29 июня, 2013 Comments Off on Қолжетімді баспана құрылысы қарқын алды

Қолжетімді баспана құрылысы қарқын алды

Жилье«Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасын іске асыру барысында Қарағанды облысында 2013 жылдың 1 тоқсанында 97,6 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, жоспар 103,5%-ға орындалған. Бұл туралы облыс әкімі Бауыржан Әбдішевтің төрағалығымен өткен отырыста мәлім болды. Онда кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мәселесі және «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысы қаралды.Бірінші мәселе бойынша ішкі істер департаментінің басшысы Мергенбай Жаппаров баяндама жасады. Ол өз сөзінде бүгінгі күні аймақтың ішкі істер органдарының тіркеуінде 2200 кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің тұрғандығын айтып өтті. Олардың арасындағы қылмыстың алдын алу, болдырмау мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін қатыстыра отырып, тұрақты түрде арнайы шұғыл-профилактикалық шаралар өткізіліп тұрады. Жыл басынан бері ІІБ 3,5 мыңнан аса жасөспірімдер тергеуде өткен, оның ішінде 232 – қылмыс жасағаны үшін, ал 2,5 мыңнан аса бала әкімшілік құқық бұзушылықтары үшін тергелді. 500-ден аса ата-ана бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды,ішкі істер органдарының материалдары бойынша ата-ана құқығынан айыру туралы 70-тен аса сот шешімі шығарылды.Жасөспірімдер ортасында қылмыстық ахуалды тұрақтандыру мақсатында ішкі істер департаменті қосымша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жүзеге асыра бастады. Оның ішінде тәулік бойы келіп түсіп жататын шұғыл мәліметтер бойынша тіркелетін кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерді ерекше бақылауға алу көзделеді. Сондай-ақ жазғы демалыс кезінде жасөспірімдерді қала сыртындағы және мектеп жанындағы сауықтыру лагерлеріне, аула клубтарына, секциялар мен үйірмелерге кеңінен тарту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.Аталмыш мәселе бойынша облыстық білім беру басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев пен облыс әкімінің орынбасары Бейсембай Жұмабековтер сөз сөйледі.Талқылауды қорытындылаған Бауыржан Әбдішев жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық мүдделі мекемелердің жұмыла жүзеге асыратын ортақ ісі екендігін атап айтты. Жұмысты тек балалармен ғана емес, ата-аналардың арасында да белсенді жүргізу керек. Ол сондай-ақ жастар арасындағы қылмыстың алдын алу жұмыстарының жаңа әдіс-тәсілдерін әзірлеуді тапсырды.Осыдан кейін «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» мәселесі жөнінде облыс құрылыс басқармасының басшысы Самат Мырзатаев баяндама жасады.Оның ақпараты бойынша ағымдағы жылдың 5 айы бойынша барлық қаржы көздерінен тұрғын үй құрылысына 6 млрд. 681 млн. теңге бөлінген көрінеді. 143,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (1221 пәтер). Бұл ретте жеке тұрғын үй үлесі 53%,  коммерциялық - 24%, мемлекеттік сектор  23% құрайды.Аталмыш мәселені талқылау барысында облыс әкімі тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысында жол берілген бірқатар кемшіліктерді тілге тиек етті. Дәлірек айтқанда, жеке меншік нысандардағы жұмыстарға тиісті бақылау жүргізілмейді. Құрылыс жұмыстары басталғанда мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына хабарланбайды, сондай-ақ нысандардың сыртқы келбеті бастапқыда жоспарланған жобадан ауытқып кетіп жататыны тағы бар. Құрылыс жұмыстарын жүргізу мәдениеті сақталмайды, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жерлерде арнайы белгілер қойылмайды, қоршау, жарықтандыру мәселелері де ешбір сын көтермейді.Бауыржан Түйтеұлы әсіресе жобаны таңдап ала білу, болмай бара жатса түзетулер енгізу жұмыстары мүлде ескерілметінін сынға алды. «Мәселен, Бұқар жырау ауданында пешпен жылытылатын төрт үйдің құрылысы салынып жатыр. Жиырма бірінші ғасырда пешпен үй жылыту дегенді қалай түсінуге болады. Бұл сонда  қай ғасырдағы үй жобасы?! Әлгі төрт үйдегі пештердің орнына ортақ бір қазандық салуды ойластыруға болатын еді ғой. Бұл өзі  алыс жатқан өңір де емес. Қаламен іргелес жатыр. Мұның өзі жауапты адамдардың өз жұмыстарына салғырттықпен қарайтынын көрсетеді. Жас отбасы ауылға осыдан кейін қайдан барсын?! Олар жұмыс істей ме, жоқ әлде от жағумен бола ма?!»,-деді ол.Мәжілісті қорытындылай келе, облыс басшысы аудан-қала әкімдері мен тиісті мекемелер басшыларына бірқатар тапсырмалар берді. Отырыс қорытындысы бойынша арнайы қаулы қабылданды.Қ.ЖұмағалиұлыҚарағанды   
Загрузка...

Комментирование закрыто.