Көлгінов Тоқаевты «мұқатып» отыр ма, әлде, біреулерге арандап қалған ба?

Ал ұзынқұлақтың айтуынша, бұрынғы әкімдер өз иелігіндегі техникалардың бәрін «бауырларына басып», «табиғаттың тосын мінезімен күрескісі келген» Көлгіновке осылайша қасақана «саботаж жасап» жатқан көрінеді.

Ел білетіндей, бұған дейін БҚО әкімі болған Алтай Көлгінов бас қаланы басқаруға келгенде, Арқаның еселенген ақ қар, көк мұзында сыналды. Енді оны алда сол «тосын сыйдың» ерігендегі су тасқыны күтіп тұр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Қар тазалауға 1200 техника жұмылдырылды. Оған қоса, азаматтардың жеке меншік техикасын да алып жатырмыз. Сондай-ақ, 1700-ге жуық азамат жұмылдырылды. Волонтерлардың көмегіне де жүгініп жатырмыз», – деп ақталды жаңа әкім ел алдында.

Байқасаңыз, бұл ретте ол «азаматтардың жекеменшік техникасын алып, волонтерлардың көмегіне жүгініп жатырмыз» дейді. Демек, қазір Нұр-Сұлтан қаласында бұған дейінгі әкімдердің кезіндегідей қар аршитын жүздеген техника мен «екі қолға бір күрек тапқан» жұмысшылар легі жоқ.

Жылда осы уақытта тап-таза болып жататын Есілдің қос жағалауы тұтас бір қыс мезгілі бойы тау-тау болып үйілген қардан «көз аша алмай» қалды. Елорда іргесіндегі кенттерден үлкендер жұмысқа, қала ішінен балалар сабаққа жете алмай қиналды. Ал ұзынқұлақтың айтуынша, бұрынғы әкімдер өз иелігіндегі техникалардың бәрін «бауырларына басып», «табиғаттың тосын мінезімен күрескісі келген» Көлгіновке осылайша қасақана «саботаж жасап» жатқан көрінеді.

«Нақты айтсақ, балабақша, мектеп, және оқу орындарының дәрісін тоқтаттық. Өйткені, қалада жүріс қиындап кетті. 100-ге жуық көлік апаты тіркелді», – деді қала әкімі журналистерге берген сұхбатында. Ал ол басқарған астананы Иманғали Тасмағамбетов, Әділбек Жақсыбеков, Әсет Исекешов, Бақыт Сұлтановтар да басқарған. Бірақ, солардың кезінде айналдырған жарты ай ішінде осынша көлік қақтығысып-соқтығысып па еді? Жоқ.

Екіншіден, Алтай Көлгіновке елорданы басқару тізгінін ұстатқан сәтте Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі оның жас, іскер азамат ретінде мақтауын келістірген еді. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демекші, ендеше неге елбасы елеп-ескерген әкім көпшіліктің көңілінен шықпай қалды? Әлде, сол мақтауды малданып, бас қаланың әкімі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмаларын аяқасты еткісі келе ме? Осылайша, оны «мұқатып» отырғаны ма? Болмаса, астанаға бұйрықпен «амалсыз келген» жас әкімді біреулер тасада әдейі арандатып отырған шығар?

Енді міне, қар еріп, оның арты алапат су тасқынына ұласқалы тұр. Алтай Көлгінов бұл жолы елорда тұрғындарын тасқынға тосқын қоя алатын әлеуеті бар екеніне сендіргісі келді. Алайда, дәл қызыл су жүрер кезде аяқ астынан тағы да сол «техника мен жұмысшылар күші жетіспей жатыр» деген сылтауға сүйеніп алмасына кім кепіл? Өйткені, әлден «қаладан шығарылған қар барлық полигонға толып қалды» деп отырған әкім оның еріген сәтіне де ие бола алмайды-ау?!.

Рубрика: