06 февраля, 2014 Comments Off on ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗГЕ ЖЕҢІС ТІЛЕЙМІЗ!

ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗГЕ ЖЕҢІС ТІЛЕЙМІЗ!

57499_1_olymp-390x290Ертең Сочиде ХХІІ қысқы олимпиада ойындары басталады Ресейдің Сочи қаласында өтетін ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық ресми делегацияның құрамына 102 адам кірді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 7-ақпан күні өтетін қысқы Ойындардың ашылу салтанатына қатысатыны белгілі болып отыр. Барлығы 51 жолдаманы жеңіп алған сайыпқырандарымыз спорттың 10 түрінен бақ сынайды. Ақ олимпиадаға әлемнің 80-нен астам елінің 5 мыңнан астам спортшысы қатысады. Он жеті күнге созылатын дүбірлі додада спорттың 15 түрінен 98 медаль жиынтығы сарапқа салынатын болады.Төрт жылда бір рет өтетін Олимпиада ойындары әлемдік спорттың ең биік шыңы болып табылады. Байрақты бәсекенің жеңіс тұғырына көтерілу әрбір спортшының басты арманы екені сөзсіз. Жалпы, бұл Олимпиада ­ойындары Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан бергі 6-ншы байрақты бәсекесі. 1994 жылы өткен Лиллихаммер Олимпиада ойындарында даңқты шаңғышымыз Владимир Смирновтың бір өзі 1 алтын, 2 күміс еншіледі. В.Смирновтың табысты өнер көрсетуіне байланысты жалпы командалық есепте Қазақстан 12-нші орынға тұрақтаған еді. Мұндай нәтиже егемендігін енді алып, етек-жеңін әлі де қымтап үлгермеген Қазақ елінің әлемдік деңгейдегі спорттан алар орнын бірден айқындап берген болатын. Дегенмен, одан кейінгі қысқы ойындарда спортшыларымыз тиісті деңгейде өнер көрсете алмады. 1998 жылы Наганода өткен Олимпидада 2 қола жеңіп алсақ, 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситиде, 2006 жылы Туринде жүлдеден мүлдем қағылдық. Соңғы 2010 жылғы Ванкувер қысқы ойындарында 1 ғана күміспен 25-інші орынға тұрақтаған едік.
Жүлдегерлерге қанша сыйақы беріледі?Сочиде өтетін ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарында топжарған спортшыларымыз сыйақыдан кенде қалмайтыны белгілі. Қазақстан Республикасы спорт және дене шынықтыру агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатовтың берген мәліметі бойынша, Олимпиадада жеңімпаз болып танылған спортшыға 250 мың АҚШ доллары сыйақы берілетін болады. Екінші орын үшін – 150 мың, үшінші орынға – 75 мың АҚШ доллары тарту етілмек. Сонымен қатар алтыншы орынға дейінгі көрсеткішке қол жеткізген спортшылар мен бапкерлері де сыйақыдан құр қалмайтыны белгілі болды. Қазақ елінен баратын елу спортшы­ның дайындығы жақсы. Ендеше жерлес­те­­рімізге Ақ олимпиа­дада сәттілік тілейміз.Сочиге кімдер барады?Шаңғы спорты жарысында еліміздің намысын Ердос Ахмадиев, Алексей Полторанин, Николай Чеботько, Марк Старостин, Евгений Величко, Сергей Черепанов, Денис Волотка, Роман ­Рогозин, Анастасия Слонова және Татьяна Осипова қорғайды. Мәнерлеп сырғанау спорты түрінен екі жолдама бұйырыпты. Оның біріншісі Денис Тенге тиесілі болса, екіншісі Абзал Рақымғалиевке бұйырды.  Сноубордтан Олимпиадаға тек Валерия Цой ғана жолдаманы иеленді.  Конькимен жүгіру спортында Денис Кузин, Дмитрий Бабенко, Роман Креч, Александр ­Жигин, Федор Мезенцев және Екатерина Айдова бақ сынайтын болады.  Шорт-тректе Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжғалиев, Денис ­Никиша, Аслан Даумов пен Инна Симоновалар қатысады. Фристайлдан өтетін жарыстарда Дмитрий ­Рейхерд, Дмитрий Бармашов, Павел Колмаков, Юлия Галышева мен Дарья Рыбалова (барлығы могулден) және Сергей Берестовский, Бағлан Іңкәрбек, Жібек Арапбаева мен Жанбота Алдабергенова (барлығы акробатикадан) бақ сынайды.  Биатлоннан Елена Хрусталева, Диас Кенешев, Ян Савицкий, Сергей Наумик, Антон Пантов, Александр Трифонов, Марина Лебедева, Дарья Усанова, Алина Райкова және Галина ­Вишневская жолдаманы еншіледі.  Ең қауіпті әрі жылдам спорт түрі саналатын шана жарысында Елизавета Аксенованың бір өзі ғана ел намысын қорғайды.  Тау шаңғы спортынан Игорь Закурдаев, ­Дмитрий Кошкин, Мартин Хубер мен Екатерина Черепанова жарыс жолына шығады. Шаңғымен тұғырдан секіруде Алексей Пчелинцев бақ сынайтын болады.
Бұл жолғы Олимпиада ойындарында қазақстандықтар спортшыларымыздан зор жетістік күтетініміз шындық. Еліміздің Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев қысқы спорт түрлерінен еліміздің ұлттық құрамасына кемінде 2 медаль жеңіп алу керек екендігін айтты. Ал мұндай көрсеткіштер Қазақстанның жалпыкомандалық есепте 20-23 орынға таласуына мүмкіндік береді. Т.Есентаевтың айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан спортшылары шаңғы жарысынан, биатлоннан, фристайл-могулдан, конькимен жүгіруден, мәнерлеп сырғанаудан және сноубордтан жүлделі орындарға көтерілуге мүмкіндігі бар. Бұл ретте, шаңғы жарысында Алексей Полторанин, Николай Чеботько және Денис Волоткаға зор сенім артып отыр. Олар Канадада өткен Әлем кубогы кезеңдерінде жүлделі орындардан көрінген болатын. Ал 2013 жылғы әлем чемпионатындағы конькимен жүгіруде Денис Кузиннің жетістіктерін де атап кету керек. Сонымен қатар мәнерлеп сырғанаушымыз Денис Теннің де соңғы байрақты бәсекедегі жеңісі үміт отын ұялатады. Сочидегі олимпиада қалашығы аумағында қазақстандық баспасөз орта­лығы жұмыс істейтін болады. Аталған орталықта Астана қаласында өтетін «ЭКСПО–2017» халықаралық көрмесін, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетіс­тігін және спортшыларымыз­ды ұлықтау шаралары ұйымдас­тырылады.Нұрлан ҚҰМАРЕрдос АХМАДИЕВ, шаңғышы: Ел сенімін ақтасам деймін Ердос АХМАДИЕВ, шаңғышыДүбірлі додада ел намысын қорғайтын спортшылардың ішінде саусақпен санарлықтай ғана қазақтардың бар екені анық. Соның бірі шаңғымен жүгіруден спорт шебері Ердос Ахмадиев еліміздің Туын ұстап шығатын болады.–Дүбірлі доданың ашылу салтанатында көк туды ұстап шығу мәртебесін естігенде қатты қуанған боларсыз… –Қазақстан Республикасына еңбек сіңір­ген жаттықтырушы Серікқан ­Алтынбеков маған Ел Туын көтеріп шығу саған бұйырды дегенді естіген бойда қатты қуандым. Бұл екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақытты сәт қой. Жауапкершілігін айтып, жеткізе алмаймын. Ел сенімін ақтасам деген арманым үлкен. 2010 жылы Ванкуверде өткен ХХІ Қысқы Олимпиадада Қазақстан туын биатлоншы Диас Кенешов алып шыққаны белгілі. Диас менің жерлесім. Екеуміз де Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданының тумасымыз. Сол жердегі спорт мектебінің түлектері едік. – Сіз олимпиадада қандай қашықтықта бақ сынайтын боласыз? –Құрама команданың аға жаттық­тырушысы Александр Батякин мен ті­келей жұмыс істейтін бапкерім Владимир Сахнов  маған 30 және 50 шақы­рымдық қашықтықта жүгіресің деп шешті. Алғаш рет олимпиадаға қатысқалы жатқандықтан, мұндай ұзақ қашықтықта шаңғымен жүгіру мен үшін оңайға соқпайын деп тұр. Жаттықтырушыларым маған үздік 20 спортшының қатарына енуің керек деген тапсырма берді. Елу шақырымдық шаңғымен жүгіру марафоны 23-ақпан күні, яғни олимпиаданың соң­ғы күнінде өтеді. Кезінде көкшетаулық Вла­димир Смирнов бұл қашықтықта мәреге бірінші болып келіп, алтыннан алқа тағынғаны ел есінде. Содан бері 20 жыл уақыт өтіпті. Мен шаңғы спортымен 15 жыл бойы айналысып келемін. Сон­дықтан жақсы нәтиже көрсетемін деген ойдамын. –Таяуда қандай жарыстарда бақ сы­надыңыз? – Жуырда Норвегияның Лиллехам­мерде өткен Әлем кубогында 4х7,5 шақы­рымдық эстафеталық бәсекеде сынға түстік. Евгений Величко, Александр Малышев, Сергей Черепановтармен бірге бұл қашықтықта 19-ыншы орынды иелендік. «Тур де Ски» көпкүндік жарыстарына да қатыстым. Жүлдеге ілікпедім. Әйтсе де, ұлттық құраманың мақтанышы Алексей Полтораниннің көпкүндік жарыстардың бірінде жүлдеге іліккенін естігенде қатты қуандым. Италияның Ливинио атты тау­лы аймағында жаттығу жұмыстарын жа­садық. Сол жолы бұл жердің табиғаты Сочиге өте ұқсас екендігін аңғардым. –Әңгімеңізге рахмет!Әңгімелескен  Салтанат ЖАСБАТЫРҚЫЗЫЖiбек АРАПБАЕВА, фристайлшы: Жақсы өнер көрсетуге тырысамынЖiбек АРАПБАЕВА, фристайлшыVII қыс­қы Азия ойындарының күмiс жүлдегерi фристайлшы Жiбек Арапбаеваға жүктеліп отырған сенім зор. Дүбірлі дода алдында Жiбекті сұхбатқа тартуды жөн көрдік.–Жібек, спорттың дәл фристайл түрін таңдауға не түрткі болды? –Шынымды айтсам, фристайлмен кәсіби түрде айналысамын деп ойлаған емеспін. Бала күнімде тауға шығып жиі шаңғы тебуші едім. Бір күні өзімнің шаңғыны жақсы тебе алатыныма көз жеткіздім. Осылайша фристайлды жаныма серік етіп келемін. Фристайлға деген сүйіспеншілігімді бапкерім одан әрі арттыра білді. Бастапқыда әуестігім деп ойлаған ісім мені жоғары жетістіктерге жетелейтінін білмедім. Спорттың дәл осы түрі менің оң жамбасыма келетініне көз жеткіздім. Енді алдымда биік мақсаттар қойып, соның жолында талмай тер төгіп келемін. –Жоғарыдан секіру өте қорқынышты шығар? –Жалпы, фристайл жарақаты көп, адам өміріне қауіпті спорт түрлерінің санатына жатады. Көп жағдайда спортшылар бойларындағы қорқыныштарын жеңе алмай, асығыстыққа жол беріп, дене жарақаттарын алып жатады. Оның үстіне, қыстың күні ауа райының қолайсыздығы да спортшылардың сүрініп кетуіне себеп болып жатады. Әрине, биіктен секіргенде ойыңды үрей еріксіз билеп алады. «Батырға да жан керек» демекші, қорықпайтын адам болмайды. Меніңше, әр спортшы жарысқа шығар алдында психологиялық тұрғыдан жан-жақты дайындалуы тиіс. Өзім бойымдағы қорқынышты жеңу үшін үрей тудыратын ойларды ойламай, тек жақсы өнер көрсетуге тырысамын. –Сіздің пікіріңізше, спорттың осы түрін жастар арасында кең көлемде насихаттау үшін не істеу керек? –Еліміздің оңтүстік аймақтарында таудың жоқтығынан, фристайлмен айналысуға мүмкіндік бола бермейді. Бізде көптеген жарыстар ұйымдастырылса, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу мәселесі шешілсе деймін. –Сіз Ванкувер Олимпиадасында ­23-інші орынға табан тіреген болатынсыз. Ал Сочида қандай нәтиже көрсетесіз? –Ванкуверде жеткен жітістігім, сол кездегі тәжірибеме сай болды. Енді арада 4 жыл өтті. Осы уақыт аралығында тынбай талаптанып, жаттықтым, шеберлігімді шыңдадым. Бұйырса, жақсы өнер өрнегін көрсетемін деп ойлаймын. Сіз білесіз, маған күллі халық сенім білдіріп отыр. Елімнің үкілі үмітін ақтау жолында жан алысып, жан берісуге дайынмын. –Әңгімеңізге рахмет!Әңгімелескен  Индира БАЙҚОНЫСОВАhttp://anatili.kz/
Загрузка...

Комментирование закрыто.