Жеңіл салмақтағы UFC чемпионы және промоушеннің ең үздік спортшысы Хабиб Нурмагомедов Instagram желісінде Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен түскен суретін жариялады деп хабарлайды zakon.kz. “Сізбен танысқаныма қуаныштымын. Сіздің елде өткен Eagle FC турнирін ұйымдастыруға көрсеткен көмегіңіз бен қолдауыңыз үшін көп рақмет. Біз мұнда келесі жылы турнир өткізу үшін келеміз”, – деп жазды ол өз жазбасында.

Айта кетейік, Хабиб Нурмагомедов қырғыз еліне 3 тамызда өз командасының спортшылары Зубайра Тухугов пен Имар Нурмагомедов және Усман Нурмагомедовпен бірге келген. Ол Eagle Fighting Championship (EFC 38) турниріне құрметті қонақ ретінде шақырылған. Сондай-ақ, UFC чемпионы Қырғызстанда өзін қалай қарсы алғанын көрсетті. Ол аталмыш сәттің видеосын Instagram парақшасында жариялады.

Видеода Садыр Жапаровтың ұлы Рустам мен ҰҚК басшысы Камчыбек Ташиевтің ұлы Тай-Мурасты көруге болады.

“Олар мені керемет күтіп алды. Мен олар туралы жақсы сөзден басқа айтарым жоқ”, – деп Нурмагомедов “24.kg” ақпараттық агенттігіне кездесуден алған әсерімен бөлісті. Еске сала кетсек, маусым айында Хабиб Нурмагомедов Қазақстанға келген болатын, нақтырақ айтсақ, Алматы қаласында қонақ болған еді

. 18 маусым күні Алматыда Eagle Fighting Championship аралас жекпе-жектен турнир өтті. Кештің басты кездесуі Шамиль Завуров пен бразилиялық Рикардо Тирлони арасында болды.

kaz.nur.kz

 

Рубрика: