АЛТЫНОРДА
Новости

ВАЛЮТА ТЕКЕТІРЕСІНДЕ ТЕҢГЕ ТЕГЕУРІНДІ МЕ?

Ұлттық банк банк депозиттеріндегі теңге салымының пайыздық мөл­шерін 10 пайызға арттыруға шешім қабыл­дады. Енді 1 сәуірден бастап теңге тү­ріндегі депозит салымдары 10 пайыз, ал валюта түріндегісі 4 пайыз болып белгіленді. 

Осыған дейін ұлттық валютамен сақталған банк депо­зитінің жылдық пайызы 9, шетелдік валюта 4,5 пайыз болып келген еді. Осыған байланысты Ұлттық банк төрағасы Қайрат Ке­лімбетов «Жи­наған салымда­рыңызды банктен шешіп алып, теңгені долларға айнал­дырудың қажеті жоқ. Теңгемен жи­налған қаражатыңызды банктен алсаңыз, түсім артпайды. Қаржы ме­кемелері халық үшін тиімді пайыздық мөл­шерлеме ұсынып отыр. 10 пайыз жақсы табыс. Әзірге банк аман, де­мек, қаржыңыз түгел деген сөз» деді. Төрағаның айтуынша, ұлттық қар­жымыз бола тұра доллармен есеп айырысу белең алып, шетелдік ва­лютаға тәуелділік 40 пайыздық меже­ден асып кеткен. 2013 жылы банктер барлық бос ақшаларын валютаға ауыстыруға тырысты. Осының сал­дарынан кәсіпкерлікке несие беру көрсеткіші төмендеп кетті. Сондықтан да теңге бағамын түзету екінші деңгейлі банктердің валюта алып­сатарлығына тосқауыл қойып, оларды кәсіпкерлікке қаржы құюға итермелеу үшін жасалды.

«Бұл шешім ішкі нарықта валюталар текетіресіндегі қазақ валютасының ал­ғашқы жеңісі» деген пікірді сарапшылар кеше түске дейін айтып үлгірді. Ал түс ауа бұл пікір пафостық реңктен айырылып, экономикалық-қаржылық сипатқа ие бола бастады. «Halyk Finance» сарапта­малық орталығының мамандары «елде долларға тәуелділіктен арылуға талпыныс нақ осы шешімнен кейін күш алуы мүм­кін» деген пікірге келіп отыр. Себебі ақ­пан айында банк депозиттерінің шет­елдік валютаға тәуелділігі ең жоғарғы шекке – 45,2 пайызға жеткен. Ендігі меже арасалмақты банк депозиттеріндегі ұлттық валютаның жоғары пайызы арқылы бақылауға алу.

 

Ілияс ИСАЕВ, қаржыгер: 

– Ұлттық банк төрағасы Қайрат Ке­лім­бетов «экономикамыздың долларға тәуелділігі екі есе жоғарылап кеткен, соны төмендету керек» деген болатын. Бұл шешімді сол уәдені орындаудың алғашқы қадамы деп қабылдау керек. Қазір эко­номикамызда ақша массасының 60 пайызы шетелдік валютада. Мұндай жағ­дайда ұрлық ақшаның сыртқа жылыстап кетуіне тоқтау салу қиын. Ұлттық банктің ақша-несие саясаты да тұралап, бас банк емес, жай ғана комиссиялық банктердің міндетімен шектеліп қалады, ұлттық өндіріске және ішкі нарыққа ықпалы өте әлсіз болды. Елде қос валюталық қаржы жүйесі үстемдік етуінің нәтижесінде доллар күш алып кетті. Біз тәуелсіздік ал­ғалы Ұлттық банктің төрағалары бірнеше рет ауысты. Солардың бірде-бірі эконо­миканы доллардан арылу үшін шешуші қадамдарға бара алмады. Долларға тәуелділікпен күресуді ең алғаш Қайрат Нематұлы бастап отыр. Мен бұл шешіміне өте риза болып отырмын. Банк депозит­теріндегі доллар мен теңгенің текетіресі енді басталды. Теңгелей салынған про­центтік пайыздың екі жағы бар. Егер, теңге депозиті өссе, комиссиялық банктер теңгелей берілетін несиелік пайызды да күрт көтеріп жіберуі мүмкін. Ұлттық банк пен Үкіметтің бір-бірімен иық тіресе отырып, бірлесіп жұмыс істейтін кезі енді келді. Егер, Келімбетов теңге түріндегі депозиттік пайызды 10 пайызға көтере отырып, банк несиесінің пайызын 12 пайызға түсірсе, реформатор банкир ретінде тарихта қалады. Ол үшін не іс­темек керек? Арадағы екі па­йыздық маржа үшін англо-саксон моделіндегі банктер ешқашан аяқ баспайды. Олар үлкен жалақыға әбден үйреніп қалған. Мен еліміздің Бас банкиріне несиелік пайызды 12 пайызға төмендетудің екі жолын ұсынамын. Алғашқысы – Үкі­меттің Ұлттық қордан шағын және орта бизнесті дамытуға бөлген 1 трлн теңгесін банктерге тұтынушылар несиесі үшін субсидия ретінде беруге қол жеткізу. 12, тіпті 11 пайыздық несие тұтынушы­лар­дың қалтасына тым ауыр соқпас еді. Үкімет бұл тұста бір оқпен екі қоянды атып алады: Алғашқысы Ұлттық банктің қар­жылық-несиелік саясатына үлкен өзге­рістер алып келеді, бөлінген қар­жының тікелей клиенттерге жетуіне ба­қылау жасайды. Екіншіден, Үкімет суб­сидияға бақылау жасай отырып, ком­­мер­циялық банктердің банктік опе­рациясын ба­қылауға да мүмкіндік алады.

 

Юрий СОЛОБОЗОВ, ресейлік экономист-сарапшы:

 

– Осыған дейін әлемдік сарапшылар «Валюта құнының құбылуы дамушы елдерге тән қасиет»  деп санап келген еді. Бірақ бұл үрдістің ғаламдық құбылыс екені, одан ешбір елдің сақтандырыл­мағаны енді белгілі бола бастады. Қазір қазақ теңгесі ғана емес, үнді рупиясы, қытай юані, Ресей рублі секілді дамыған елдердің ұлттық валюталары қысым көруде. Мәселен, Ресей мен Қазақстан негізінен шикізат өнімдерін сатып, пайда көруде. Қазір әлемде осындай ортақ құбылмалы кезеңдерде шикізат қоры арқылы ұлттық ақшаның құнын бір деңгейде ұстап отыру өте қиын. Соңғы кездері доллардың түрлі елдердің ва­люталарына қатысты бағамы өзгеріп жатыр. Мәселен, бауырлас Түркияда түрік лирасы қаңтар айында-ақ 10 пайызға құнсызданды. Ал соңғы екі аптада Ук­раина гривені 9 пайызға, Ресейде рубль 8 пайызға арзандады. Яғни бұл елдерде де доллар қымбаттады деген сөз. Рас, тү­ріктер лираның қатты құнсыздануына әжептәуір наразы болған. Өйткені 10 пайыз құнсыздану аса жағымды емес еді. Алайда Түркия валютасының құнсыз­дануына көптеген факторлар әсер еткен болатын. Елдегі «жемқорлыққа қатысты операциялар» деген желеумен басталған саяси оқиғалар да, АҚШ орталық банкінің активтерді сатып алуды азайтуы да әсер еткен. Нәтижесінде, инвесторлар дамушы мемлекеттерден капиталдарын қайта дамыған мемлекеттерге қайтарды. Капи­талдың жылыстауы дамушы мемле­кеттердің, оның iшiнде Қазақстанның валюталарының құнсыздануына алып келді. Осындай жағдайларға қарамай, депозиттерде сақталған теңге бағамының өсуі – «қазақ теңгесі құлдырайды» деген алыпқашпа әңгімені жоққа шығарып отыр. Демек, қазақ Үкіметі мен Ұлттық банктің бірлесіп, жұмыс істейтін кезі енді келді.

http://www.aikyn.kz/articles/view/44165