АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Мылқау кісінің мұңы[:]

[:kz]

Әрине, адамдар бір-бірімен әңгімелеспей тұрмайды. Олардың қозғайтын тақырыбы да әртүрлі.  Тіпті өздерінше айтатын құпия сырлары да болады. Қойшы әйтеуір, «жүре берсең, көре бересің» деген осындайда айтылса керек-ті. Осы жолы көлікке мінетін жолаушыларға мылқау кейіп танытуды дұрыс көрдім. Ең алдымен  бейтаныс жандардың баратын жерін жазып беруге арналған блокнот пен қаламсап дайындап алдым. Сонымен, Алматы көшелерін аралауға шықтым…

Бірінші жолаушы

Абылай хан мен Құрманғазы көшесінің қиылысында қол көтерген қос келіншектің бірі жылы амандасып, «Кенжехан» базарына баратындығын мен ұсынған қағазға жазып берді. Жолкіреге 800 теңге бермекші болды. Өтірік аузымды жыбырлатып, бұл аздық ететінін ымдап көрсеттім.  Жанында тұрған қайыстай қара келіншектің жүйкесі сыр берді:

— Құралай, қойшы соны. Мыңқылдап жүре берсін! Басқа көлікке мінеміз, – деді.

Екінші келіншек те қарап қалмады:

-О, сорлы, өле алмай жүріп 800 теңгені азсынып тұр. Кетші бар! – деді.

Қарап отырып жаман сөз естігенім жаман болды. Бірақ үндемедім. Өтірік жымиып, қолыммен ымдап шықырдым да блокнотқа «Өте сұлу екенсіңдер!» деп жазып бердім. Құралай жазуымды оқыды да мырс етті. Не дегенімді білгісі келді ме, құрбысы да жақындап, «не деп тұр?» дегендей ақ қағазқа үңілді.

-Әйелі жоқ бейшара шығар, – деді Құралай.

-Әй, қайдам, бұл қу қыз-келіншекке қырғыидай тиетін секілді ғой… Екіншісі маған үңіле қарады да: «Түрің бар болсын, кетші бар» деді қолын сілтеп.

«Кет дегенде, ит те кетеді» демекші, амалсыз орнымнан қозғалдым. Не күлерімді, не жыларымды білмедім. Күлкілі кейіпкерге айналған өзіме де обал жоқ. Бір сілкініп, сау қалпыма түскім келді. Бір-ақ тағы бір-екі кісіні сынап көрейін дедім.

 

Екінші жолаушы

«Заңғар» сауда үйінің маңынан қыз-бен жігіт қол көтерді. Тоқтай қалдым. Жүздері бал-бұл жанып тұр. Қандай бақытты жастар. Терезеден ішке еніп кетердей бас сұққан жігіт Розыбакиев көшесіндегі сауда орталығына баратындығын айтып, жолкіреге 1000 теңге ұсынды. Беретін ақшасын айтқанда мақау екенімді ұмытып қала жаздадым. Сонда да сыр бермей қағаз бен қалам ұсындым. «Розабакиева Аль-Параби» деп жазып берді. Басымды изедім. Олар артқа есіктен орындыққа суға сүңгігендей мінді. Көзім жолда, құлағым жастарда. Зулап келемін…

-Жаным, сені шын сүйемін ғой. Бақытты болуың үшін бәрін жасаймын, – дейді жігіт.

-Көреміз, көп сөйлемей маған айтқан көйлегімді әперші? Қымбат болса, айнып кетпе, жарай ма?

-Жарайды. Бірақ сен тым қымбатын алма?

-Мылқау жүргізушінің көлігіне бірінше рет мініп отырмын. Екеуміздің айтқанымызды естімейді, жақсы болды, ә? – қыз сықылықтап күлді.

-Қой, олай айтпа? Обал болады! – деген жігіт өзі көрген оқиғаны бастап кетті. – Біздің бір туысымыз бар еді, соның бойжеткен қызына бір мылқау жігіт қырындап жүретін. Ұзын бойлы, әдемі жігіт. Қыз да ұнатса керек. Құда түсіп келіп еді, туысымыз болашақ құдаларын үйден қуып шықты. «Мылқауға қыз беріп, ағайынға масқара болатын жағдаймыз жоқ» депті. Анам сонда жағасын ұстап, туыстарымыздың әрекетін күпіршілік деп отыратын. Мен де мылқау болғанда тұрмысқа шығар ма едің?

-Құдай сақтасын! Ой, кешір, сен ондай емессің ғой… қыз ұялғандай болды.

-Ал сен мылқау қыз болсаң да үйленер едім…

Ол екеуінің әрі қарайғы әңгімесі басқа арнаға бұрылды. Бірін-бірі жаңа көргендей құшақтасып алған екі жас барар жерге жеткенше әр әңгіменің басын бір шалды. Түсіп бара жатып: «Рахмет» деді. Содан соң қызға қарап: «Мылқау екенін ұмытып кетіппін ғой… Бәрібір естімейді», – деп ыржалақтады.

 

Үшінші жолаушы

Тоқтаған жерімнен қол көтерген орыс жігіті «Спутник» сауда орталығына дейін 500 теңге ұсынды. Отырғызып алдым. Жол-жөнекей қалта телефонымен әлдекімдермен әңгімені жіберді кеп… Қазақшасы былай:

-Ресейлік компаниялармен келістім. Олар бұл жақтан тауарды қалай да арзан алыңдар деп жатыр. Болмаса, сөйлесетін, келісетін адамдар бар дейді. Бізге тиімді болуы керек. Өткен айда былайша дұрыс болғанымен, өте жақсы табыс таба алмадық. Бізге жүгіру керек…

-Арғы жақтағы азамат «Таксиде отырсың ба? Құпиямызды ешкім естіп қоймасын» деді ғой шамасы әлгі жігіт:

-Қорықпа! Такси жүргізушісі мылқау екен, менің бақытыма қарай, – деп қарқылдап күліп алды.

Әңгіме не туралы екенін жақсы түсіне алмасам да, сауданың соңында сабылып жүрген қу екенін бірден байқадым. Қазақстанды майшелпекке айналдырған мұндай кәсіпкер көп. Амал қанша, осындай әңгімені керісінше, қазақ жігіттерінің аузынан естіп жатсақ, керемет болар ма еді?!

 

Төртінші жолаушы

 

«Спутниктің» алдынан екі бала ерткен егде әйел мінді. Ол параққа «көкбазар» деп жазды. 500 теңге аздау болса да жанындағы балалардың мылқаулар туралы не ойлайтындығын білгім келді.

-Апа, мына кісі сонда түк естімей ме? – деді шамамен 6-7 жастағы бала.

-Естімейтін болып тұр ғой.

-Сонда балаларымен қалай сөйлеседі?

-Қолымен көрсетіп сөйлесетін шығар…

Әңгімеге екінші бала араласты:

-Апа, біздің үй жақтан бір әйел мен ер кісі ылғи қолдарын қимылдатып сөйлеседі. Олар да мылқау. Жаным ашиды. Балаларына түсіну қиын шығар…

-Иә, балапандарым, адамның басына ауыртпалық түспесін. Көрдіңдер ме? Мылқау болса да нанын адал туып жеп жүр. Ұрлық-қарлық жасамайды. Өзімен-өзі асырап…

Құдай-ау, көзіме ыстық жас келді. Қайдан ғана мылқау бола қалып едім. Әншейінде зарлап жүретін жағым қарысып қалғандай. Бірдеңе десем бе екен? Жоқ, болмайды. Осындай шешімге келдім. Бірдеңе айтсам, ана балалардың алдында өтірікші, алаяқ болып қаламын.

Зымырап көкбазарға келдік. Көліктен түсіп жатқан балалар маған қайта-қайта жалтақтап «Рахмет сізге» деді бірін-бірі қайталап. Қол бұлғап кете бердім.

 

Бесінші жолаушы

Мақатаев пен Қонаев көшелерінің қиылысына таман екі келіншек қол көтерді. Жүк сөмкелері бар. Қалаға келген қонақтар екені бірден байқалады. Мен ұсынған дәптерге «1 ж/д вокзал» деп жазып берді. Бас изедім. Жүктерін көлік артына салып, Назарбаев көшесімен төмен түсуге бет алдық.

-Мына мылқау дұрыс түсінді ме, басқа жаққа кетіп қалып жүрмесін? – алтын тісті әйел сәл жымиғандай болды.

-Мұндай кісілер ұқыпты келеді. Таксилетіп жүрген соң бәрін біледі ғой.

-Өзі бір уыс шал екен. Біздің ауылдағы Несібелі деген жесір әйелдің жанына отырғызып қойса, керемет жұп болғалы тұр. Алтын тісті арудың күлкісі өте жағымсыз естілді.

-Үй-жайы, әйелі бар ма екен бұл кісінің? Саусағында сақина жоқ қой. Құдай-ау, сөйлесуге де мүмкіндік жоқ. Қазір еркектердің көбі сақина тақпайды…

Сыпайылау келіншек:

-Қайтесің? Мазасын алма. Бұл кісі қолымен қимыл-әрекетті көрсете алмайды екен. Өтірік мылқау болып келе жатқандай көрінеді. Тыңдап, түсініп отырса ше? – Биғайша деген толықтауы маған бір қырымнан анықтай қарады. Үндемедім.

– Жас секілді…

-Қой, біразға келген кісі ғой. Алпыс па? Алпыс демекші, бір анекдот айтайын ба?

-Айтшы?

-Алпысқа келген біреу айтыпты: «Алпыс деген оңбаған жас. Қырындайын десең, кәрі секілдісің. Өлейін десең, жас секілдісің».

-Ой, мені өткенде бір тойда асаба айтқан әзіл өлтірді ғой.

-Не деді?

-Отызға келген келіншекке біреу «неге тұрмысқа шықпайсың?» депті. Сонда әлгі келіншек «Мен біреудің үйіне қонсам ұйықтай алмаймын» деген екен.

Әй, екеуінің күлкісін-ай! Бір күлгендері бір миллион теңгеге татиды. Әзілдерін әзілмен қатырайын дедім де, өзімді өзім сабырға шақырдым. Содан олардың әңгімесі  «сетевой маркетингке» кетіп қалды да, мен күйіп кеткен лампа секілді отырып қалдым.

Теміржол бекетінде түсіп қалған екеудің қайда бара жатқанын да сұрай алмадым. Бірақ әрін жоғалтпағандары бірден байқалады.  «Қырыққа дейін әйел әрін бермесе – қасиет, қырыққа келген жігіттің есі кірмесе – қасірет» демекші, олар қасиетін жоғалтпапты.

Содан 2700 теңгені қалтаға салып, мақаудың рөлін мүлтіксіз орындаған секілді болдым. Алайда мылқаудың мұңы бөлек екенін айқын аңғардым. Құдай басқа салмасын, олардың бойында кездесетін ерекше қасиеттердің бірі де менде болмауы мүмкін. Мәселен, ыммен сөйлесетін дағдыларының бірін де білмейді екенмін. Осыған дейін мен мылқау етікшіні, суретшіні көрдім. Өкінішке қарай, осы екі кәсіп те маған дарымапты. Алла тағала менің қолыма қалам ұстатыпты. Сол өнермен күн көріп, нанымды тауып жеп жүрмін. Шүкір!

Вокзал маңында алтын тісін жарқыратып тәжік әйелі келді. «Садақа бериң»… Сенен аяған садақаны ит жесін. Қолына 200 теңге ұстаттым.  «Өзің бір әдемі келіншек екенсің!». Менің сөзім жанына  майдай жаққандай, алғысын айтып, қолындағы адыраспанды бықсытып кете барды.

Тіліме жан бітті. Сейфуллин көшесімен орталыққа бет алдым. Маған ұзақ уақыт үнсіз жүруге болмайтын секілді. Шынымды айтсам, тұйықтық жараспайды екен. Екі-үш сағаттың айналысында шын мылқау боп қала жаздадым….

 

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

jasqazaq.kz

 

[:]