Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Қазақстанда ғаламтор сапасы төмен аймақтарды атап, мәселені шешу жолын ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Ең нашар интернет Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында. Қарағанды облысында Қазақ ұсақ шоқылары бар, олар Ақтөбе облысын да қамтиды. Ғаламтор жүргізу қиынға соғады, себебі жер қыртысы күрделі. Шығыс Қазақстан облысында да дәл солай. Бірақ ол жақта таулар, өздеріңіз де түсінесіздер”, – деді Асхат Оразбек. 

Оның сөзінше, бұл аймақтардағы шалғай ауылдарға ғаламтор геостационарлық емес спутник желісі арқылы тартылады.

“Білесіздер, қазір OneWeb, Starlink спутниктері бар. Бұлар заманауи және керемет құрылғылар. Сондай-ақ бізге аса қажет. Аталмыш спутниктер шалғай аудандарға сапалы ғаламтор жүргізуге мүмкіндік береді”, – деп мәлімдеді Оразбек. 

Айта кетейік, бұған дейін Асхат Оразбек Ресейдің жаһандық интернеттен ажыратылуы Қазақстанға қалай әсер ететіні туралы айтқан еді. 

Рубрика: