Бір кавказ текті ер адам сәбиін арбаға салып алып, көшеде емін-еркін кетіп бара жатыр. Оның қасындағы екі жігіттің бірі осы жайтты видеоға түсіріп, екіншісі тәртіп сақшыларымен жағаласып әлек…

Қазір әлеуметтік желілерге Алматы қаласы тұрғындарының төтенше жағдай тәртібіне бағынбай, полицияға қарсылық көрсеткен видеосы тарап жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Видеодан байқағанымыздай, бір кавказ текті ер адам сәбиін арбаға салып алып, аулада емін-еркін кетіп бара жатыр. Оның қасындағы екі жігіттің бірі осы жайтты видеоға түсіріп, екіншісі тәртіп сақшыларымен жағаласып әлек. Ауыздарынан «ақ ит кіріп, көк ит шығады». Сондай-ақ, олармен бірге тағы бір әйел бар.

Аңғарсаңыз, формадағы офицердің погоны жұлынып, қолтығы жыртылған. Шамасы, төтенше жағдайға «түкіргені бар» үшеу жабыла кеткенге ұқсайды. Ал қасындағы екі сарбаз оны артынан қапсыра құшақтап ұстап тұрған жас жігіттен ажыратып алуда. Құдды, полиция қызметкерлеріне күш қолданған қордайлық дүнгендердікіне ұқсас көрініс.

Видео сол полиция қызметкері мен екі сарбазды кінәлі қылып шығару үшін қасақана түсірілгенге ұқсайды. Себебі, офицердің ала-даласы шыққан жерінен емес, оның арба сүйреткен жігітке қарай жүгіретін сәтінен бастап көрсетеді.

Ал шала түсірілімді көріп алған желідегі жұрт жаппай полицияны қарғап-сілеп, боқтап-балағаттап, біржақты ұстаным танытуда. Тек кейбір азаматтар ғана көпшілікке бұл мәселенің ақ-қарасы анық емес екенін ескерткен.

«Бас жағын салмаған, ментті ұрғанын, курткасын қалай жыртқанын, наглит еткенін мына кавказдың. Өздеріне ыңғайлы жерін салып жіберген. Басынан бастап көретін, ана қазақ балдарға не дегенін», «Басында не болғанын білмейміз, ешкім де өзінен-өзі жынданбайды, анау сақалды намысына тиетін бірдеңе айтқан ғой. Әйтпесе, неге қашады?», «Бір алақаннан дыбыс шықпайды. Екі алақанды бір-біріне соққанда ғана дыбыс шығады. Біржақты ментті кінәлай берген дұрыс емес шығар. Ана адамнан да бар-ау бәле», «Заң бәріне ортақ, бағынуға тиісті. Тәртіп сақшылары жоғарыдан келген нұсқаумен жұмысын атқарып жүр. Формадағы азаматтар болмаса, мынадай жағдайдың неге әкеліп соқтырары белгілі. Карантин еріккеннен беріліп отырған жоқ», «Ақымақ! Біреудің жаны емес, сол адамның өз жаны ғой! «Сиыр сипағанды білмейді» дейді, осындайларды зорлықпен үйіне қамап қою керек» деседі олар.

 

Рубрика: