08 декабря, 2016 Нет комментариев

КҮРІШТІ ӨҢІР ӨРКЕНДЕП КЕЛЕДІ

balkash-akimСонау Сарыесік құмдарынан басталып Балқаш көлімен шектесіп жатқан Алматы облысының Балқаш ауданы жері шөлді-шөлейтті, қысы қатты, жазы аптап болып келетін табиғаты қатал аймаққа орналасқан. Құрылғанына сексен жылдан астам уақыт болған аудан  өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасына дейін негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. 1966 жылы Ақдала массиві игеріліп, аудан күріш өсіруді қолға ала бастады. Бүгінгі таңда Балқаш ауданы күріш өсірумен айналысатын облыстағы жалғыз аудан. Бір кездердегі күріш өсірумен айналысқан ірі-ірі кеңшарлар бүгіндері шағын агрофирмаларға бірігіп, замана талабына сай шаруаларын дөңгелетіп отыр. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында шаруаларын шыр айналдырып жатқан күрішті өлкенің аудан әкімі Ғалым Қасымұлы ТОҚПЕЙСОВПЕН  сұхбаттасқан едік.

 

Ғалым Қасымұлы, Балқаш облыстағы аумағы ірі аудандардың бірі. Бірақ жерінің басым бөлігі шөлейт болын келетіндіктен игеруге жарамды жерлер аздау. Жергілікті халық жер телімдерін егістікке қалай пайдалануда?

– «100 нақты қадамда»  нақты айтылған мәселенің бірі ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану. Осы орайда ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу, Жер кодексіне және басқа да Заң актілеріне өзгерістер енгізу көзделген ғой. Ауданда биылғы жылы ауылшаруашылық мақсатында жер телімдерін пайдалануға беру туралы  конкурс өткізілді, соның қорытындысы бойынша 7808  гектар жерді құрайтын 31 жер телімі пайдалануға берілді. Қазіргі кезде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына конкурс өткізу арқылы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен беруді қарастыратын «Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда саттықты (конкурстарды, аукциондарды), оның ішінде электрондық түрде ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын беру туралы» ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы бұйрығына сәйкес, өзімізде толықтырулармен өзгерістер енгізілген  бұйрықтың жобасы әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуге жіберілді. Осы бұйрық қабылданғаннан кейін жер учаскесін бөлу сауда-саттық аукциондары арқылы берілуі мүмкін. Ауданда ауылшаруашылық және басқа жер телімдерін пайдаланбай немесе иесіз бос қалдырған шаруа қожалықтарының жер телімдерін түгендеу, олардың жер телімдерін қайтару жұмыстары жүргізіліп, бақылауға алынып отырады. Өткен жылы аудан бойынша тексеру кезінде 4334,5  гектар жердің пайдаланылмағандығы анықталды, оның ішінде 1646,5 гектар жер телімі қайта пайдалануға түскен. Осылайша 2234 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, 454 гектар жер теліміне Алматы облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы тарапынан 79280 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Ауылдық округтер әкімдіктеріне ҚР «Жер Кодексінің» 92 бабының 3 тармағының 31 тармақшасына сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскелеріне сараптама жасап, ауыл шаруашылық малдары тіркелмеген шаруа қожалықтары бойынша мәліметтер жиналды, сөйтіп бүгінгі күні пайдаланусыз қалған жер телімдерін қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы алғанда аудан көлемінде жер мәселесіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстар көңілден шығады.

Бүгінгі қоғамымызда сыбайлас  жемқорлыққа қарсы жаппай күрес жүріп жатыр. Ауданда осы жағымсыз әрекеттердің тамырына балта шабу, алдын алуға бағытталған қандай шаралар атқарылып жатыр?

–  «10 қадам» Ұлттық жоспардың 13 қадамына сәйкес жемқорлық қатеріне сараптама жасау жөнінде іс-шаралар жоспары және жемқорлыққа қатысты заң бұзушылықтың алдын алу мақсатында Жемқорлықпен күрес жөнінде жоспар жасап, бекіттік. Барлық мемлекеттік органдарда сенім телефондары орнатылып, бұқаралық ақпарат құралдарында сыбайлас жемқорлыққа  арналған айдарлар ашылған. Жергілікті « Балқаш өңірі» газетінде жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес жөнінде ұдайы мақалалар жарияланып тұрады. Жыл басынан бері бұл бағытта аудан әкімдігінің ұйымдастыру, мемлекеттік құқық бөлімі, ішкі саясат бөлімі және Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Алматы облысы бойынша департаментінің бірлесіп ұйымдастыруымен Бақанас ауылында мемлекеттік қызметкерлер, мекеме қызметкерлері арасында 5 семинар, 7 кездесулер өткізілді.

dsc_0933

– Сыбайлас жемқорлықты жоюдың алғышарттарының бірі ретінде кадрларды іріктеу, жаңаша дайындау мәселесі қаралған. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

–  Мемлекет басшысының  «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында кадр мәселесі туралы да нақты нұсқаулар бар. Ауданымызда 19 қадам бойынша нақты жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарлама біздің қоғамның бәсекеге қабылеттілігін арттырып, елімізді дамыған отыз мемлекеттің қатарына жетелейтіні анық. Елбасының маңызды құжатында әрбір  қазақстандықтың мүддесі қозғалған. Кәсіби мемлекет, қызмет, бизнес құрудың жолдары көрсетілген. Бізде осы маңызды құжаттың әрбір қадамы бойынша жеке-жеке бағдарлама жасалған. «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бағыты бойынша, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес мемлекеттік қызмет жүйесін құрудың мансаптық жоғарылату принципі енгізілген. Оның аясында бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің жеке іскерлік қасиеттері, сонымен қатар сатылық жоғарлату үшін төменгі дауазымдардағы тәжірибесі қолданылады. Мемлекеттік қызметке жаңа келгендер міндетті түрде сынақ мерзімінен өтеді. Жыл басынан төменгі лауазымдар үшін 11 мәрте жалпы байқау өткізілді. Қазіргі кезде 3 мемлекеттік қызметкер сынақ мерзімінен өтуде. Жоғары мемлекеттік лауазымға орналасу үшін 23 ішкі конкурс өткізіліп, 10 үміткер мемлекеттік қызметке қабылданды.  Мемлекеттік қызметкерлерді ұдайы үш жылда бір рет оқыту жоспары бекітілген. Осы кесте бойынша жыл басынан 17 мемлекеттік қызметкер білімін жетілдірді, жыл аяғына дейін 3 адамды оқыту жоспарланып отыр.

Ғалым Қасымұлы, Елбасы көтеріп отырған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясында еліміздегі мәдени өмірді өркендету жолдарына ерекше мән берілген. Осы орайда ауданның мәдени өмірі туралы не айтар едіңіз?

–  Тәуелсіз еліміздің тарихи-мәдени дәстүрін жаңғырту және дамыту шараларын жүзеге асыруға, өзінің бай мәдени мұрасымен және шығармашылық әлеуетімен Қазақстан Республикасының әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсатына жұмылдыратын «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын басшылыққа ала отырып аудан көлемінде бірнеше шараларды ұйымдастырдық. Еліміздің мәдени саясатының тұжырымдамасында көрсетілгендей, ауданымызда ұлттық мәдени мұраны танып, білудің тұтастай жүйелеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта аудан тұрғындарына мәдени қызмет көрсету міндеттерін орындау үшін ауданда 14 мәдениет үйі, 15 кітапхана, 1 аудандық тарихи-өлкетану музейі жұмыс істеуде. Мәдениет саласының аудандық мекемелері ұлттық мұраны, мәдени құндылықтарды сақтау ғана емес, оларды халыққа тарату, насихаттау бағытында жұмыс істеп жатыр. Аудандағы мәдениет үйлерінде 71 адам қызмет теді. Солардың арасында «Ақжүніс», «Халықтық» әжелер ансамбльдері, «Шырын», «Үлгілі» бишілер ансамбльдері, «Жұлдыз-ай» бишілер тобы ұжымдары өнерімен халықтың құрметіне бөленген. Елбасының «Ұлт жоспары-100 нақты қадамын» жүзеге асыру аясындағы аудандық кітапхананың негізгі басымдықтары тақырыбы бойынша семинар өткізілді.

 Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын Балқаш ауданы қандай табыстармен қарсы алғалы отыр, қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

–  Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын алға жылжыту мақсатында «Еңбек күні» мерекесін өткізу іс-шараларының жоспары бекітіліп, «Еңбек жолы» конкурсы ұйымдастырылды. Ауылдық округтер және мекеме, кәсіпорындардан қатысушылар іріктеліп, жеңімпаздар облыс деңгейіндегі конкурсқа үш номинация бойынша: «Үздік еңбек әулет» номинациясының жеңімпазы Бірлік ЖШС-ның механизаторлары, «Өндірістің үздік жас жұмыскері» номнациясының жеңімпазы Құйған ауылындағы «Рыбпром» ЖШС-ның балықшысы, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясының жеңімпазы Бақтораз Бейсекбаев атындағы орта мектептің бастауыш  сынып мұғалімі ұсынылды. Еңбек күні прототипімен баннер дайындалып, аудандық мәдениет үйіне орналастырылды. «Нұр Отан» партиясы Балқаш аудандық филиалының мәжіліс залында тамыз айының бірі күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен  бірге аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары және жұмыс іздеуші тұрғындар арасында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының бағыттары бойынша дөңгелек үстел өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы арқылы құрылған ақпараттық-насихат тобымен бірлесіп, тамыз айының бас шенінде Ақдала ауылының тұрғындары және «Өтес Ақдала» ЖШС-нің  жұмысшыларымен егіс алқабында, Бақбақты ауылы тұрғындарымен және «КИЗ-МТС», «Тұмар», «Алмер» ЖШС-нің жұмысшыларымен, тамыз айының орта шенінде Миялы ауылы тұрғындарымен «Динара Ранч» ЖШС-нің, «Динара» өнеркәсіп кешенінің жұмысшыларымен, Береке ауылы тұрғындарымен және «Тамшыбұлақ» ЖШС-ның мүшелерімен күріш алқабында кездесулер өткізіліп, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының бағыттары түсіндірілді. Сонымен қатар қыркүйек айында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімімен бірлесіп бос жұмыс орындары жәрменкесі ұйымдастырылды. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша жоспарланған 30 жұмыс орыны ашылып, толық орындалды. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша 46 азаматқа 108,0 миллион теңге несие беріліп, жоспарланған жұмыс толық орындалды.

Әңгімеңізге рахмет!

    Сұхбаттасқан Қайыржан ТӨРЕЖАН

Добавить комментарий

You must be logged in to post a comment.