.

«Кавасаки – терілік көрініспен өтетін ауру. Кавасакиге ұқсас синдромдар кездесіп жатқанын педиатрлардан естіп жатырмын. Бұл ауру – өте сирек кездесетін асқыныстардың бірі. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстанда осы синдроммен ауыратын бүлдіршіндердің саны өте көп болып тұр. Олардың барлығы белсенді түрде ауырып жатыр. Соның ішінде бірен-сараңы кавасакиге ұқсас, аурудың өте ауыр түрімен, яғни теріде бөртпенің пайда болуы және жүректе миокард инфарктісі танвизалардың түзілуімен жүретін синдроммен ауыруда. 
Коронавирус кезінде кавасаки синдромы кішкентай балаларға аса қауіпті. Көбіне ауру иммунитеті әлсіреген балаларда кездесуі мүмкін. Көп жағдайда аурудың соңы науқастың өлімімен аяқталады. Бұл ауруға шалдықпас үшін адам коронавируспен ауырмауы керек, індеттің алдын алатын басқа жол жоқ. Сондықтан мәселе тағы да сақтық шараларының маңызына келіп тіреледі, – деп атап өткен Мыңжылқы Бердіқожаев.

Рубрика: