АЛТЫНОРДА
Новости

ЗЕЙНЕТАҚЫ КӨЛЕМІ 40 ПАЙЫЗДАН АСА МА?

be1b23031a77194d899034faa3a999b4 (1)Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

 «Әйелдердің зейнет жасын 63-ке көтереді» деген сыбыс шыққанда байбаламға басқандар аз болған жоқ. Оның өзіндік себебі де бар еді. Мысалы, елуден асқан әйелді кез келген жер жұмысқа қабылдай бермейді.
Ал кейбір жұмыс берушілер бос орын туралы хабарламаға «жасы 50-ден асқандар телефон шалмасын» деген талабын түртіп қоюға ұялмайды. Енді дәл осындай жарнамаларға тыйым салынатын болды. Ол аз десеңіз,  жасы  55-тен асқан қызметкерлермен еңбек шартын бұзуға да жол берілмейді. Бұл туралы «Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың гендерлік аспектілері» атты журналистерге арналған семинарда айтылды.Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін өткізген аталмыш семинар-кеңесінде зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер туралы мол мағлұмат айтылды. Ондағы мақсат белгілі. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер ешкімді де бейжай қалдырмайды. «Өйткені елімізде 1,7 миллион зейнеткер, 10 миллионнан астам зейнетақы қорының салымшысы бар, жалпы айтқанда осы 10 миллионнан астам адам зейнетақы реформасына қатысы бар адамдар. Ал  журналистерді жаңалықтың жаршысы деп атайды, оның үстіне бұқаралық ақпарат құралдары  билік пен халықтың арасындағы алтын көпір. Сондықтан баспасөздің сол әлеуетін пайдаланып, зейнетақы жүйесіндегі реформа туралы әңгіме дүкен құрмақпыз» деп, сөз кезегін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға тапсырды.

Қалай десек те, бір министрді орынтағынан тайдырған зейнетақы жүйесін жетілдіру туралы бастама бәрібір  қолдауға ие болды. Қаласақ та, қаламасақ та, әйел заты зейнет демалысына 63 жаста шығады. Тек белгілі бір санаттарға сай келетіндерінің ертерек зейнеткер атануға мүмкіндігі бар. Оол туралы министрдің өзі айтсын.

– Біздің елдегі зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі 1998 жылдан бастау алады. Осы он бес жылдың ішінде елімізде халықаралық тәжірибелерге сай келетін үш деңгейлі қамсыздандыру жүйесі жұмыс істеп жатыр. Бірінші деңгей мемлекеттің жауапкершілігі. Қазіргі таңда мемлекет еңбек өтілі мен табысына қарамастан, базалық зейнетақы төлеп отыр. Базалық зейнетақы зейнеткерлердің арасында кедейшілікті кеміту бойынша мемлекеттің жауапкершілігі болып табылады. Екінші деңгей азаматтың жауапкершілігі. Бәріміз еңбекақымыздан 10 пайыз зейнетақы жарнасын беріп отырмыз. Үшінші деңгей жұмыс берушінің жауапкершілігі. Осыған дейін жұмыс берушілер жұмысшыларына ерікті түрде келісімшарт негізінде жарнаның бір бөлігін төлеп келді. Енді 2014 жылдан бастап ауыр жұмыс істейтіндер үшін міндетті жарна төлейтін болады.  Зейнетақының көлемі дүниежүзілік стандартқа сәйкес, еңбекақымыздың 40 пайызынан кем болмауы тиіс. Жоғары болса өте жақсы, – дейді министр.

Осы тұста баса айтар мәселе, әйел затының бәрі бірдей 63 жаста зейнетке шығады екен деген бос сөз. Мәселен, 1998 жылға дейін еңбек өтілі  әйелдерге қатысты айтсақ, 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды 18 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге 53 жаста, ал төтенше және Семей ядролық сынақ полигонының ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарында кемінде 5 жыл тұрған әйелдерге жалпы жұмыс өтілі кемінде 20 жыл болғанда 45 жаста зейнеткерлікке шығу құқы сақталады. Сондай-ақ жұмыс істемейтін ананың жас балаларды бағып-күткен уақыты, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін жалпы жиындығы 12 жыл шегіндегі уақыты еңбек өтіліне есептеледі.

Ал зейнетақы жинақтары жеткілікті әйел зейнетақы аннуитетін иемденген жағдайда 50 жаста зейнетақы алады. 50 жас демекші, Үкімет халықты және бірінші кезекте орта жастағы әйелдерді жұмыспен қамтамасыз етуді көздеп отыр.  Бұл ретте жұмыспен қамту жол картасына сүйенбек. Сонымен қатар, Үкімет қаулысымен 50 жастан асқан адамдарды жұмыспен қамтуға көмектесудің жоспары бекітілгенін де айтуымыз керек. «50+бастамасы» деп аталатын жоспар зейнет жасына таяған, яғни 50 жастан асқан адамдарды жұмыспен қамтуды қарастырады.  Сөз басында 55-тен асқандарды жұмыстан шығаруға тыйым салынатынын айттық. Бірақ бұған  ерте қуанбаған абзал. Өйткені, 55-тегі сізді белгілі бір мақсаттарға сай құрылатын комиссиялардың тиісті шешімімен жұмыстан шығарса, оған ешқандай заңнаманың пәрмені жүрмейді.

Министр айтқан мына сөзіне жұмыс берушілер қалай қарайды екен. Олар 5 пайыздық міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасын төлеуге құлықты ма? Өйткені, зиянды ортада еңбек ететіндер өздері зейнетақы қорына 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарналарын аударады. Бәріміз де аударып жүрген жарна. Ал енді бұған қоса, сол жұмысшы үшін жұмыс берушінің есебінен 10 пайыздық міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы түсіп отырады. Семинарда сөз алғандар кәсіптік зейнетақы жүйесіне түсетін жарналар сомасы салықтық төлемдерді жүзеге асыру кезінде шегерімге жатады, сондықтан жұмыс берушінің қалтасын  қаға қоймайды  дейді. Мұны алдағы уақыт көрсете жатар. Әйтеуір, көңілге қонатыны бұл қадам  қауіпті өндіріс орнында еңбек ететіндердің зейнет демалысына ерте шығу үшін жеткілікті қаржыны жинақтауына мүмкіндік береді екен.

Семинарда бала күтіміне байланысты ер адамның декреттік демалысқа шығу мүмкіндігі туралы да айтылмай қалмады. Г.Әбдіхалқыованың айтуынша, елімізде еркектер декретке шығып жатса, таң қалмайтын күн таяу сияқты. « Норвегияда әйелдермен қатар ер азаматтарға да бала күтімі үшін демалыс ойластырылған. Әйелдер 1 жыл демалыс алса, еркектер 3 айға бала күтімі үшін демалыс алуға құқылы. Сонымен қатар, бала 1 жасқа толғанда балабақшаға автоматты түрде тіркеледі. Құжат жинап, кезекке тұру мәселесі деген мүлде жоқ. Осы тәжірибені елімізге енгізуді көздеп отырмыз» деді кеңесші.Ал министр Т.Дүйсенова айтқан жаңалық та жағымды болып шықты. Тиісті заңнамаға бала күтімі бойынша бір жылға дейін еңбек демалысындағы әйелдер үшін міндетті зейнетақы аударымдарын субсидиялауға қатысты өзгерістер енгізілмекші. Келесі жылғы бюджеттен бұл мақсатқа 8,8 млрд теңге, оның ішінде бюджет есебінен қосымша жарналар мен субсидиялар да қарастырылып қойыпты. Семинардан түйгеніміз, ана мен бала үшін бар жағдай жасалып жатқан сияқты. Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорының президенті А.Құрмановтың дерегі де солай дейді. Осы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан әлеуметтік төлемдерге 331 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінсе, соның 305 млрд теңгесі ана мен баланы қолдауға жұмсалыпты.

 

http://www.aikyn.kz/news/view/30398