АЛТЫНОРДА
Новости

Жолымбет Мәкішев. Қырғыздар орыс тілін қолданыстан алып тастады

Қырғыз премьер-министрі Жантөрө Сатыбалдиев бүгін  «ҚР мемлекеттік тіл туралы» заңына айтарлықтай өзгеріс енгізуді көздейтін қаулыға қол қойды. Бұл құжат күшіне енсе қырғыз республикасының конститутциясында осыған дейін «ресми тіл» мәртебесін алып келген орыс тілі қолданыстан алынып, құжаттама жұмыстарының барлығы түгелдей қырғыз тіліне көшеді деген сөз. Іргелес елдің әділет министрлігі қырғыз республикасындағы заңдарды «ҚР-ның мемлекеттік тіл туралы» заңына сәйкестіндіру үшін  алдағы уақытта елдегі барлық ресми құжаттарға  түзету енгізуді жоспарлап отыр. Мұндай құжатқа ел президенті Алмазбек Атамбаев Наурыз айының басында қол қойған болатын. Қазір аталған заңды алдымен Ресейдің ақпарат агенттіктері қызу талқылай бастады. Өзге мемлекеттің ішкі ісіне жөнсіз араласып жаман үйреніп қалған орыс саясаткерлері бұны «орыстардың құқын бұзу» деп даурығып жатыр. Алайда «ит үреді, керуен көшеді» дегендей, қырғыз билігі  ешнәрсеге алаңдамай  маңызды құжатты қабылдап  жіберді. Бішкектегі саясаттанушы Марс Сариев бұл туралы былай деп пікір білдірді: «Сыртқы саясаттан себеп іздеудің қажеті жоқ, бұл елдің ішкі мұқтаждығынан туған қалыпты шара. Қазір орыс тілін білмейтін ауыл тұрғындарының арасында оппозицияның беделі өсіп барады. Сондықтан олар ұлттық мүддені батыл көтере бастады. Қайда қарасаңызда «Қазір қырғызды орыстілділер мен «жаттілде сөйлейтін» саясаткерлер басқарып отыр» деген пікірді естисіз. Билік үшін бұл қауіпті құбылыс. Сондықтан үкімет оппозициядан бұл бастаманы тартып алып, бірінші болып электораттың көңілін табуға талпынып жатыр».. Енді қырғыздардың бұл бастамасы Құдай қосқан көршісі Қазақстанда да қолдау табуы ықтимал. Өйткені заман талабы соған қарай беттеп бара жатыр.

Masa.kz