24 февраля, 2020 Comments Off on Қазақстандағы 15 баласы бар жалғыз отбасы 16 баласын дүниеге әкелмек

Қазақстандағы 15 баласы бар жалғыз отбасы 16 баласын дүниеге әкелмек

Солтүстік Қазақстандағы Култышевтар отбасы көп ұзамай 16 баласын дүниеге әкелмек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan арнасына сілтеме жасап. 

 

Татьяна мен Павел Култышевтардың шаңырақ құрғанына биыл 18 жыл болады. Тұңғышын 20 жасында дүниеге әкелген ана бүгінде 8 ұл, 7 қыз тәрбиелеп отыр.

Ұл-қыздарының үлкені 18 жаста болса, кенжесі - 9 айлық.

Отбасында балалардың 11-і - оқушы.Тетелестері бір сыныпта жұптасып оқиды, бірге барып, бірге келеді, өзара өте ұйымшыл, көмек қолын созуға дайын тұрады, дейді Татьяна. 

"Бала бақыт, қуаныш әкеледі үйге. Бәрі де аман-сау өсіп келеміз. Әрине, қиындығы да бар, бірақ өз балаңнаң артық бала бола ма? Сондықтан, тәубе деп отырамыз", - деді көп балалы ана.

Ержеткені де, бойжеткені де бір-біріне қамқор әрі ата-анасына - қолғабыс. Ұлдары әкеге, қыздары шешеге қолқанат болады.

"Анама көмектескен ұнайды. Бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Анамыздың тамағы өте дәмді. Біз бәріміз бірге қыдырамыз, ойнаймыз", - дейді Ирина Култышева.

Әр баланың өз несібесі бар деп санайтын отағасының өзі де көп балалы отбасыда өскен.

Павел Култышев - дәнекерлеуші, шағын кәсібі бар.

Біреуден ілгері, біреуден кейін,  тұрмысымызға тәуба. Ешкімнен көмек сұрап алақан жайып көрген емеспіз, дейді ол.

"8 бала болдық үйде, ешкімнен кем қылған жоқ бізді. Қазір мен де жауапкершілікті сезініп, ұл-қыздарымды жеткізсем деймін. Бәрі де бізге берген сыйы. Оларды өсіріп, тәрбиелеу - міндетіміз. Мемлекет тарапынан да қолдау бар", - дейді Павел. 

Кішкентайынан баланы еңбекке баулуды жөн санайтын Павел ұлдарымен темірден түрлі бұйымдар жасап, үйдің айналасын балалар алаңына айналдырған. Ал жазда жеміс-жидек егіп, бау-бақша өсіреді. 

 

Загрузка...

Комментирование закрыто.