Журналист Мейрамбек Таубалдиев facebook парақшасына Алматы қаласында бір ер адамның жеделсаты ішінде батырмаларға қақырып-түкіріп тұрған видеосын жариялады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Алматы қаласы. «АЛАТАУ СИТИ» ТҮК. Мұндай екі аяқты «хайуанға» не деуге болады?! Қақырып, түкіріп кетті… Қатаң шара қолдануын талап етемін! Мына жағдай бүгін түсірілген. 17-үйдің жеделсатысы. Жазба ТҮК чатынан алынды» деп жазды ол, 23 наурызда.

Бейнебақылау камерасына түсіп қалған кадрден жеделсатыға орта жастағы ер адамның кіргенін көруге болады. Сол сәтте ол жөтеліп, батырмаға қарап түкіріп жібереді де, асықпай сыртқа шығып кетеді.

Оны көріп жиіркенген көпшілік «Масқара! Тәп-тәуір киінген азамат. Көршілер болып жабылып, желкесінен сүйретіп шығарып, жеделсатыны толық жуғызып, өз қалтасынан дезинфекциялауын талап ету керек», «Оңбаған! Жазалау керек! Видеомәлімдеме жасап, кешірім сұрасын! Қандай адам өзі?!», «Соттау керек! Осындай зейінсіз надандар ауруды таратуға мол үлес қосады!», «Ұят-ай, үлкен кісі екен», «Жақсылап тұрып айыппұл салу керек», «Мүмкін ауру таратушы болар, тергеу керек», «Мынадай нойыстарды үш айға карантинге қамау керек!» деп шуласты.

Қазір бұл видеоны қалалық Полиция департаменті зерттеп жатыр. Қасақана қарып-түкіріп кеткен сабаздың тиісті жауапкершілікке тартылатыны айтылды.

 

Рубрика: