АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Он күн ішінде мың қазақстандық коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны алады[:]

[:kz]

 

Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияға қарсы QazCovid-in вакцинасын клиникалық зерттеудің үшінші кезеңі өтуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 26 желтоқсанда өңір әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қалалық көпсалалы ауруханасында болып, дәрігерлермен вакцинациялау барысын талқылады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев еріктілерге вакцина егу жүргізіліп жатқанын жеткізді. Олардың денсаулықтары толығымен жақсы, аурудың созылмалы түрлері және аллергиялық реакциялары болмауы керек.

 

«Он күн ішінде мың жамбылдықты вакцинамен қамту жоспарлануда. Еріктілермен келісімшарт жасалынады. Инъекциядан кейін субъектілердің антиденелері мен иммунитеті тексерістен өтеді. Бірінші және екінші кезең барысында 244 қазақстандық тестілеуге тартылды десек, олардың барлығында сәтті өтті. Жағымсыз реакциялар немесе асқынулар байқалған жоқ», — деді ол.

Бердібек Сапарбаев вакцинацияға келіскен еріктілерді әңгімеге тартты. Олар өздерін жақсы сезінетінін және туыстарын да вакцинациялау үшін әкелгісі келетінін жеткізді.

«Вакцина — халықты әртүрлі аурулардан қорғаудың ең тиімді әдістерінің бірі болып қала береді. Біздің отандық вакцина коронавирустың таралуын тоқтатуға көмектеседі», — деді облыс әкімі.

Дәрігерлермен әңгіме барысында Бердібек Сапарбаев вакцинация пандемияны еңсерудің маңызды қадамы екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қордай ауданында түрлі вакциналар оның ішінде Сovid-19-ға қарсы вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауыт салынып жатқаны баршаға мәлім. Сондықтан дәл осы зерттеулер біздің облысымызда жүргізілуде. Клиникалық сынақтар өндірісті мүмкіндігінше тез іске қосуға мүмкіндік береді. Жамбыл облысы Орта Азия аумағында алғашқылардың бірі болып қауіпті індетке қарсы өз вакцинасын шығарғалы отыр. Бұл орайда көп дүние дәрігерлерге байланысты. Сіздерге де оңай емес екенін түсінеміз. Азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығы сіздердің қолдарыңызда екенін ұмытпауларыңызды сұраймыз. Өз кезегінде, облыс басшылығы да сіздер үшін барлық жағдайды жасауға тырысады», — деді аймақ басшысы дәрігерлерге.

[:]