АЛТЫНОРДА
Жаңалықтар

[:kz]»Өкпесін алып, аяғын кескен»: Жамбыл Жабаевтың шөбересі дәріге ақша таппай, өлместің күнін кешіп жүр[:]

[:kz]

 

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған шөбересі Бекмұрат Жамбылов дәріге ақша таппай, күнелтіп жүр. Қант диабетіне шалдыққан асылдың сынығы бір аяғы мен бір өкпесінен айырылған. Емделу барысында химиялық дәрілер қабылдап, көзі де көрмей қалыпты. Сол аралықта жұбайы да тастап кеткен. Бүгінде баспанасыз қалған Бекмұрат Жамбылов ағасының үйін уақытша паналап отыр. Ал мемлекеттен алатын 52 мың теңге жәрдемақы пәтерақы мен күнделікті наннан артылмайды, дейді. Бекмұрат Жамбыловпен журналист Нұрсейіт Жылқышыбай кездесіп сұхбаттасты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Жасы 50-ге жақындаған Бекмұрат Жамбылов жыр дүлдүлі, қазақтың әйгілі ақыны, жыршысы Жамбыл Жабаевтың ортаншы ұлы Тоққұлдың ұрпағы. Тоққұлдың ұлы — Қазақстанның халық ақыны Әлімқұл Жамбылов біздің кейіпкеріміз Бекмұрат Жамбыловтың әкесі.

Бекмұрат Әлімқұлұлы да өнерден кенде емес. Домбыра шертіп, Жамбыл атасының жырларын жатқа айтады. Өзі 20 жылдан аса той басқарған. 2007 жылдары қант диабетіне шалдыққан Бекмұрат Жамбылов тойда жүріп диета сақтауға мүмкіндігі болмағанын айтады. Күнкөрістің қамымен асаба болып жүргенде дерті асқынып, 2018 жылы төсек тартып жатып қалған.

«Әлсіреп, екі аяғым ауырып жатып қалдым. Қан кете бастады. Адам өкпесін құсып тастайды екен. Ауруханаға алып кетті. Бір ай бойы құстым, өкпеден қан тоқтамады. 25 күндей жан сақтау бөлімінде жаттым. 11 ай тубдиспансерде емделдім. Сол кезде бір өкпемді алып тастады. Ем кезінде неше түрлі химикат дәрілер берді. Ол көзіме кері әсер етті», — дейді Бекмұрат Жамбылов.

2020 жылы көзіне ота жасатқанымен, бір көзі сол күйі көрмей қалыпты. Ал екінші көзі бұлыңғыр көреді. Бұл аздай, аяғына шыққан жара түбінде оны кестіруге мәжбүрлеген.

«Аурудың кесірінен денеде жаралар дұрыс жазылмайды. Былтыр табаныма жара шықты. Қанша тұзды суға салып, дәрігерге барсам да, аяқта ірің кетпей қойды. Одан ыстығым көтеріліп, 60 күндей ауруханада жаттым. Дәрігерлер аяғымның саусақтарын кесіп тастады. Сонда да ірің азаймады, көбейіп кетті. Табанымның терісін алып тастады. 17-18 күндей 39 градус температурамен жаттым. Дәрігерлер аяғымды түсіріп, іріңнің сүйекке отрып алғанын көрді. Ірің буыннан өтіп, тізеге келді. — Аяқты кестірмесеңіз болмайды, әйтпесе ірің жеп қояды, деді. Сөйтіп қыркүйек айында аяғымды кесті. Екі операциядан өттім. 1 қазанда үйге шықтым, содан бері үйдемін», — деп еске алды кейіпкер. 

Осы аралықта Бекмұрат Жамбылов әйелімен айырылысып кеткен. Ауырып, жаны қиналғанда құдай қосқан қосағы күтіміне немқұрайлы қарап, өз бетімен кеткен көрінеді. Ол аздай, ата-енесі ортаға кірісіп, отбасының шырқы бұзылған. «Ақырында әйелімді өз еркіммен жібердім. Оның өз себептері бар», — дейді Жамбылов. 

Айтуынша, жұбайы медицина ғылымдарының кандидаты. Жұмысбасты болғандықтан, балаларға қарайтын уақыты жоқ. Ажырасқан соң, 11 және 9 жастағы екі ұлын интернатқа өткізген. Балалар айына 1-2 рет әкесін көруге келіп тұрады екен. Ұлдарымды қатты сағынамын деген әке көзіне жас алып қалды. Сондай-ақ, ол үш рет үйленіп ажырасқанын, алғашқы екі некесінен бір ұлы мен бір қызы барын ашық айтты. 
Тұңғышы, 20 жастағы Айсұлтан әкесін көруге келіп тұрады екен. Ал шамамен 15 жастағы қызы Айнұрды әкесі 12 жылдан бері көрмеген. Анасы қарсы. Жамбыловтың ендігі арманы — қызын бір көріп, балаларының басын өз баспанасында қосу.

Бекмұрат Жамбылов бүгінде II топ мүгедегі, мемлекеттен айына 52 мың теңге жәрдемақы алады. Оның 15-20 мың теңгесі пәтерақыға, ал қалғаны азық-түлікке кетеді. Осылайша ағасының үйінде тұрып жатқан Жамбыловтың дәрі-дәрмек алуға да мүмкіншілігі жоқ. Ал кезінде «Бәке» деп арқасынан қағып, қоян-қолтық араласқан жолдастары бүгінде телефон тұтқасын көтермейтін көрінеді.

Осы орайда журналист Нұрсейіт Жылқышыбай Бекмұрат Жамбыловқа баспана алып беруге атсалысуға шақырды. «Қазақтың біртуар ақыны Жамбыл Жабаевтың ұрпағын осындай жағдайда қалдырғанымыз қазақтығымызға сын» болатынын айтып, елден көмек сұрады. Көмек көрсетем деушілер болса Kaspi GOLD нөмірі:

8 701 352 69 04 Бекмұрат Ж.

[:]