Қоғам қайраткері Мұхамеджан Тазабек  Мемлекет басшысы Қасы м-Жомарт Тоқаевтың Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде сөйлеген сөзі жайлы пікір білдірді деп жазды turkystan.kz.

«Президентіміз Тоқаевтің бүгінгі жиындағы сөзін тыңдап шықтым. Қиын-қыстау заманда ел тізгінін қолға алған тұлғаның ішкі, сыртқы мәселелерді терең сезініп, бүгінгі күн үшін табанды шешімдер қабылдап, болашақ үшін қам жеп отырғаны сөзінен де, үнінен де сезіліп тұрды», – деп жазды айтыскер ақын әлеуметтік желіде.

Ол партия атауының «Аманат» деп өзгеруі ел тағдырының қаншалықты аманат жүк екенін сезінуден туса керек деген ойын білдірген.

«Әсіресе, әлемде болып жатқан күрделі жағдайларға нәзік ұстаныммен үн қатып, бабаларымыздан мұра боп қалған мәмілешілдік қасиетті үлгі етіп отырғаны ұнады. Әйтпесе, қазір қызбалықпен аяғын қаншама батпаққа батырып, ауызын артық сөзбен былғап, не істерін білмей отырған көшбасшы көп. Сөз соңында: «Мен үшін ең басты құндылық – Қазақстанның Тәуелсіздігі. Мемлекет басшысы ретінде еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Жауапкершілік жүгі қаншама ауыр болса да, одан еш қаймықпаймын» деп түйіндегені күрделі заманда күндіз отырмай, түнде бел шешпей ел қамына іс қылар ердің бейнесін танытты», – деді Мұхамеджан Тазабек.

Рубрика: