АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ЖАРЫМЖАН ЖАРНАМАҒА ЖОЛ ЖОҚ

Көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерін “Қазақстан Республикасының Тіл туралы” Заңының талаптарына сәй-кестендіру, қоғамдық бақылауды одан әрі күшейту және бұл іске қала жұртшылығын да жұмылдыру мақсатында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мұрындық болуымен “Көркем тіл — көрікті жарнама”  айлығы  болып өтті. Аталмыш айлықтың аясында атқарылған істер өткен сәрсенбі күні қалалық Достық үйіндеұйымдастырылған дөңгелек үстел отырысында қорытындыланып, жарымжанжарнамаларға тосқауыл қою жолдары тағы бір мәрте қарастырылды.

Жиынға қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Игорь Панин, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Ермек Аханов, қалалық ТҮКШ  бөлімінің бас маманы Айжан Қазкеева, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Берік Көпбаев және осы бөлімнің тілдерді дамыту секторының меңгерушісі Фарида Байғазинова мен  басқа да сала мамандары, жарнама агенттіктері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жарнама жайлы талай рет айтылып, жазылып та келеді. Бірақ, әлі «тәртіпке келдік, қазақшамыз ойдағыдай» деп айта алмасымыз анық. Қаламыздың келбетіне сыртқы жарнамалардың қосар үлесі зор. Ал мына «Әүе жол кассасы», «Салкын сусындар», «Пісірмелер» мен «Балмуздактар», «Дөнгелек жөндеу» сынды төл әріптерімізді бұрмалап немесе қалдырып кететін жарнама, «Оптика» – «Көз көзілдірігі» (көзілдірік көзден басқа дене мүшемізге қолданылмаса керек), «Большой ассортимент» — «Кең талдау» сынды тікелей тәржімалар қазақ тілінің көсегесін көгертіп, қаланы көркейткеннің орнына қазақ тілінің қабырғасын қайыстырып тұрғандай. Шаһарымыздың орталығындағы және сол жағалаудағы бірнеше көшелерді аралаған қалалық тілдерді дамыту бөлімінің мамандары дүкен-дүңгіршек, әртүрлі ғимараттардағы жарнама келбетін қарап, әдістемелік көмек көрсетіп, жарнама ережелерімен таныстыратын түрлі ақпараттар  үлестірген. Бір қызығы, кейбір жарнама беру-   шілер «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» ҚР Заңымен  таныс еместіктерін де айтқан екен. Хош, жарнама туралы білетін де, білмейтін де жан бар сыңайлы, ал осы мәселе қалай шешімін табады?

Бұл ретте ең алдымен жарнама қалай берілуі керек    деген сауалға тоқталғанымыз жөн болар.  “Тіл туралы”     заңның 21-бабында: «Бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тiлде және орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады. Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттік тiлде — сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағында немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн» деп көрсетілген. Яғни, қазақ тілінде жазылып, содан кейін басқа тілге аударылуы керек. Аталған мәселені жарнама берушілер мен жарнама агенттіктері қаперде ұстағандары абзал. Бұл орайда, қаламызда 4 жарнама кәсібімен айналысатын агенттік бар. Жиында Фариза Байғазинова агенттіктің өкілдеріне тілдерді дамыту бөлімімен тілдесіп, аудармаларын тексертіп алуға кеңес берді. Ал, баннерлерге келсек,  жарнама беруші қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінен рұқсатнама алады. Ермек Аханов бұл орайда тілдерді дамыту бөлімімен байланыстың бар екенін айтты. Қоғамдық көліктердегі жарнамалар мен ақпараттар жайына тоқталсақ,   ТҮКШ бөлімінің бас маманы Айжан Қазкеева қателер жөнделе отырып, алдағы уақытта қоғамдық көліктерде жарнама талаптарына сай ақпарат берілетін-дігіне сендірді.

Айжан Қазкеева заң талаптарына сәйкес аялдамалардың атауы қазақшаланғанын, сол атауларды қоғамдық көліктерде қазақша хабарлау кондукторларға жүктелетіндігін де айтып өтті. Сондай-ақ, телеарналардағы жүгіртпе жолдардағы     жарнамалар жөнінде де сөз болды. «Шаш аламын деп, бас алатын «әйелдер ұстасы қажет» (тербуется женский парихмакер),  «тұрып істейтін жұмыс» (работа с проживанием)  деген сынды аудармалардың да кездесетінін айтқан, ішкі    саясат бөлімінің бас маманы әр жарнаманы орналастыру орындарында, телеарналар мен жарнама агенттіктерінде арнайы корректорлар болуы керектігін айтты.

Сонымен қатар, жиын барысында жарнама агенттіктері  тарапынан «Жарнама берушілер визиткаларға көп ақпарат  орналастырғылары келеді. Ал, сіздер айтқандай, ақпарат қазақ және орыс тілдерінде орналастырылса, сыймай қалады. Мұндай жағдайдан қалай айналып өтуге болады» деген сауалдарына  қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Игорь Панин: «Заңда көрсетілгендей, жарнама ең алдымен мемлекеттік тіл – қазақ тілінде берілу керек. Мәтінін қысқарта алмаған жағдайда,     жарнама тілі қазақ тілінде болуы міндетті», -деп кесіп айтты. Сонымен қатар, «жарнама беру — өнер» деген  ішкі саясат бөлімінің бас маманы «Жарнама халыққа үлкен әсер етеді. Ең алдымен оны беруде заң шеңберінен аспай, талаптарды сақтау керек. Жарнама берушінің ішкі мәдениеттілігі жоғары деңгейде болуы тиіс»,- деді. Сол мәдениеттілік әрқайсымыздың жанымыздан табылуы керек деген Фарида Байғазинова:

— Өз мемлекетінің, өз тілінің ертеңін ойлаған азамат бұл мәселеден тыс қалмайтынына сенімдіміз. Әр жеке кәсіпорын басшылары, кәсіпкерлер осы мәселеге түсіністікпен қарап, өз нысандарындағы көрнекті ақпарат пен жарнама мәтіндеріндегі қателерді жөндейді деп сенеміз, — дей келе, — кез-келген жағдайда барлық жарнамалар біздің бөлімнің рұқсатымен орналастырылғаны жөн. Ал, түсініксіз тәржіма түзелмесе, шара қолданылады. Жарымжан жарнамалар болса, бірінші рет ескеру жасалып, қателікті түзетуге уақыт беріледі. Сол уақыттың аралығында нәтиже болмаса, облыстық тілдерді дамыту бөліміне хат жолданып, шара қолдану ісі қолға алынады. Алдымен әкімшілік жаза қолданылады, қателік қайталанса, 10 АЕК бастап, 50 АЕК дейін жеке және заңды тұлғаларға  айыппұл салынады,- деді тілдерді дамыту секторының меңгерушісі.

Атқарылып жатқан іс те, қол жеткізген нәтиже де, талпыныс пен ұмтылыс та бар. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, біріге отырып, тілімізді дамытуға атсалысу баршаға ортақ міндет екені анық. Заң талаптарына сай келмейтін құқықтық және грамматикалық қателіктерді байқап қалсаңыз құзырлы мекемелерге қоңырау шалыңыз. Сіздің қазақ тіліне қосқан үлесіңіз болсын.

Жиын соңында ұйымдастырушылар аудармамен айналысушы агенттіктерге соңғы уақыттағы жаңадан бекітілген сөздер енгізілген сөздіктер табыстады. Орайы келгенде айта кетейік, біз бірде қосып, бірде бөлек жазып жүрген мекенжай, келісімшарт сынды сөздер біріккен сөздер қатарына енгізілген.

Әйгерім СӘРСЕНҒАЛИ,

«Семей таңы»