АЛТЫНОРДА
Новости

Жібек жолын жаңғыртуға коррупция кедергі

«Қорғас» кеден бекетінің Қытай жағы. 18 ақпан 2013 жыл.Еуропамен сауда-саттық жүргізетін жер үсті және теңіз жолдарын дамытуға арналған жаңа Жібек жолын салуға Қытай қыруар қаржы құйды. Бірақ Ресейдің бұл жобадағы рөлі, Қазақстандағы коррупция және Қытайдың кейбір елдермен жер дауы жобаны дамытуға кедергі келтіріп отыр.

Континентаралық жер үсті маршруттары мен теңіз жолдарын қайта жаңғыртуға миллиардтаған доллар салған Қытай тарихи Жібек жолы бойында коммерцияны дамытуды мақсат тұтады. Reuters агенттігі қарашаның 10-ы күніжарияланған «Қытай Жібек жолындағы ықпалын күшейту үшін ақша төлеп отыр» деген мақаласында 2013 жылдың қыркүйегінде Қытай президенті Си Цзиньпин инфрақұрылым мен Қазақстанмен қаржылық ынтымақтастықты дамыту үшін құны 40 миллиард доллар болатын «Жібек жолы қорын» құру туралы мәлімдеді.

Жаңа Жібек жолы екі маршрут арқылы өтеді деп жоспарланған: бірі — Австрияның Вена қаласына дейін Қазақстан, Қырғызстан және Иран арқылы өтетін жер үсті жолдары және екіншісі — Қытай порттарынан Бельгияға баратын теңіз жолы.

— Қытай өзінің тәуелсіз маршруты болғанын қалайды. Мұндай жобаны игеруге Қытайдың ғана күші келеді, — дейді «Қазақстан темір жолы» ұлттық темір жол компаниясының KTZExpress ғаламдық логистика бөлімшесінің президенті Хенрик Кристенсен Reutes агенттігіне.

Қырғызстан мен Қытай арасындағы автокөлік жолы.Қырғызстан мен Қытай арасындағы автокөлік жолы.

Оңтүстік-батыс Қытай мен Германия арасындағы 10 мың 800 шақырым жолды Қазақстан, Ресей, Беларусь және Польша елдері арқылы поез қазір 14 күнде жүріп өтеді. Ұлыбританияның Economist журналы қарашаның 15-і күні шыққан «Қытайдың жаңа Жібек жолынан Қазақстан ұтып отыр» деген мақаласында жолды қысқарту үшін «Қазақстан темір жолы» компаниясы 44 миллиард доллар құюға уәде еткен деп жазады.

Қорғас арқылы транспорт маршруты ашылған алғашқы жылы, яғни 2012 жылдың аяғында Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға өтетін контейнерлер көлемі 80 пайызға артқан. Economist басылымының жазуынша, Kazlogistics компаниясы басшысы Ерхат Есқалиев 2020 жылға қарай бұл жолдан жылына үш жарым миллиард доллар кіріс түседі деп болжайды.

Reuters агенттігінің жазуынша, бұл жобаның қиындықтары да жетеді. Оның ішінде Оңтүстік Қытай теңізіндегі бірнеше елмен Қытайдың жер дауы және негізгі кеме желілерінің Еуропа компанияларына тиесілі екені.

ЖОБАНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БӨЛІГІ АҚСАП ТҰР

Economist басылымының жазуынша, жаңа Жібек жолын дамытуға қазақстандық шенеуніктердің жемқорлығы сияқты тағы бір проблема бөгет болып отыр. Глазго университетінің Қазақстан жөніндегі сарапшысы Лука Анческидің Economist журналына айтуынша, Қытаймен шекарадағы коррупция «дүниежүзілік сауда-саттық ұйымына ұмтылған елдің беделін түсіреді». Қытай 2016 жылы Қазақстан жағында Қытайдың шығыс портын Санкт-Петербургпен жалғастыратын континентаралық тас жолы салынады деп жоспарлаған.

"Қорғас ісі" бойынша коррупциялық айып тағылғандар сотта тұр. Алматы, 12 сәуір 2014 жыл.«Қорғас ісі» бойынша коррупциялық айып тағылғандар сотта тұр. Алматы, 12 сәуір 2014 жыл.

Wall Street Journal қарашаның 9-ы күні жариялаған«Қорғас және Қытайдың жаңа Жібек жолдары жайлы 5 факті» деген блогында «қазақстандық шенеуніктер шекара түбіндегі аймақта сауда орталықтары мен қонақүйлер салуға және келесі жылы Алматы қаласында жолды қайта жаңғыртуға уәде еткен» деп хабарлайды. Wall Street Journal басылымының жазуынша, «әзірше ол жерде Ресей шоколадын, ара балын және өзге де ұсақ-түйек заттар сататын бірнеше жүк контейнері мен киіз үйден басқа ештеңе жоқ».

Wall Street Journal басылымының жазуынша, қазақ саудагерлері «Алматыға дейін көлікпен бес сағатта селкілдеп әрең жетесің» деп шағынады. Бірақ Лука Анческидің Economist журналына айтуынша, көбі даңғаза-даңғойлықпен басталатын қазақстандық жобалардан іс жүзінде ештеңе шықпайды.

РЕСЕЙДІҢ РӨЛІ

2011 жылы Қазақстан, Ресей және Беларусь Кедендік одақ құрған. Қырымды аннексиялап алған Ресейге батыс елдері санкция салғаннан кейін қазан айында Ресей «батыстың тамақ өнімдерінің Қазақстан мен Беларусь арқылы өтуіне тосқауыл қоямыз деп сес көрсеткен. Украинадағы жағдай мен мұнай бағасының құлдырауына байланысты Қазақстанның даму стратегиясы мен 2014 жылдың бюджетін қайта қарауына тура келді.

Eurasianet сайты қарашаның 12-сі күні жариялаған «Орталық Азия: Қытайдың жібек жолы мен Еуразия одағы қатар тіршілік ете ала ма?» деген мақаласында «Қытаймен сауда-саттықты дамытып көрген кейбір елдер Ресей бастаған кедендік одаққа мүшелікке өтуге асықпай отыр. Өйткені олар бұл қадам өздерін шектеуі мүмкін екенін түсінеді» деп жазады.

Eurasianet сайтының жазуынша, қарашаның 7-сі күні Пекин қаласында Қытай және Тәжікстан президенттері Қытай Тәжікстанның оңтүстігі мен солтүстігін байланыстыратын жаңа темір жол мен жаңа электр станциясын салатыны және қаңылтыр өндірісіне инвестиция құятыны туралы келісімге қол қойған. Екі елдің арасындағы екі жақты сауда көлемі былтырмен салыстырғанда 40 пайызға өсіп, бір жарым миллиард долларға жеткен.

http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_china_great_silk_road_corruption/26693479.html