Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов Олий мажлисі сенатының XXIV жалпы отырысында баяндама жасап, Украинадағы жағдайға қатысты Өзбекстанның ұстанымын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Uznews Өзбекстанға сілтеме жасап. 

“Украина төңірегіндегі жағдай Өзбекстанды қатты алаңдатып отыр. Өзбекстан шиеленісті бейбіт  және дипломатиялық жолмен шешуге ұмтылады. Ол үшін ең алдымен жауластық пен зорлық-зомбылық дереу тоқтатылуы керек”,- деді Абдулазиз Камилов.

Ол Өзбекстанның Ресей Федерациясымен де, Украинамен де тарихи көп қырлы қарым-қатынаста болғанын атап өтті. 

“Өзбекстан ұлттық мүдделерге сүйене отырып, екі елмен де өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастырады. Біз осы қиын кезеңде Украинаға гуманитарлық көмек көрсететін боламыз”, – деп қосты Сыртқы істер министрі.

Абдулазиз Камилов Өзбекстан Украинаның тәуелсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығын мойындайтынын мәлімдеді. 

Рубрика: