АЛТЫНОРДА
Новости

Ұялы телефон арақтан да қауіпті

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Алғашқы қауымдық құрылысты жабайы, артта қалған қоғамға балаушы едік. Бүгінгі өркениетті тіршілігіміздің де оңып тұрғаны шамалы екен. Адамзат бір қадам алға басқан сайын, екі қадам кері кетіп барады. Өндірісті өркендеттік, есесіне, улы газ бен зиянды қалдыққа қарық болдық. Ғарышты игеріп ек, озон қабатын шұрқ тесік етіп, жұқартып тастадық. Мұхит-теңіздің түбін ұңғып алған мұнайымыз сыртқа ағып, ихтиофаунаны ластап бітірді.

Күні бүгін дүниежүзінде түрлі қажетті­лік­тер үшін табиғи қазба байлықтарының ондаған түрі мен 60-тан аса химиялық эле­менттер қолданылады. Жыл сайын жер қойнауынан алынған 44 млрд тонна байлықты жұтып жатырмыз. Жан басына шаққанда жылына 8 тонна шикізатты тұты­намыз. Соңғы бір ғасырда бұл көрсет­кіш төрт есеге өскен. Табиғат қазынасына бұ­лайша қомағайлықпен қол салу күндер­дің күнінде адамзатқа кері әсерін тигізбей қой­майтыны белгілі. Адамның ашкөз іс-әрекетінің нәтижесінде жаңа, бұрын-соң­ды болмаған техногендік аурулар пайда бола бастады. Атап айтқанда, қорғасын­мен уланудан сатуризм, кадмийден «ита-­ита», сынап қосылыстарынан мина­мата секілді дерт түрлері басымызға бәле бо­лып жабысты. Бұған дейін экология сөзін табиғатқа қатысты қолданатынбыз. Енді кезек өзімізге келіп, «адам экология­сы» де­ген ұғым пайда бола бастады. Өр­кен­дей­міз деп жүргенде өзімізге өзіміз ор қазып жатқандаймыз.

«Техникалық прогрестің төресіндей көрінген теледидар, компьютер, қалта­фон­дар аса қауіпті сәуле таратады, соқыр, саңырау қылады, мида қатерлі ісіктің пай­да болуына ықпал етеді» дейді мамандар. Таңның атысы, күннің батысы «көк жәшік­тің» алдында көсіліп жататын жас-кәрі Қа­зақстанда да аз емес. Оларда қимыл-қоз­ғалыс аз. Сондықтан семіздік, жүрек-қан тамыр дерті, көру қабілетінің төмендеуі, ми қызметінің бұзылуы жиі кездеседі. Зерт­теулерге сәйкес, үш пен алты жас ара­лы­ғын­дағы баланың ба­сым бөлігі тәулі­гіне 8-10 сағат бойы тап­жылмай теледи­дар кө­ре­ді екен. Оларды таза ауаға шығарып, спортпен шұғыл­да­нуға икемдейтін ата-аналар саны онша көп емес. Қайта өздері­мен бірге сериал қаратып, «жыламаса, шу шығар­маса бол­ды, теледидардың алдын­да отыра берсін» дейтіндерін қайтерсің.

Өмірімізге дендеп енген ұялы бай­ла­ныстың зияны тіпті ересен. Ғалымдар мы­на­дай эксперимент жасаған. Екі қалта­фон­ның дәл ортасына шикі жұмыртқаны қойып қоңырау шалады. Үздіксіз шалын­ған қоңыраудан тараған электромагниттік өріс ақыры шикі жұмыртқаны пісіріп жі­бер­ген. Әрине, қалтафоннан шығатын эл­ек­тромагниттік өріс адам ағзасына бірден дәл бұлай зиянын тигізбеуі мүмкін. «Бірақ біраз жылдың ішінде жиналып, кумулятив­ті әсер етеді» дейді мамандар. Олар, әсі­ре­се «үш жастан алты жасқа дейінгі бала­лар­ға телефон беруге болмайды» деп да­был қағуда. Өйткені электромагнитті өріс өсіп келе жатқан миға кері әсер етіп, ке­йін бала­ның есте сақтау қабілетін нашар­лата­тын көрінеді. Өкінішке қарай, бүгінде эл­ек­тромагнитті өріссіз орта жоқ. Ол интер­нет, мектептердегі лингофон­дық кабинет­тер, интерактивті тақталар­дан да шығады.

Техника дамыды, алайда оның залалы да еселеніп барады. Ұялы байланыстың адам ұрығына да кері әсері қазір дәлелден­ген жағдай. Бұл туралы биология ғылым­ының докторы Салтанат Байқошқарова былай деген екен:

– Осыдан он шақты жыл бұрын біз зерт­теу жүргізе бастағанда, ерлердің ұры­ғының белсенділігі жоғары болатын. Бар болғаны 10 жыл ішінде ол белсен­ділік бірден 30 пайызға төмендеді. Мұ­ның себе­бі өте көп. Экологияның бұзыл­уы, ғы­лыми-техникалық революцияның «жемі­сі», арақ пен темекі, тіпті адамзат­тың бар­лық жет­кен жетістіктерінің зиян­ды жағы әсер етіп жатыр деуге болады. Бірде ше­тел­де өткен конференцияда «ұя­лы теле­фон ер адам­ның ұрығына арақ пен темекі­ге қарағанда, екі есе көбірек және үш есе жылдамырақ зиян келтіреді» деген тұжы­рым­дар жасал­ды. Қазір шет мемлекеттер­дің кейбірінде 16 жасқа дейінгі балаларға ұялы теле­фон­ды ұстауға тыйым салынған. Және «әр адам ұялы телефонды өзінен кем дегенде 1 метр қашықтықта ұстауы керек» деген тәр­тіп енгізуде. Олар ұялы телефонды алыстан басқару тетіктері немесе құлақ­қап арқылы пайдалануға көшіп жатыр. Ал біздегілер телефонын басына жастап ұйық­тап, таң­ертең соның шыры­лымен оянады. Бұл баста ісік туды­руға «көмек­те­се­тінін» ға­лым­дар әлдеқа­шан дәлел­деген. Енді ұялы телефонның ер адам­дар­дың репродук­циялық (бала ту­ғы­зу) қызметіне айрықша зиян екені айты­луда. Біздің ер адамдары­мыз­дың көбі те­лефонын беліне жақын жер­ге, белбеуіне қыстырып жүретіні жасы­рын емес. Мен «ерлердің белсізде­нуіне ұя­лы телефон айрықша әсерін тигізіп жа­тыр» деп қадап айтқым келеді», – дейді ғалым.

Автор: Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ, Орал

 

http://alashainasy.kz