Әлеуметтік желіде өзін таныс жігіттің ұрғанын айтқан бойжеткеннің үндеуі пайда болды. Қостанайлық арудың сөзінше, оған өз танысы жыныстық сипаттағы қорлық көрсетпек болған. Артынша айтқанына көне қоймаған қызға қол жұмсаған, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Қостанай тұрғынының видеосын “НеМолчиKZ” қоғамдық қорының өкілі Дина Таңсәрі өз Facebook парақшасында бөлісті. Видеода көзінің асты көгерген бойжеткен танысынан көрген қорлығын жасырмай айтқан.

 “Менің атым – Лаура. 10 мамыр күні құрбыма бардым. Онда арамызда ешқандай байланыс жоқ танысым да болды. Ол маған тиісіп, интимді жерлерімнен ұстай бастады. Мен бас тартқаныммен, ол бұл әрекетін дөрекі түрде жалғастыра берді. Екінші рет тойтарыс бергенде, ол менің бетімнен ұрды. Мен оны қылмыс жасады деп есептеймін. Ол заң алдында жауап беруі тиіс”, – дейді ол. 

Дина Таңсәрі күдікті азаматтың аты-жөнін атап, Қостанай полициясынан шара қолдануды талап етті. Ал бүгін бойжеткенге сексуалдық сипатта қорлық көрсеткен азаматқа қатысты іс қозғалғаны белгілі болды.

ҚазАқпарат хабарлауынша, қазір полиция осы факті бойынша ҚР ҚК 121-бабымен (“Жыныстық сипаттағы күш қолдану әрекеттері”) сотқа дейінгі тергеуді бастаған.

 “Сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның нәтижесі бойынша алған дене жарақаттарының ауырлық дәрежесі анықталады. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілде, олар аяқталғаннан кейін түпкілікті іс жүргізу шешімі қабылданады. Сонымен қатар, аталған оқиғаның қатысушылары ТЖ режимін бұзуғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Қылмыстық істі тергеу Қостанай облысы полиция департаменті тергеу басқармасына жүктелді”, – делінген полицияның ақпаратында.

 

Рубрика: