АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қордай оқиғасына бір жыл: ауылдың қазіргі жағдайы қалай? (ВИДЕО)[:]

[:kz]

 

 

Өткен жылы барша жұртты алаңдатқан Қордай оқиғасына бір жыл болды. Осы уақытта не өзгерді? Зардап шеккен ауылдар қалай өмір сүріп жатыр? Sputnik Қазақстан тілшісі Масаншы, Сортөбе, Қаракемер ауылдарына барып, халықтың бүгінгі тұрмыс-тіршілігін көріп қайтты   

Аудан орталығы Қордайдан Масаншы ауылына жеңіл көлікпен 45 минутта жеттік. Жол тегіс. Ауылға жетпей бірлі-жарым дүкен мен осыдан бірнеше жыл бұрын құрылысы біткен жылыжай бірден көзге түседі.

Көлік тізгініндегі жергілікті тұрғын ауданда қысы-жасы жасыл желек, көкөністен тапшылық жоқ екенін айтты. Бұл жақта халық егіншілік пен мал шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Бір ауыл тегіс егін басында жүрсе, енді бірі мал өсіріп күнелтуде.

Дүнгендер қоныстанған Масаншы ауылы мен қазақтар тұратын Қаракемер ауылын бір көпір ғана бөліп тұр. Масаншыда бір жыл бұрынғы қақтығыс кезінде отқа оранған үйлер қазір жөнделген. Мемлекет қаржысына баспанасын қалпына келтіргендердің бірі — Юсуф Пароф.

«Қазір үйімізде тұрып жатырмыз. Тек сыртын жөндеу ғана қалды. Ал көршіміз жаңа үй салды. Оның баспанасы толық өртеніп кеткен еді. Ал мен отқа оранған үйдің жартысын сөндіріп үлгердім», — деп әңгімеледі Юсуф қария.

Ол көпірдің арғы жағындағы көршілеріне өкпесі жоқ екенін айтты. Дүнген ауылын қиратқан олар емес, арандатушылардың шақыруымен келген басқа ауылдың тұрғындары, дейді ол.

«Осы жерде туып-өстім. Көзімді ашқалы осы ауылда тұрамын. Қазақ достарым бар, қазірге дейін жақсы араласамыз. Әскерде де қазақтардың арасында болдым. Бір-бірімізге қонаққа барып тұрамыз. «Үйге кел» деген бір ауыз сөзі жеткілікті.  Дүнгендер үшін көктем бақыт, молшылық кезеңі. Бізге жер мен сауда жасайтын орын болса, сол жетеді», — дейді Пароф.

Үйінің жартысын қайта тұрғызған Масаншы тұрғынының екі немересі де қазақ мектебіне барады. Өзі де шама-шарқы жеткенше қазақ тілінде сәлемдесіп, жағдай сұрады. Тілшілердің келіп, сұқбат алғанына үйреген Юсуф Пароф өзекті мәселені де көтерді. Айтуынша, үйінде Қазақстан телеарналары көрсетілмейді, тек қырғыз жаңалықтарын көруге мәжбүр.

«Теледидардан қазақ тілінде ақпарат тарататын арналарды қоса алмай отырмыз. Антенаны ары-бері бұрап көрдім, көрсетпейді. Амалсыздан қырғыз жаңалықтарын тыңдаймыз. «Қазақстан», «Хабар» секілді арналар мүлде көрсетпейді. Осы мәселені шешу керек», — деді ол.

Ауылдың орталығы дүкенге толы, әрі-бері қозғалыс жанданған. Ғимараттың бәрі жаңарып, саудагерлер кәсібі жүріп тұр. Орталық көшеде дәмханалар қайта салынып, одан бөлек гүлзар мен футбол алаңы да халық игілігіне берілген. Көшенің бәрі жарықтандырылған.

«Сол оқиғаға бір жыл болды. Әрине, еске алудың өзі ауыр. Бір жыл ішінде үлкен істер атқарылды. Мемлекеттің қолдауымен коммерциялық нысандар мен тұрғын үйлердің бәрін қалпына келтірдік. Ауылда бір жылда көп өзгеріс болды. Кез келген дүкенге кірсеңіз, қыздар мен әйелдер жұмыс істеп жатыр. Себебі олар тыныштық пен татулықты сезінді. Бәрінің ұмытылып жатқаны байқалады, келешекте бейбітшілік пен келісімде өмір сүреміз деп ойлаймын», — деді Масаншы ауылдық округінің әкімі Рамазан Малиев.

Бір жыл бұрын тәртіпсіздік кезінде бірнеше дүкені отқа оранған Рабия Джинлирова мемлекеттен қомақты өтемақы алып, сауда нысандарын қайта салды.

«Сол оқиға болған күннің ертеңіне келгенімде бұл жерде жанған нысанның қаңқасынан басқа ештеңе болған жоқ. Есік-терезе, шатыры да жоқ болды. Ішіндегі тауардың бәрі жанып кетті. Бағалаушылар келіп, шығынды есептеді. Екі кішкентай дүкен үшін 3,5 миллион теңге, ал асхана мен бір дүкен үшін 6 миллион теңге берді», — деді Джинлирова.

Бұрынғы аяқ киімі дүкені орнына қазір құрылыс заттары сатылады. Ал асханасы жөндеуден өтіп, қайта жұмыс істеп тұр. 

Масаншы ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Дыдыр Двумаров көктем келсе, дүнгендердің егіс алқабында жұмыс істейтінін айтты. Халық қыс түскенше сол жерде тіршілік етеді.

«Сол трагедиядан кейін тұрғындардың көңілінде қандай да бір кірбің қалды. Ол тарихта қалатын оқиға, оны ұмыту үшін уақыт керек. Адамдар мемлекеттің қандай көмек көрсетіп жатқанын көріп отыр. Ауыл қалпына келтірілді. Елдің қалыпты тіршілігі жалғасып жатыр. Жуырда егістіктегі жұмыс басталады», — деді ол.

Біраз уақыттан бері назардан тыс қалған Қаракемер ауылында да өзгерістер бар. Бұл өңірде тек қазақтар тұрады. Мұғалім, дәрігер, полицейлер, көпбалалы отбасы мен мемлекеттік бағдарлама арқылы ауылға келгендерге арнап 20 пәтер салынды. Жол жөнделіп, ауыл толық газға қосылды.

«Мен 73-ке келдім. Бұған дейін мұндай құрылысты өмірімде көрген жоқпын. Күні-түні жұмыс істеді», — деді ауыл ақсақалы Ерғазы Бозшаев.

Дүнгендермен қоңсы отырған ауыл тұрғындары екі жақтың қалай татуласқанын айтып берді.

«Сортөбе, Масаншы ауылының ақсақалдары асқа шақырып, кешірім сұрады. Біз де оларды шақырып, татуластық. Болары болды, бәріміз бір-бірімізді кешірейік деп өздері айтты. Бізге ынтымақ керек», — деді Бозшаев.

Бұл ауылдың негізгі күнкөрісі – мал шаруашылығы. Себебі ауыл таудың етегінде орналасқан. Егін егуге аса қатты қолайлы емес. Ауылдағылар малды бордақылап, қалаларға ет жібереді. Соған байланысты екі ауылдың арасында кәсіпке қатысты бәсекелестік жоқ. Көкөністің бір бөлігін тұрғындар Масаншыдан сатып алады.

«Екі жақтың ақсақалдары да, жастары да бір-біріне қонаққа барып тұрады. Бірақ бір кемшін тұсы бар. Олар Қазақстанда тұрғандықтан қазақ тілін білуі керек. Оларды біз жақсылап оқытуымыз керек. Олар да мойындап, балаларын қазақ мектепке береміз деп отыр», — деді ол.

Екі ауыл біраз жылдан бері құдалас та болып отыр. Дүнгеннен қыз алып, айрандай ұйып отырған отбасылар бар. Ауыл ақсақалдары бұл үрдістің әрі қарай да жалғасатынына сенімді.

Дүнгендер тұратын ауылдардың тұрғындары мемлекеттік тілді білудің тиімді тұсы көп екенін біледі. Сол себепті балаларын қазақ мектепке беріп жатыр.

«Жастар әрі қарай өмір сүріп, жаңа қоғам құрады. Сондай кезде қазақ тілін білу, отанға деген патриоттық сезімнің болуы маңызды. Мемлекеттік тілсіз өзімізге қажет дүниеге қол жеткізе алмаймыз», — дейді Масаншы ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Дыдыр Двумаров.

Айтуынша, қазақ тілін жетік білмесе де, сөздік қолданып дайындалады. Себебі ардагерлер кеңесінің төрағасы болған соң көпшілік жерде сөз береді. Сондай сәтте қазақ тілінде сөйлеуі қажет.

Мектептерде де қазақ тілінде білім алушылар саны артқан. Мысалы, Масаншы ауылында үш мектептің біреуі қазақ тілінде білім береді. Ал ол жерде 900-ден астам дүнген бала оқып жатыр.

Ал мұның бәрі балабақша қабырғасынан басталады.

«Көптеген ата-ана баласын қазақ тілінде оқытатын мектеп пен балабақшаларға берді. Менің балабақшам бар. Бізде өткен жылы орыс тілінде оқытатын жеті топ және қазақ тілінде оқытатын бес топ болса, 2020-2021 оқу жылында қазақ тілінде оқытатын сегіз, орыс тілінде төрт топ ашылды. Бұл ата-ананың қалауы», — дейді Жамбыл облысы «Вынхуа» дүнген мәдени орталығының жетекшісі Айша Идыбо.

Тіл мәселесі дінге де әсер етті.

Бұған дейін мешіттерде ұлтына қарап, әркім өз тілінде уағыз айтқан. Дүнгендер қоныстанған жақтағы мешіттер дүнген тілінде, қазақтар тұратын ауылда қазақ тілінде уағыз-насихат жүргізілген. Алайда енді имамдарға мемлекеттік тілді білу міндеттеліп отыр.

«Бұған дейін мұндай нәрсе жоқ болатын. Кейін бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен имамдық болсын, жалпы діни қызметкер, молда, азаншы болған кез келген адам мемлекеттік тілді білуі шарт болып қосылды», — деді Қордай ауданының бас имамы Асқар Сатылғанов.

Қордай ауданы бойынша 62 мешіт бар. Ол жерде 87 діни қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 58-і өзге ұлт өкілі. Барлығы қазақ тілін үйреніп жатыр.

«Сортөбе, Масаншы, Ауқатты ауылындағы имамдар қазақ тілін үйрену курстарында оқып жатыр. Масаншы ауылындағы 12 имам бірінші кезең қорытындысы бойынша сертификатын алып, курсты әрі қарай жалғастыруда. Алдағы уақытта қазақ тілінде уағыз айтады деген үлкен сенім бар. Келешекте имамдардан қазақша уағыз айтуды талап ететін боламыз», — деді ауданның бас имамы.

Айтуынша, қазірдің өзінде 5-10 минут қазақ тілінде уағыз айта алатын имамдар бар. Алайда карантин кезінде уағыз-насихат жүріп жатқан жоқ. Осы тұста тілді меңгерудің оңай емес екені ескерілген. Соған байланысты келешекте 5 минут қазақша, 5 минут орысша, 5 минут дүнген тілінде уағыз айтылады. Жарты жылдан кейін бұл уақыт 10 минутқа, бір жылдан кейін 15 минутқа ұлғаяды.

Қордайдағы оқиғадан кейін шенеуніктер мәселенің түп-төркіні әлеуметтік мәселелерде жатқанына назар аударды. Бүлінген нысандарды қалпына келтірген соң сол мәселені шешуге дендеп кірісті.

Небәрі бір жыл ішінде бөлінген қаражаттың арқасында Қордай ауданы халқының тұрмысы мен жағдайы жақсарды. Ауылдар толық газ, ауыз сумен қамтамасыз етілді. Қаншама жылдан бері арман болған асфальт төселді. Ірі елді мекендерде ғана емес, алыстағы ауылдарда бір жылда төрт спорт кешені бой көтерді.

«Бұрын спорт кешендері тек аудан орталықтарында ғана салынса, биыл Қордай ауданында ауылдық елді мекендерде төрт спорт кешені салынды. Яғни, бұл – ойын залы, күрес кілемі, олимпиадалық стандартты ринг, сондай-ақ тренажер залы», — деп нақтылады Қордай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаев.

Оның сөзінше, 2020 жылы облыстық бюджеттен 57 миллион теңге бөлініп, өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған ауылдың кіреберісіне бейнебақылау камералары орнатылды.

«Қауіпсіздікті және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін алты елді мекенге 23 бейнебақылау орнатылды. Ол қоғамдағы жағдайды бақылауға, ұрлық-қарлық, қылмысты ашуға көмектеседі. Камералар қазірдің өзінде нәтиже көрсетіп отыр. Қылмыстың, жол-көлік оқиғасының саны айтарлықтай азайды», — дейді Орынбаев.

Бұл бастама ауданға қарайтын басқа да ауылдарда жалғасады. 2021 жылы 100 миллион теңгеге 43 бейнебақылау камерасы қойылмақ.

 

 

 

[:]