Туалеттің бүйіріндегі боковушкадан бір орынды брондап, Семей қайдасың деп тартып тұрсын. Тарс-тұрс жабылған есік, дәретханадан ескен самал жел, бажылдаған, қорылдаған дауыстар түнімен тыным бермей , сатпақ-сатпақ терезенің аржағындағы айға мұңын шақсын))

Қазақстанның цифрлық даму министрі Бағдат Мусин өткен аптаның соңында Астана қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының біріне күтпеген жерден, ескертусіз барып тексеру жүргізген болатын. Нәтжесінде Мусин мырза өзіне тікелей бағынышты мекемеде небір былықтардың жүріп жатқанына көз жеткізіп қайтқан еді. 

Осыдан кейін кейбір қоғам белсенділері өзге де шенеуніктерге креслоларынан бір сәт арттарын көтеріп, Бағдат Мусин секілді тексеріс жүргізіп көруге кеңес беріп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мәселен, журналист әрі қоғам белсендісі Думан Бықай темір жол саласындағы былықтың көп екенін айтып, оны Сауат Мыңбаевтың өзі тексеріп шықса деген ұсыныс білдірген. Журналистің айтуынша, Мыңбаевты Қызылорда-Семей пойызына салып жіберу керек.  

«Әй-шәй жоқ ЦОН-ға кіріп барған Бағдат Мусин әлгі жердегі былық-шылықты көріп әрі түңіліп, әрі күйініпті. Халықтан кешірім сұрапты.

Осы қарқынды жоғалтпай Сауат Мыңбаевты Қызылорда-Семей пойызына ма салып жіберу керек. Туалеттің бүйіріндегі боковушкадан бір орынды брондап, Семей қайдасың деп тартып тұрсын. 

Қорғастан артынып-тартынып қайтқан саудагерлердің зілдей сөмкелерін көтеріссін.
Тарс-тұрс жабылған есік, дәретханадан ескен самал жел, бажылдаған, қорылдаған дауыстар түнімен тыным бермей , сатпақ-сатпақ терезенің аржағындағы айға мұңын шақсын))
Темір унитаздан аяғы тая жаздап, осы отыз жылда вагон ауыстыруға жарамаған ҚТЖ-ға қынжылсын. 

Семейге жеткесін жолсоқты боп тағы екі-үш күн жатсын. Есі кіргеннен кейін қайтадан Қызылордаға қоя беру керек. Бәлкім сол кезде Сауат та кешірім сұрар.

Айтпақшы, кесе толы қайнақ суды біреу-міреудің басына төңкеріп алмай отырған орныңа аман-есен әкелудің өзі үлкен шеберлік, Сәуеке», – деп жазған ол өзінің facebook парақшасында. 
 

 

Рубрика: