17 января, 2020 Comments Off on Көріпкел көресіні көрсетті: Алматы облысының тұрғыны емшіге барып, алданып қалған

Көріпкел көресіні көрсетті: Алматы облысының тұрғыны емшіге барып, алданып қалған

Алматы облысының тұрғыны Күләй Тоқмолдаева Талғар ауданындағы танымал емші ем салудың орнына, қалтаға қол салып жүргенін айтады. Ол көріпкелге 22 мың доллар беріп, алданып қалғанын айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Астарлы ақиқат» бағдарламасына сілтеме жасап. 

Күләй ханым, емшіге ауырып жүрген анасына ем іздеп барған. Алайда, алданып қалдым дейді. 

«Бауыржанды біз бұрын «көріпкел, емші барлығын емдеп жүрген» деп танитынбыз. Содан кейін Бауыржанды іздестірдік. Сөйтсек, ол Талғар ауданында Қызыл Қайраттағы әпкесінің үйінде екен. Бірақ анамды емдемеді. Молдаға бар деді. Бірақ сол жерде «мен жер сатамын» деді. Ол көріпкел, менен ақша шығатынын да ол білген. Бір барғаннан маған ешқандай тыныштық бермеді. Түнгі сағат үште «Маған ақша берсең, мен сені жерсіз, үйсіз қалдырмаймын» деп қоймады. Мен негізі көп ойландым. Ол көріпкелділікке салып менен ақша алды. Мен пәтерде тұрып жатырмын, несие алудан қорқатын адам болғанмын», – дейді әйел.

Ұлының айтуынша, Бауыржан берген жердің құны бағасына татымайды. Ал Күләй сол ақшаны тірнектеп жүріп адал еңбегімен жинағанын айтып отыр. 
«Біз жер алғалы бері он жылдан асты. 22 мың доллар таза Жүнісов Бауыржан Несіпбекұлының қолына берілді. Мен ол кезде он төрт жастамын. Жерге жеті мың доллар, времянкаға сегіз мың доллар. Бірақ оның салған времянкасы екі мың долларға да шықпайды», – дейді ұлы Дәулет Бектұрсын.

Бұл мәселеге дін маманы көріпкелді жынмен тікелей айналысатын адам деп түсіндірді. Ал Бауыржан Жүнісов өзін емші деп санамайтынын айтады. Өйткені ол Көк базарда арба сүйреген жұмысшы болған екен. 

«Емші дегенді халық өзі қойып алған шығар. Ал өзімді емші деп айтпаймын. Көріпкелмін деп те айтпаймын. Бірақ алдыма келген балаларға Құран арқылы дем салатыным рас. Бұл кісі маған ауырып келген жоқ. «Жұмысымыз жүрмей жатыр» деп келді. Бұл кісі менің кіші әкемнің әйелінің туған сіңлілері. 22 мың долларға үйін де, жерін де алды. Бірақ времянканы қаншаға салғанымды ұмытып қалдым. Мен Көкбазарда арба сүйрегенмін. Әпкемнің қыздары талма ауруымен ауырды. Емшіге барғанда «Сенің кенже інің намаз оқымаса екі қыз жазылады, егер оқымаса жазылмайды» деп айтқан. Бірақ мен намаз оқымадым. Кейіннен емшінің айтқанын орындадым», – дейді Бауыржан Жүнісов.

Оның айтуынша, жерді жалғыз Күләй ханымға емес, 22 адамға сатқан. Бірақ емшіні де бәз біреулер алдап кетіпті. Ал жердің иесі ол мекенге үй салуға болмайтынын, тек ауылшаруашылық үшін екенін айтқан. Дегенмен Күләй ханым алған жерінің әлі де құжатын ала алмай жүр. 

Загрузка...

Комментирование закрыто.