АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]ҚР Жоғары сотының назарына! Сайрагүлдің тағдыры өзіміздің қолымызда тұр… [:]

[:kz]

Бір жылдан бері қазақ әлемін толғандырып жатқан өте өзекті тақырып — Қытайдағы ағайындардың ауыр хәлі болып тұр. Бұл ту-ралы қазақ елі түгіл бүкіл әлем тегіс құлақтанып болса да, әлемдік БАҚ-тар ашына жазса да шығыстағы көршіміз айылын жияр емес. ХХ ғасырдың басындағы Алаш басына туған ауыр күндердің тақсыретін әбден тартқан ағайындар «орыс — темір ноқта, қытай — қайыс ноқта» деген тәмсіл қалдырғаны белгілі. Сонан бері ғасыр аунап, дүние дидары сан өзгерсе де, қазақтың тағдыры тұғырға толық қонбай тұр. Шетелде жүрген 5 миллион қазақ Атажұрты Қазақстанға жиналып, көк тудың сабын сығымдап ұстамайынша, Алаштың жоғы түгелденді деп айтудың өзі астамшылық болар еді. Алла тағала Алаш баласын ол күнге де жеткізер! Әзірге басты уайым арғы беттегі ағайынның басындағы мүшкіл жағдайдың тезірек оңалғаны дер едік. Заманы түзеліп, көн болып қатып бара жатқан қайыс ноқта шамалы жібісе, арғымақ мінезді ағайын, қос құлағын қайшылап тастап, Арқаны бетке алып, желдей есер ме деген үміт те жоқ емес. Бұл тәтті арман Алла қолдап жүзеге асса құба-құп…

Сол тағдыры қақпақылға түсіп жатқан қара ормандай қалың қытайдың арасынан темір торды бұзып өтіп, Сайрагүл Сауытбай есімді қызымыз елге келгелі де бірер айдың көлемі болып қалды. Көзі қарақты ағайын бұл жаңалықтан да қағыс қалған жоқ. Әсіресе, «ЕлАна» мен «Қазақстан Zaman» сайтының оқырмандары «көптің тілегін жеткізіп жүрген ЕлАнасысыз, осы жайтты да жазсаңызшы», — деген өтініштерін жерге қалдыра алмай әрі аналық парызын санап, араша сұрап, қалам тарттым. «Еліме жетіп жығылайын, отбасымды көріп қалайын, қамалсам қазақтың қапасына қамалайын», — деп келген сол қызымыз қазір Жетісу жерінде, абақтыда отыр. Жаны қысылғанда айтқан «алаштың абақтысы» жас анаға қаншалықты мекен болары да белгісіз. Яғни соттың соңғы шешімі шыққан жоқ. Көңіл күпті, жүрек қобалжулы. Жуықтан бері «денсаулығы сыр беріп емханаға түсті» деген хабарлар да таралып жатыр. Сайрагүлге Алла амандық берсін деп тілейміз! Сол қыздың тағдырын шешетін соттың да болатын мезгілі таяған сайын аналық жүрегім атқалақтай береді. «Әділ соттар қандай шешім шығарар екен?» — деген сұрақ дәл қазір күллі қазақты толғандырып тұр десем артық болмас.

Осы кезге дейін ел ішінде алып-қашпа дақпырттар желдей есіп кетті. Алдын ала болжам жасап, өз бетінше шешім шығара салудан алдына жан салмайтын ағайындардың кейбіреуі «Қазақстанның құзырлы органдары Сайрагүлді Қытайға қайта береді екен…» десе, екіншілері «жоқ, босатады екен», — деп анау «пәруайсызды» теріске шығарып жатыр. Көпшіліктің қаупінің де жаны бар.

Кейде біздің билеріміздің билігінің де пәтуасы болмай кететін тұстары жиі кездеседі. Аузы күйген ағайын осы жағын пайымға алып тұрса керек… Енді мен де осы тұсқа келгенде толғанып отырмын. Жасыратыны жоқ, заңның нормалары біреу болғанымен атқарылуы әртүрлі болатын жағдайларды жоққа шығара алмаймыз.

Тіпті өзгеге келгенде кешірімшіл, түсіністік танытқыш қазақ билігі, қазаққа келгенде, қазақтың мүддесіне келгенде азу тістері ақшиып, көздері ештеңені көрмей кететінін қайтерсіз? Мен осыдан қорқамын. Егер, сондай бір қатал шешім шығып жатса, онда күллі қазақтың бетіне шіркеу болар еді. Соттар осы жағын естен шығармаса дейміз. Қазіргі таңда шекараның арғы жағында «ашық аспан астындағы абақтыда» отырған 3 миллион қазақ ата мекенге қарап көздері жәутеңдеп отырғанын сезіп отырмыз.

Олар Елбасынан, қазақ билігінен үлкен үміт күтіп отыр. Әлемде аса жоғары беделге ие «Қазақтың патшасы» Нұрсұлтан Назарбаевтың, ресми Бейжіңге ықпал еткенін де аңсап отыр. Халықаралық дипломатия мен саяси арбасулардың сіз бен біз ойлағандай жеп-жеңіл еместігі тағы бар. Мұның барлығын алдағы күннің еншісіне қалдыра тұрсақ та, мынау қыздың тағдыры өз қолымызда тұр. Елдігіміз көрінетін кез келді! Ол қанша жерден шекара бұзып келсе де, азаттық аңсап, басының амандығы үшін, отбасы үшін, адами бостандығы үшін осы тәуекелге барғанын ескерген жөн болар дейміз.

Бұған қоса халықаралық адам құқықтары концепциясына мүше ел ретінде біз саяси еркіндік аңсаған, қауіп-қатерден аман қалуды көксеген кез келген адам баласына көмек беруге міндеттіміз де.

Бұл тұрғыдан да судиялардың адам құқықтары туралы халықаралық тәжрибелерді негізге алғаны артық болмас дейміз. Қысқасы Сайрагүл Сауытбайқызының тағдыры, қазақтың қолында тұр.

Өз қолыңды өзің кессең ақылыңның бүтіндігі де күмән тузғызатыны сөзсіз. Ендеше қалың ел ел болып, іргелі мемлекет ретінде осы мәселеге оң шешім шығарсақ жөн болар еді. Әрі бүкіл қоғам, халқымыз осы тақырыпқа назар аударса екен деймін. Сонда ғана Сайрагүліміз бостандыққа шығып, қасиетті қазақ жерін еркін басып жүреді деп сенемін!
Құрметпен,
Сәуле Мешітбайқызы,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

elana.kz

 

 

[:]