АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қордайдағы қақтығыс: қырғыз еліне өтіп кеткен 8 мың адам қайтып келді[:]

[:kz]

Жамбыл облысының әкімі өртенген үйлердің, дүкендердің құрылыстарын салған кезде жергілікті құрылыс компаниясы тартылатындығын баса айтты.

Қордай оқиғасы кезінде көрші Қырғыз еліне өтіп кеткен 8 мың адам қайтып келді. Бұл туралы Үкімет отырысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда комиссия өртенген үйлерді, сауда нысандарын жергілікті халықтың көмегімен қосымша тексеріп жатырмыз. Осы бір-екі күнде олардың нақты санын, одан кейін қандай көмек керегін айтамыз, ұсыныс жасаймыз. Біз осы үш күнде барлық 5 елді мекенде халықпен кездестік. Оларға қандай қолдау болатынын түсіндірдік. Жалпы халық бәрін дұрыс түсініп отыр», — деді өңір басшысы. 

Сонымен қатар, ол келешекте осындай жағдайлар қайталанбас үшін кеше елді мекендердің белсенді, абыройлы азаматтарымен кездесіп, тағы да сөйлескендерін атап өтті. 

«Өздеріңіз баспасөзден білесіздер, соңғы 3 күнде көптеген азамат көрші Қырғызстан еліне өтіп кетті. Осы екі күннің ішінде 8 мыңға жуық азамат қайтарылды. Кешеден бастап барлық мектеп, балабақша бұрынғыдай өз жұмысын жасап жатыр. Сауда дүкендері де жұмысын бастады»,- деді Бердібек Сапарбаев. 

Жамбыл облысының әкімі өртенген үйлердің, дүкендердің құрылыстарын салған кезде жергілікті құрылыс компаниясы тартылатындығын баса айтты. 

«Жергілікті тұрғындарды да тартамыз. Сонымен қатар сол елді мекендерден шыққан кәсіпкерлермен жұмыс істеп жатырмыз. Олар өздері де көмектерін ұсынуда. Жалпы, барлық мәселе бақылауда, қалпына келеді деп ойлаймыз. Әрине, кемшліктер де бар. Оны алдағы уақытта жөндейміз», — деді ол. 

Өз кезегінде, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин үкіметтік комиссия жұмысын жалғастыруды тапсырды. 

«Үкімет тарапынан қажетті көмек көрсетілетін болады», — деді Үкімет басшысы.

Skifnews.kz 

[:]