Әлеуметтік желіге лезде тарап, әр түрлі пікір тудырған суретке қатысты Мұхамеджан Тазабек өзі жауап берді.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды. 

Аталған суретте  белгілі әнші Мақпал Жүнісованың Мұхамеджан Тазабектің қолын ұстап иіліп тұрған сәтін көруге болады. Сурет “Мұхамеджан пір боп кеткен бе, неге үлкен кісі иіліп тұр” деген тақырыппен лезде тарап кетен еді. 

“Бүгін Мақпал жеңгемізбен бірге түскен суретіміз хит боп, талқыланып жатыр екен. Жауап жазуға енді мүмкіндік тауып жатырмын.

“Мұхамеджан пір боп кеткен бе, неге үлкен кісі иіліп тұр” немесе “ыңғайсыз сәтті тосыннан түсірген шығар” дегендей әртүрлі жорамалдар айтылып жатыр екен.

Бірден айтайын, “келіннің бетін кім ашса, сол ыстық” демей ме, Заманбек ағам мен Мақпал жеңгем үйленгенде бетін өзім ашқам, арнаумен дастарханды дүрілдетіп, Қазақтың Мақпалының тойын маздаған оттай лаулатқанбыз.

Алматының игі жақсылары куә боп, Фариза апаларымыз бата беріп, керемет кеш өткізгенбіз.

Ол күнгідей Заманбек ағамның ерекше қуанған, жүрегі жарыла шаттанғанын одан кейін көрген емеспін…

 

Содан бері, ардақты ағамның құрметі үшін, қайнылық қақымды құрметпен өтеп, асыл жеңгем көрген жерде ізет жасайды, ілтипатпен ерекше сәлемдесеміз.

Оның еш ерсілі жоқ деп ойлаймын. Қазақта қайны жеңгенің еркелігі жарасқан ерекше сыйластығы болған. Аллаға шүкір, сол жолдан, сол сыйластықтан жаңылған жеріміз жоқ. Дәстүрлі тәрбие көрген, қанша елге танымал алтын басты апа болса да, қазақи жолдан жаңылмай үлкенді де, кішіні де сыйлап жүрген, елдің еркесі – Мақпал жеңгеме Алланың нұры жаусын!

Заманының сұңқары Заманбек ағамыз айтысымды қатты қүрметтейтін еді. Мақпал жеңгеммен арнайы кеп, талай жыр додамызда тақым қысып, рух беріп отыратын. Тіптен, 1999 жылы Қарасайдың 400 жылдық мерейтойлық айтысында өз қолынан ақ волга мінгізіп, абыройымызды аспандатқан.

Талай төріне отырғызып, термемізді тыңдап, жырымызға жүрек жылытып, қазақ өнеріне қамқор боп жүруші еді.

Алла артында қалған Мерейінің бақытын ашсын!

Ардақты Мақпал жеңгеміздің шаңырағы қуанышқа тола берсін!”, – деп жазды Мұхамеджан Тазабек.

Рубрика: