АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Мақтааралда су басқан ауыл шенділері зардап шеккендерге жиналған ақшаны алмақ болған

[:kz]

Әлеуметтік желіде баспаналы болудың тиімді жолдарын ұсынып жүрген сарапшы, экономист, блогер Дәулет Мұқаев «Мақтааралға көмек» ұранымен әлеуметтік желіде оқырмандардан ақша жинады. Нәтижесінде, небәрі 24 сағатта 23 миллион 600 мың теңге есепшотқа түскен.

Azattyq Rýhy тілшісі Дәулет Мұқаевпен сұхбаттасып, қайырымдылықтан түскен қаржының қайда жұмсалатынын білген еді.

«Халық ақша жинауымды сұрады…»

Дәулет Мұқаев Instagram парақшасында түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып тұрады. Бұған дейін халықтан жиналған қаражатқа бірнеше отбасыға баспана алып берген. Оңтүстік өңірдегі бірнеше ауылды су басып, тұрғындар бас сауғалап кеткенде, қазақстандықтар маған қолқа салды дейді ол.

«Мен өзім Instagram-парақшам арқылы қайырымдылыққа ақша жинайтын болсам, 24 сағатта, яғни бір тәулік ішінде өткіземін. Шынымды айтсам, Мақтааралға көмектесемін деген ой мүлдем болған жоқ. Оқырмандар «Мақтааралға көмек көрсетейік деп едік, сіз ақша жинасаңызшы. Сізден басқа ешкімге сенбейміз», — деп қолқа салған соң ғана бұл істі қолға алдым. Ақша жинау кезінде блогерлердің реквизитін пайдаландым. Себебі, Kaspi bank бір адамның шотына тәулігіне 5 миллион теңге түсетіндей етіп лимит қойған. Менің шотыма небәрі 3 сағаттың ішінде 5 миллион теңге түсті. Кейін әйелімнің шотына ақша жинай бастадым. Көмек қолын созамын деген жұрттың көптігі сонша, екінші есепшотқа түскен ақша тағы да 5 миллионнан асып кетті. Содан соң өзім сенетін блогерлердің шотына ақша жинай бастадым. Осылайша, кешкі сағат 5-те басталған шара келесі күнге дейін жалғасып, нәтижесінде, 24 сағатта 23 миллион 600 мың теңге жиналды», — дейді ол.

Жиналған ақша жастардың білім алуына жұмсалады

«Біткен іске сыншы көп, піскен асқа жеуші көп». Көптің көмегімен жиналған қаражатты «Бізге бер», «Су астында қалған отбасыларға үй салып бер» деушілер болған. Дәулет Мұқаевқа қоңырау шалып, ақша сұраған шенеуніктер бар екен. Бірақ блогер олардың атын атамауды жөн көрді. Тіпті, ноутбук сыйлаймын дегенді естіп, Қытайдан арзан бағамен 150 ноутбук жеткізіп беремін деген пысықайлар да табылыпты.

«Бұл жерде қызық жағдай бар. Таңертеңнен бері бірнеше ауылдың басшылары хабарласты. Аттарын айтпай-ақ қояйын. Жұрт жинаған 23 миллионды миллиардтай көріп жатыр. 23 миллион теңгеге су басқан ауылдардың жыртығын жамау мүмкін емес. Соны халық түсінсе екен деймін. Сондықтан командамның мүшелерімен, оқырмандарыммен ақылдаса келе, «Қазақ білімді болсын, қазақ бай болсын, қазақ ғылымға ден қойса екен» деген ниетпен, жиналған ақшаны еліміздің болашағы жастардың білім алуына жұмсауды ұйғардым», — дейді Дәулет.

Креативті шешім – болашаққа инвестиция

Сонымен, жиналған қаражат мектеп бітіруші түлектер, соның ішінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын оқушыларға ноутбук алуға жұмсалады.

«Биыл Мақтаарал ауданында Ұлттық бірыңғай тестін тапсырайын деп отырған оқушы саны көп. Түлектер мектеп бітіруге дайындалып жатқанда пандемия болып, қашықтан оқыту басталды. Сөйтіп жүргенде ауылдарын су басты. Балалардың қазір оқуға қарайтын шамасы болмай жатыр. Мен жастар мойымасын, бұл да бір сынақ деген ниетпен, оларға қолдау білдіру мақсатында ноутбук алып беруді жөн көрдім. Бұл жерде жұртқа айтарым, біз таяз ойламай, терең ойлана білуіміз керек. Мен жастарға көмектессем – болашаққа инвестиция салып жатырмын деп есептеймін. Мысалы, су басқан Қасым Аманжолов мектебінде – 9 ғана бала, Ғабит Мүсірепов мектебінде – 11 бала, Жаңа тұрмыс ауылында Доспанова мектебінде – 13 оқушы ҰБТ тапсырады екен. Міне, сол түлектерге ноутбук алып беруді жоспарлап отырмын. Қала берді, осы ауылдарда тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетімдерге де ноутбук беремін. Шамамен, 150 оқушы болады деп есептеп отырмын. Мен ең креативті, дұрыс шешім қабылдағаныма сенімдімін», — дейді ол. 

Дәулеттің оқырмандары арасында жиналған қаражатқа азық-түлік алып беруді, үйсіз қалғандарға қаржылай көмек көрсетуді сұрағандар да болған.

«23 миллион теңге деген көп ақша емес. Әрі кетсе, 6-7 отбасыға үй алып беруге болады. Жаңалықтарды оқып отырмын. Жан-жақтан гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр. Қаржылай берейік дегендерге айтарым: жиналған ақшаны адам басына бөлсем, 880 теңгеден келеді екен. Сондықтан жастарға қолдау көрсеткен жөн. Сол жастардың оқып-тоқып, еліне қызмет етуіне мотивация бергім келеді», — дейді Дәулет Мұқаев.

Әлеуметтік желіде белсенді Дәулет Мұқаев карантин аяқталған соң Оңтүстік өңірге барып, түлектерге өз қолымен ноутбук тапсыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, жастарға өзінің «Бизнеске бағыт» кітабын сыйға тартады.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан

[:]