АЛТЫНОРДА
Новости

Жаз – 2013. Бүрмеленген белдемше

жхЖаз шығысымен-ақ, жан-жағымыздан қызылды-жасылды белдемшелер мен кеудешелер киген сұлу бойжеткендеріміз бой көрсете бастады. Біз сіздерді осыған дейін 2013 жылғы жазда сән әлемінде салтанат құратын киім-кешектермен таныстырып өткен болатынбыз. Бұл кеңестерімізге көңіл қойған біразыңыз жаныңызға жаққан киімді алып, жаз мезгіліне сайланып та алған боларсыздар. Әйткенмен біз сіздің жазғы образыңызды толықтырып, сымбатыңыздың сәнін ашатын кеңестер беруді тоқтатпаймыз. Бүгін біз сіздермен жазғы сәнді белдмеше жайында әңгіме-дүкен құрмақпыз.

Былтырғы жылдың сәніне айналған бүрмеленген белдемшелер 2013 жылдың жаз мезгілімен де қоштаспақ емес.

Мұндай белдемшелер биыл да арулардың қыпша белдерінен төгіліп, тағы да жадыраған жаздың жайма шуақ мезгілін бірге өткізбек. Көптеген әлемдік сән үйлері мен сәнгерлері ұсынып отырған түрлі бүрмеленген белдемшелер әлі де сымбатыңызға сән бермек. Атақты Oscar de la Renta, Christian Dior және тағы да басқа сән орталықтары осы белдемшелердің жаз мезгіліндегі сән саласында ғұмырын ұзартып отыр.

Prada ұзын бойлы аруларға белден етекке дейін түсетін ұзын бүрмеленген белдемшелерді ұсынса, Celine сән үйі мұндай белдемшелердің етегін тағы сәл болса да түсіруге кеңес береді. Ал Jil Sander етектің жерге дейін түсіп тұратын түрін ұнатып отыр. Ал басқа сән орталықтары түрлі көлемдегі бүрмеленген белдемшелерді ұсынып жатыр.

Атақты сәнгерлер өз образыңызды жарқын етудің мынадай жолдарын ұсынады:

Миниден максиге дейін…

Бұл жылғы жаз мезгілінде бүрмеленген белдемшелердің ұзын да, қысқа да түрлері айрықша сәнге айналатын түрі бар. Қысқасынан етегі жерге сүйретілетініне дейін сіздің сымбатыңызға сән беруге дайын тұр. Көбіне жас аруларға қысқа бүрмеленген белдемшелер жарасады.

Ал аяққа келгенде «бас ауыртатын» проблемасы бар арулар ұзын белдемшеден бас тартпағаны жөн. Сонымен қатар, ұзын бүрмеленген белдемшелер орта жастағы және одан жоғары жастағы әйел адамдардың дене бітіміне жараса береді. Үлкен жастағы әйелдерге қысқа бүрмеленген белдемшелер кейде тым ерсі көрінеді. Өйткені бүрмеленген белдемшемен классикалық қарапайым белдемшенің арасы жер мен көктей.

Ал ұзын етекті немесе ұзындығы орташа белдемшелер кез келген жастағы әйел адамдарына үйлесе береді. Айтпақшы, бүрмеленген белдемшелерді кигенде ол аздап болса да, көтеріліп тұрады. Сондықтан, денесі ірі арулар мен толық әйелдер қауымы мұндай бүрмеленген белдемшеге аса құмар болмағаны жөн. Өйткені бүрмеленген белдемшелер толық адамды одан да толығырақ етіп көрсетеді.

Белдемшенің етегі ұзарған сайын, ол әйелдерге нәзіктік сыйлай түседі. Ұзын етекті бүрмеленген белдемшелердің басқа да жағымды қырларымен таныс болып отырыңыздар:

— Бүрмеленген белдемшелер дене бітіміңізге ерекше сән беріп, сымбатыңыздағы кейбір кемшіліктерді көрсетпей тұрады.

— Ұзын бүрмеленген белдемше киген қыздың бойы да ұзынырақ көрінеді.

— Бүрмеленген белдемеше кигенде үстіңізге не кию керектігімен онша бас қатыра қоймайсыз.

— Онымен кез келген аяқ киімді іліп кетсеңіз болады.

— Бүрмеленген белдемшемен кез келген есікті ашуға болады. Онымен жұмысқа баруға да, отырысқа баруға да, дүкен аралау үшін сауда орталықтарына бас сұғуға да болады.

Бүрмеленген белдемше қандай матадан тігіледі?

Бүрмеленген ұзынды-қысқалы белдемшелерді мынадай маталардан тігуге болады: атлас, тоқыма, былғары, және тағы да басқа. Бірақ жаз мезгілінде жібектен, шифоннан және крептен тігілген белдемшелерді кию ыңғайлы.

Бүрмеленген белдемшелердің түсі

Бүрмеленген ұзынды-қысқалы белдемшені қай ортада киетініңізге байланысты түсін таңдағаныңыз жөн.

— Классикалық стильдегі киімді қаласаңыз, онда қара не сұр түсті бүрмеленген белдмешені таңдаңыз.

— Ақ және сарғыш түсті бүрмеленген белдемшелер көптеген ортаға лайық саналады.

— Көбіне жас аруларға түрлі ашық түсті белдемшелер жараса береді. Соның ішінде ашық түстер сәнге сән қосады.

Бүрмеленген белдемшелерді немен кию керек?

— Егер сіз кешкі отырысқа не жай кешкі қыдыруға шықсаңыз, бүрмеленген белдемшемен тері желетке киіңіз.

— Ал ыстық күні сыртқа шықсаңыз, үстіңізге жұқа тоқыма жемпір киіп алғаныңыз жөн. Өз образыңызды биік өкшелі туфлимен не жеңіл аяқ киіммен толықтырыңыз. Сонымен қатар қолыңызға әшекейлі сәнді сөмке ұстап алсаңыз да артықтық етпейді.

— Ал кеңселік киімге ашық түсті бүрмеленген белдемше сай келеді. Соның ішінде белдемшенің көгілдір, күлгін, сұр, ащы көк түсті болғаны дұрыс.

— Маңызды еркін түрде өтетін отырыстар мен басқосуларға жібектен не шифоннан тігілген белдемше киіп, аяғыңызға биік өкшелі жеңіл туфли киіңіз. Ал үстіңізге жеңіл кеудеше кисеңіз де болады.

Бүрмеленген белдемшенің тағы бір артықшылығы – оны кез келген аяқ киіммен киіп кетуге болады. Соның ішінде жеңіл сүйретпелер мен жайтабан туфлилер де бар. Тіпті өкшесі биік туфлилермен де бүрмеленген белдемшенің сәні құртылмайды.

Бүрмеленген белдемше және басқа да аксессуарлар

Егер сіз киімге белдік таққанды ұнатсаңыз, бүрмеленген белдемшені де белдікпен толықтырсаңыз болады. Белдіктің түрлі сәнді моншақтармен немесе түрлі-түсті тастармен сәнделгені дұрыс. Гүлді немесе басқа да оюлы суреті бар белдіктер де артықтық етпейді.

Бүрмеленген белдемшемен бірге тағатын әшкейлерді таңдарда абай болу керек. Мұндай белдемшенің өзі-ақ жарқын бөлшек болғандықтан, өзіңізді артық әшкеймен тым әрлеп жібермеңіз. Шектен тыс ұзын не оралып қалған моншақтар мен түрлі-түсті қолға тағатын алқалардың кейде бүрмеленген белдемшеге артықтық ететін кездері де болады.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: m.lady.obozrevatel.com, lightinthebox.com

http://massaget.kz/bastangy/sn/11084