3 жылға жуық сұхбат беруден бас тартқан Мақпал Исабекова ұзақ үзілістен соң өзіндегі жаңалықтарды айтты. Отбасы, анасы мен әкесі, шығармашылығы туралы сөз етті. Анасының ұлты ұйғыр екенін айтып оны ешкімнен жасырмайтынын жеткізді. 

Бұл туралы “Честно говоря” бағдарламасында айтылды деп хабарлайды  Stan.kz ақпарат агенттігі

Мақпал Исабекова біршама үзілістен соң қайта экранға шықты. Жаны тыныштықты қалаған әнші өзіндегі өзгерістерді айтты. Отбасы мен шығармашылығы, жеке ой-толғамдарын жеткізді. 

“Мен 3 жылдай уақыт сұхбат берген жоқпын. Сұхбат беруге келіспедім. Себебі, біріншіден, сұхбат бере қоятын ауқымды дұрыс бағдарламалар аз қазір. Екіншіден, өзімнің оған аңсарым болмады. Кейде өзіме сондай шектеулер қоямын. Тыныштықты қалаймын. Мен 17 жасымнан бастап өзімдегі өзгерістерді айтып келдім. Жаңалықтарды, отбасым туралы айттым. Енді тыныштық керек болды”, – деді әнші. 

Исабекова 30 жастан асқан шағында әкесін жақсы түсінген. Ата-анасына қарыздар екенін айтады.


“Мен әкемді өзім есейгенде түсіне бастадым. Ол алдымен адам. Екіншіден, ер азамат. Үшіншіден, күйеу. Төртіншіден, әке. Оның үстіне шығармашылық жан. Мен оны түсінбедім. Өкпем болды. Бірақ ол дұрыс емес екен. Анам екеуі бізге бәрін берді. Алматыдан туған жеріме қайтып барғанда анам өзінің ұйғыр екенін көпшілікке айтпай-ақ қоюын сұрады. Маған кедергісі тиіп кетпесін дегені ғой. “Не үшін айтпаймын, айтамын” дедім. Онда тұрған не бар? Анам ұйғыр ұлтының өкілі. Жаркентте ұйғырлар көп. Қазақтар да көп. Онда ешкім-ешкімді бөлмейді”, – деді Мақпал.

Исабекованың айтуынша, анасының ұйғыр болғаны үшін ешқандай кемсітушіліктерге ұрынбағанын айтады. Есесіне 4 жыл Мәскеуде оқығанда мұндай кедергілер болған екен.

“Мәскеуде оқып жүргенде ондай кемсітушілктер көп болды. Тіпті сол үшін курстастарыммен ұрысып қалған кездер болған. Ал елімізде ондай болған емес”, -деді ол. 

Мақпал Исабекова өзінің көзқарасын өзгертіп, қарапайым болуға тырысып жүргенін айтты. 

“Үндістанда жүргенімде жеп отырған тамағымнан пластмасса шықты. Алып тастай салдым. Аспаз тамақ қуырып жатқанда байқаусызда бірнәрсе түсіп кеткен шығар. Ол үшін шу шығарғым келмеді. Солай үйрене бастадым. Бәрін жеңіл қарау керек екен. Үндемей қоя салу керек. Мен солай өзімді тәрбиелеп жүрмін”, – деді әнші. 

Мақпал Исабекова әйгілі “Super star” жобасы арқылы елге танылған еді. Жобадан бірінші орын алмаса да, үлкен сахнаға жолдама алды. Алматы облысы Жаркент қаласының тумасы. Орыс, қазақ тілдерінде ән айтады. Ән қоржынында бірнеше хит әндері бар. Тұрмыс құрмаған. Өзіндік ерекше даусы, стилі мен тыңдарманы қалыптасқан.

Рубрика: