Мәмбет ҚОЙГЕЛДI, тарих ғылымының докторы, профессор:

 

— Мәмбет аға, ұлт азаттығы мен Тәуелсiздiгi үшiн күресте қазақта қан­шама ұлы оқиға болды. Бүгiнде кей­бiреулер елдегi 100-ден астам ұлыстың мүддесiне сызат түсiрмес үшiн мектеп бағдар­ла­масынан  кей­бiр тарихи оқиға­ларды (Алтын Ордадағы Тоқтамыстың Мәс­кеудi шабуы, Қоқан хандығының Сыр бойын­дағы қазақтарды басып алып, құлдықта ұстауы) алып тастау туралы ұсыныстар айтуда. Сонда бiз ұлттар ынтымағын сақтаймыз деп тарихи шындықты жоққа шығаруымыз керек пе?

— Кез келген елдiң тарихында әртүрлi оқиғалар болған және алдағы уақыттарда да бола бермек. Сол оқиғаларды дұрыс баян­дау үшiн, әрине, кәсiби деңгей қажет. Баяндау нақты фактiлерге сүйенуi ке­рек. Сонда ғана шынайы ұстаным қалып­тасады. Ал ХIХ ғасырдағы жер аумағы үшiн таласта Қазақияға көз алартқандар аз болмады. Ресейден бөлек Қоқан хандығы бiздiң оңтүстiк-шығыс өңiрiмiздi өзiне қосып алуға тырысты. Әрi белгiлi деңгейде мақсатына жеттi. Өзбекстанда жарық көрген оқулықтарда мынадай пiкiр айтылады: «Қазақстанның оңтүстiк-шығысы кезiнде Қоқан хандығының құрамында болды. Ал кейiннен Ресей қарулы күшке сүйенiп, бұл өңiрдi қоқандықтардан тартып алды. Сол күресте қазақ байлары Ресей өкiметiне жақындау болды». Бұл, әрине, өзбек тарих­шыларының ұстанымы. Бiрақ олар мынаны айтқан жоқ: шындығына келгенде, Қоқан хандығының үстемдiгi өте қатал болды. Олардың Қазақ елiне жасаған қиянаты белгiлi. Сондықтан Қоқан хандығына қарсы күрес аз болған жоқ. Оңтүстiктiң өзiнен Сұраншы, Саурық, Жанқожа, Нұрмұхаммет батырлар тебiнгiдей жер үшiн телiм болған жұртының теңдiгi жолында қан кештi.  Сыр бойы үшiн Бұхарбай батыр да Қоқан хандығына қарсы күрестi.  Бұл – тарихи дерек. Ал оны неге жоқ­қа шығарамыз? Ха­лық өз мекенiнiң тұтастығы, Тәуелсiздiгi үшiн өз еркiмен ешкiмнiң көме­гiнсiз күреске шықты. Сондықтан бiз оны сол шындық деңгейiнде көрсетуiмiз керек. Әйтпесе тарих бұрмалауға ұшырайды. Мы­салы, орыс басқыншылығы, әлде Қоқан, Қы­тай бас­қын­шылығы бола ма – бiз оны ашық айтуымыз керек. Байқап отырға­ны­мыздай, ұлттық тарихта болған агрессиялық саясатты көрсету ұлтшылдыққа жатпайды. Қайта сол тарихи шындық арқылы халық­тың тарихи санасын, танымын жолға қоюы­мыз керек. Мәселе, өзiмiздiң керемет­тiгiмiздi, ерекше ұлт әрi халық екендiгiмiздi көрсету емес. Олай түсiну – жаңсақтық. Тарихи тұрғы­дан алғанда, бiз қорғаныста болған ұлтпыз. Сол қилы заманда-ақ най­замыздың ұшына үкi тағып, «достасқанға құшағы ашық туыстай, ал қастасқанға қиып түсер қылыш­тай» жағдайда өмiр сүруге тура келдi. Себебi бiздiң тер­риториямыз ұлан-байтақ болатын. Оның асты-үстi толған байлық дегендей… Сондық­тан атамыз қазақ­тың бар мақсаты өз жерiнiң берекесiн болашақ ұрпаққа қалдыру, бақытты өмiрiн қамтамасыз ету болды. Тарихты осы тұрғыдан түсіну керек деп ой­лаймын.

— Әр заманда қоғамды алға сүй­рейтiн бiр жетекшi топтың өмiр сүретiнi белгiлi. Оған ұлт азаттығы, мемлекеттiгi жолын­дағы күрестер дәлел. Сондай алға басар топтан жасақталған қазақ ұлттық саяси  элитасының қалыптасу үрдісі қалай жүрдi?

— Элитаның түр-түрi бар. Соның iшiнде елдi басқарушы топтың элитасы  саяси элита болып есептеледi. Ол – мыңдаған жыл бойы қалыптасатын өте нәзiк дүние. Олардың өзiндiк ұстанымы, мәдениетi болады. Әрi бiрнеше буынның алмасуы нәтижесiнде толысып, кемелiне келген шақ­та қалып­тасады. Ұлттық күрес нәти­жесiнде толығады. Мысалы, Францияны алайық, орыстар «Франциясыз Еуропа жоқ» деп айтады. Бұл – тегiн айтылған әңгiме емес. Сондай мықты ел болуының негiзi неде? Әрине, оның басында мемлекеттi қалып­тастырған  француз ұлты элитасының тұр­ған­дығының арқасында. Тағы бiр нәрсенi айта кеткен жөн, кезiнде патшалық Ресей Думасының төрт шақырылымы болып, соның екеуiнде қазақ депутаттары сай­ланды. Ал солар Ресей парламентiнде сөйлеген шақ­та парламент үйiнiң қабыр­ғасын қақы­ратып жiбере жаздаған екен. Әлихан Бөкейхан «Бiрiншi және екiншi Мемлекеттiк Думаға сайланған қазақ де­путаттары аграрлық жер мәселесiн қозғады. Iшкi Ресейден қазақ жерiне көшудi тоқ­татыңдар» дейдi. Тiптi орыстың кейбiр депу­таттары қолдап қол қойып, Кадеттер пар­тиясы қазақ депутаттары жақта болды. 1919 жылы Тұрар Рысқұлұлы Мұсылман бюросын ұйымдастырған екен. Ондағы ең белсендi топтар әзірбайжан, татар, қазақтар едi. Сол екi реткi Дума отырысында ең өзектi мәселе қазақтың жер мәселесi болды. Сонда орыс­тың депутаттары «Неткен со­рақы­лық? Бұл орыстың Думасы ма? Жоқ, әлде бұратана қырғыздың (Қазақтар) Думасы ма? Қырғыздың жерiнен басқа талқылайтын мәселе жоқ па? Бiз неге қайта-қайта осыған орала беремiз» деп ашуланған екен. Бұл ненi түсiндiредi? Өздерiнен неше есе күштi Ресей Думасында отырса да, басыбайлы елдiң өкiлдерi бола тұрса да,  шындықты тайсал­май айтатын қазақ де­путаттарының күштi екендiгiн көрсетті. Сол кезде Әлихан Бөкейханды орыстың атақ­ты қайраткерi Керенский мойындаған.  Ресей Кадеттер партиясы орта­лық комитетiнiң ең беделдi мүшесi болған. 1916 жылы Орта­лық Азияда ұлт-азаттық көтерiлiсi болған кезде Әлихан Бөкейхан оған хат жазады. «Менiң сiзге өтiнiшiм бар. Орталық Азия­дағы көтерiлiс туралы шынайы зерттеу жұмысын жүр­гiзсеңiз. Соны мем­лекеттiк кеңесте айтсаңыз, бiздiң халқымыз үшiн шындықты, әдiлет­тiлiктi жеткiзсеңiз» дейдi. Сонда Финлян­дияда бiр бүйрегiне ота жасатып, емделiп жатқан Керенский  Әлиханның өтiнiшiн жерде қал­дырмай Ташкентке келiп, Орталық Азияны аралап, үлкен баяндама жасап, парламентке хабар­лап, өтiнiшiнiң орындал­ғандығы туралы  Әлиханға жеделхат салады. Мiне, Алаш­тың шын қамын жеген асыл ұлы Әлихан осындай тегеурiндi қайраткер бол­ған. Өкiнiшке қарай, Сталин кеңестiк құрамдағы қай ұлттың зиялыларының шын мықтылығын байқап отырған. Билiкке келе салысымен оның қырына бiрiншi iлiккен Алаш зиялылары болды. 1926 жылы татар ұлтшылы Мiрсайт Сұлтанғалиевтың iсi қаралады. Сонда Тұрар Рысқұлов сөйлейдi, арасында Сталин ескерту жасаймын деп  Тұрардың тойтарысына ұшы­райды. Мiне, қазақтың сол кездегi саяси элитасының мықтылығын қараңыз. Бiрақ сол бiрiншi буын зиялылар түгел қуғын-сүргiн құрбаны болды. Екiншi буын басқарушы топ кеңес үкiметiн мойындаған, коммунистiк билеттi қалтасына салғандар да саяси жазалауда атылып кеттi.  Кеңес үкiметi қазақ басқарушы тобының арасында дәстүр қалыптастыруына кедергi жасады. Олардың еркiн сөйлеуiне, ойлауына жол бермей, қудалауға ұшыратты. Ондағы айыптаулары  бiреу-ақ — «қазақ ұлтшылдары». Сонау патша өкiметi тұсынан басталған бұл «көшпелі» жала  кешегi Дiн­мұхамед Қонаевқа дейiн ұлты­мыздың соңынан ерiп келдi.

— Зиялылар арасындағы пiкiр қай­шылығы қай қоғамда да бар секiлдi. Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай­дың, Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың ұстаным айырма­шылығы кей тұстарда түрлiше айтылып қалады. Бұл туралы ашық ойыңызды бiлсек…

— Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқайдың арасында қайшылық болған емес. Бiреулер «Мұстафа – Түркiс­тан автономиясын, Әлихан ұлттық өкi­меттiң құрушысы боламыз деп аласұр­ды» дейдi. Әрине, екеуiнiң ұстанымында айыр­машылық бар екенi рас. Әлиханның ұстаны­мы — ұлттық мемлекет құру. Ол «Бiз осы жол арқылы ғана өзiмiздiң жоғымызды түгендей аламыз» дедi. Шоқай­дың идеясының негiзiнде Түркiс­тан халық­тары­ның күшiн бiрiктiру, эконо­микалық қуатын қалып­тастыру арқылы олардың өзара дiн, дiл, тiл жақындығын дұ­рыс пайдаланып, Орталық Түркiстан өңiрiнде мықты, қуатты мемлекет құруға болады дедi. Әрi сонысында қалды. Оның көзқарасы өте ауқымды, жоққа шығаруға болмайтын ұстаным едi. ХХ ғасырдың басында  «Қазақтар өзiнiң ұлттық мемлекетiн құрмаса, қазақ жерiн сақтай алмайды» деген Әлихан Бөкейхан бағыты белгiлi дәрежеде өзiн-өзi ақтайтын ұстаным болды. Бiз олардың пiкiрiн бiр-бiрiне қарсы қоймай, айырма­шылықтарын салыстыра отырып, ортақ мүдде болғандығын айтуымыз керек. Мұстафа Шоқай кезiнде Алашорда өкiметi­нiң де мүшесi болды. Түркiстан автоно­миясын да басқарды. Бұлардың әрекеттерi халықтың азаттығын, тұтастығын сақтау, халыққа жағымды  даму бағыты мен ұста­нымдарды анықтау болды. Сол тұста заман құбылмалы болды. Олар күрделi заманның күрделi тұлғалары. Оларды тек қана бiр қалыпқа салуға тырысудың қажетi жоқ. Тарих қалай болса, солай көрсеткенiмiз дұрыс. Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рыс­құловтың арасында бiтiспес жаулық бар деп ойламаймын. Ол екеуi мемлекет қай­раткерi дәрежесiне көтерiлген iрi тұлғалар болып, ортақ мүддеге жұмыс iстедi. Ұлтты жаңа сапаға көтеру, теңдiгiн, Тәуелсiздiгiн сақтау тұрғысында түрлiше жолды таңдады. Түптеп келгенде, екеуiнiң мемлекет құру, мемлекет дамыту iсiнде   айырмашылық жоқ. Ал бiрақ олар да пенде ғой, пенделiк кемшiлiктерiн заман контексiне байланысты қарап, сол тұрғыда түсiнсек жарар едi. Әрине, империя құрамында болған ұлт­тардың өмiрi жеңiл-желпi дүние емес. Сұлтанбек Қожановтың мынадай сөзi бар: «Бiздiң желкемiзде Да­маколов айбалтасы төнiп тұр». Ұлт қайрат­керлерiнiң күрделi жағдайда жұмыс iстеуiне, заман ағымына бейiмделуіне тура келдi. Империялық үкiмет­тiң саясатымен есептесуге тура келдi. Бiрақ екеуiнiң ара­сында келiс­пеушiлiктiң болғаны шындық. Десе де оны бадырайтып көрсетiп, одан түрлi мүдделер iздеудiң керегi жоқ. Кейбiр зиялы қауым арасында сөз болып жүрген Тұрар Рысқұлов алашордашыларға опасыздық жасады дегенi – ешқандай негiзi жоқ пiкiр. Мәселе мынада – Алаш қозға­лысына, Алаш қайраткерлерiне 1923-1924 жылдардан бұрын 1917 жылға дейiнгi кезеңде де патшалық билiк сепера­тистер ретiнде қарады. Сондай ұстанымдағы адамдардың қатарында Сталин де болды. Қазақ зиялыларына ұлт­шылдар ретiнде, ұлттық мемлекет құрушы­лар ретiнде қарады. Алаш зиялыларын Қазан төңкерi­сiнен бұрын патша үкiметi, одан кейiн кеңес үкiметi қудалады. Алаштың аймаң­дай ұлы Әлихан Бөкейхановты 1908 жылы Самараға жер аударып, 1917 жылға дейiн елге ке­луiне шектеу жасады. 1922 жылы Семей­ден (Алаш­орда астанасы) ұстап алып кетiп, Мәскеуде бiр бөлмелi пәтер берiп, сонда ұстады. 1937 жылға дейiн Қазақ­станға келуге құқығы болмады.  Сталин 1917 жыл­дан бастап Алаш зиялыларына «ұлтшыл­дар», «жапон тың­шылары» деген ойдан құрас­тырылған сандырақ негiзiнде қарады. Оларды шеттетiп, билiкке жi­бермей, аластап отырды. 1918-1919 жылдардан бастап Сталин билiкке кiмдердi тартты?  Әрине, ұлт-азаттық қозға­лысына қарсы адамдарды бауырына басты. Мұнда алдымен көзге түскенi — Әлiби Жангелдин. 1917 жылға дейiн қазақ қоға­мында белгiлi бiр қызметiмен танылмаған, беймәлiм адам едi. Ол қазақ қоғамы арасында көзге түсуге тырысқан жеке тұлғалар жөнiнде мәлiметтер беру iсiнде кеңеске мейлiнше әдiл болған. Ол туралы «Қазақ» газетiнде мақала жа­зылған. Онда Әлихан Петроград жұмысшы және солдат депутаттары советiнiң жiберуi­мен Бүкiл­ресейлiк құрылтай жиналысына депутат­тыққа тек социал-демократтардың өкiлдерiн ғана сайлауға үгiттеуге Торғай уезiне «миссионер» Әлiби Жангелдиннiң келгенiн, бiрақ оның бұл әрекетiнен ештеңе шық­паған­дығын айтып, сайлау нәтижесiнде Торғай уезi бойынша Алаш партиясы – 54978 дауыс, ал социал-демократтардың бар-жоғы 41 дауысқа ғана ие болғандығын жазады. Әлiби де өз айналасына ұлтқа жаны ашы­майтын­дарды жинай бiлдi. Соның бiрi Мұхамедияр Тұнғачин едi. Ол 1917 жылғы төңкерiске дейiн ұзақ мерзiм iшiнде Орынборда татар және қазақ басы­лымдарының цензоры болып, ұлт-азаттық ұстанымындағы қазақ зиялыларына қарсы патшалық билiкке қызмет жасаған, таба­нының бүрi жоқ адам едi.  Ал Тұрар Рыс­құлов Алашқа қарсы саяси жазалауды бастап бердi деу – ешқандай негiзi жоқ жала. Кеңес үкiметi Тұрардың хатынан бұ­рын да Алашордаға қарсы болатын. Бұл – әншейiн Тұрар Рысқұловтың бiр жазған хатын саудаға салу арқылы ұлы қайраткердiң тарихтағы орнын аласартуға деген сауда­герлiк. Бiз үлкен тұлғаларды бiр-бiрiне қарсы қоюды доғаруымыз керек. Олардың өмiр кешкен заманынан бiр ғасыр өттi. Ал бiз болсақ, екеуара келiспеушiлiктi арзан­датып, рулық деңгейде түсiндiруге тыры­самыз. Бұл – өресiздiктiң, көргенсiздiктiң бейнесi.

— Қазақ мемлекетiнiң қалыптасуына өлшеусiз еңбек еткен ұлт зиялыларының ерлiгi – таусылмас хикая.  Бүгiнде солар салған iзбен егемендiгiн алған шақта олардың  еңбегi қаншалықты деңгейде ұрпақ санасына ұялады?  Бiз Алаш қай­раткерлерiн қалай дәрiптеп жүрмiз?

— «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбеймiз, ендi Алашты ешкiмнiң қор­лы­ғына  бермеймiз деп ұрандаған Алаш ар­дақ­тыларының асыл мұраты орындалды.  Әлихан Бөкейхан «Мемлекеттiгi жоқ халық – жетiм әрi жетекшiл халық. Мемлекеттiгi жоқ халық – елiктегiш халық» деп айтқан едi. Мен соңғы кездерi көпшiлiк ортада Алаш­орда қозғалысын  кейбiреулердiң  әншейiн бiр топ зиялылардың қызметi, солардың қозғалысы деп ойлайтындығына көзiм жет­тi.  Шын мәнiнде, «Алаш» деген сөз – қазақ­тың екiншi аты. XVII-XVIII ғасырларда қазақ­тың екi атауының бiрi Алаш болған. Кеңес идеологиясы Алаш қозғалысын ха­лықтан бөлiп тастауға тырысқан әрi әрекет еткен. Халықты Алашқа қарсы қойған. Бұларға «ұлтшылдар», «буржуазияның қал­дығы» деген айып та тағылған. Шын мә­нiнде, бұл қазақ ұлт азаттығы қозғалысы, Қазақ ұлттық үкiметi деген сөз. Бiз солай қабылдауымыз керек. Егер Алаш қозғалысы болмаса, бiз кiм болар едiк? Бiз сахарада қой соңында қалып қояр ма едiк деген ой келедi. Олар өз бағдарламасымен, iс-әрекетiмен бiздi ұлт деңгейiне көтердi. 1917 жылы жазылған Алаш партиясының бағ­дарламасын еуро­палық кез келген елдiң жо­басымен салыс­тырып, қатар қойып оқуға, қабылдауға бола­ды. Мынау көршi халықтардың (қырғыздар, өзбектер, тү­рiкмендер, тәжiктер) ешқайсысы ондай партия құру, қозғалыс ашу дәрежесiне көтерiлген жоқ. Бiрақ 1917 жылы Қоқанда Түркiстан автономиясы құрылды. Дегенмен оны құр­ғандар да Алаштың арыс азаматы Мұстафа Шоқай болып, өкiметтiң алғашқы төрағасы Мұхамеджан Тынышпаев, ішкi iстер ми­нистрi Серiкбай Ақаев  болды. Алаштық­тардың деңгейiнiң қаншалықты болған­дығын осыдан-ақ байқауға болады. Тағы бiр мәселе – егер Алаш қозғалысының бағ­дарламасы iске асқан жағдайда бiз кiм болатын едiк? Егер орындалғанда бiз мүлдем басқа сападағы, басқа деңгейдегi ұлтқа айналатын едiк.  Мысалы, 1917 жылы өзбек ағайындардың саны – 3,5 миллион, қазақтардың жан саны 5,5-6 миллион едi. Бүгiнде өзағаңдардың саны 30 миллионнан асып кеттi. Ал қазақтар 10 миллионнан ендi асып үлгердi. Неге олай болды? Себебi бiз кеңестiк реформаның даму вариантымен жүруге мәжбүр болдық. Фран­цуздың  ұлы гуманист ғалымы Ашиль-Клод Дебюсси  «Кез келген билiктi бағалаудағы өл­шемді сол мемлекеттегi мемлекет құраушы халықтың санының өсiп немесе кемiп кетуiнен байқауға болады» деген екен. Мiне, 1931-1932  жылдардағы Жоғарғы Кеңестiң сана­ғына негiз­делгенде қазақ халқы жартысынан айырылды. Алаш­тың жеңiлуi – ұлттың же­ңiлуi, бұл – трагедия, бұны мойын­дауымыз керек. Әли­хан Бөкейхановқа  атылған оқ ұлттық идеяға атылған оқ едi. Ал бiз бүгiн сол жоғалтқа­нымызбен табысып жатырмыз. Жақында Қарағанды қаласында алаш­ордашылар туралы үлкен жиын өттi. Сонда бiр профес­сордың айтқандары есiме түсiп отыр. Әлiмхан Ермеков (алаш­ордашы­лардың ең соңынан кеткен  тұяғы едi) 1960 жылдары айтқан екен: «Ұлт-азаттық қоз­ғалысы әлемнiң барлық елдерiнде  болған. Олардың тұлға­лары да империялық күштер тарапынан қудалауға  ұшырады. Бiрақ олар дәл қазақ қайрат­керлерi сияқты баудай оталған жоқ», – дейдi. Оны жасаған кiм? Кеңестiк үкiмет. Ондағы ойы қазақ халқын тәуелдi, ассими­ляцияға ұшыраған ха­лыққа, ұлт мәдениетiн көшiрме мәдениетке айналдырмақ болған. Қазiргi бiздiң тұтынып жүрген көптеген дүниелерiмiз – орыстан, Еуропадан келген көшiрме мә­дениет. Құдайға шүкiр, жерге тасталған дән өлмейдi екен. Қазақ мемлекетi құрылды. Бiз әлем елдерiмен иық тiресе алатын болдық. Әлем күрделi жағдайда өмiр сүрiп жатыр. Бұл жағдай одан ары күрделене бермек. Өйткенi әлемде халықтар саны қауырт өсуiне байланысты жер ресурстары азайып келе жатыр. Соған байланысты талас жүруi мүмкiн.  Сол тiресте күштiлерге шыдау үшiн бiзде ұлттық рух, жоғары мәдениет, сапалы бiлiм болуы керек. Қазақияның астындағы, үстiндегi барлық игiлiк қазақ мем­лекетiне қызмет етуi керек. Әлихан Бөкей­ханның «Оның әрбiр түйiр тасы әр қазақтың өңiрiне түйме болып қадалуы керек» деген даналығы ұрпақ есiнен шықпауы тиiс. Бiр сөзбен айтқанда, қазақ жерiнiң бар  байлығын қазақ болып қана сақтай аламыз.

— Төл тарихымыздың жазылуына бұл күнде тарихшылардан гөрi әде­биетшiлер көптеп атсалысып жүрген сыңайлы. Оның дәлелi – бiздегi тарихи романдар, қол бастаған батырлар туралы өмiрбаяндық романдар көп, ондағы деректерде бiрiздiлiк бар ма?

— Елiмiздiң тарихын жазуда жазушылар басымдық танытып жүр дегенге келiспеймiн. Жалпы, тарихты қашанда тарихшылар жазады. Тарих ғылымында тарихи жад, ғылыми тарих деген екi түрлi ұғым бар. Елдiң, ұлттың тарихы ғылыми негiзде жа­зылуы керек. Сонда ғана ол негiздi, дәлелдi болып шығады. Сол арқылы ұлттың тарих саласын қалыптастыруға болады. Ал тарихи жад халықтың жадындағы тарих негiзiне басымдық бередi. Роман жазушылар көбi­несе тарихи фактiлерге қарағанда халықтың жадындағы деректерге негiздеп, көркемдiк бояу, әдеби образдармен жазады. Халыққа түсiнiктi тiлмен жеткiзiп жатады. Мұның өзi – әдебиеттiң, көркем шығарманың ерек­шелiгi. Қазiргi кезде ғылыми тарихқа келсек, ол қазақ тарихының ең күрделi мәселелерiн игеру жолында тұр. Ерте, көне кезеңдi алып қараңыз, қазақ халқының этногенiнiң шығу негiзiн ғылыми тарих тұрғысынан  антро­полог Оразақ Смағұлов  ағамыз жазып жүр. Бүгiнгi қазақтардың қанында баяғы бiздiң жерiмiзде өмiр сүрген, мемлекет құрған, мәдениет қалыптастырған Сақ, Үйсiн кезеңiндегi халықтардың қаны бар болып, солармен арамызда тiкелей гендiк (гене­тикалық) байланыс бар дейдi. Бұл, негiзiнен, зерттеу нәтижесiнде дәлелденген тұжырым. Құдайға шүкiр, тарихшылар қазақ мем­лекеттiлiгiнiң, ұлтының қалыптасуына, Тәуелсiздiкке байланысты iргелi еңбектердi 21 жылдың iшiнде көптеп жазып, зерттедi. Бiрақ бұдан да қарқындырақ, жемiстiрек болғаны жақсы болар едi. Қалай болғанда да тарихты қорыту процесi кәсiби тарих­шылар тарапынан  жүрiп жатыр. Әрi солай болып қала беруi тиiс. Оны жоққа шығаруға болмайды. Ал ендi жазу­шылар көркем шығармаларында ғылыми еңбектерге сүйенгенi дұрыс болар едi. Әрине, халық арасында сақталған (тарихи жад) дерек­терге негiздеудi терiстеуге болмайды, халықтың жадындағы тарих та керек. Әйтсе де  романистер әр уақытта да ғылыми тарих­ты есiнде тұтса деген тiлек қана. Сонда ғана ғылым мен көркем шығарманың арасындағы табиғи байланыс келiстi үйлесiм табады деп ойлаймын. Онсыз тарихи қателiктерге жол берiп алуымыз мүмкiн. Ал бiзде қазiр етек алып бара жатқаны – региондық масштабтағы батыр­лар туралы көркем шығармалар көптеп жазылып жатыр, тарихты қорытудың жолдары мен әрекеттерi болғандықтан, мүмкiн, ол да керек шығар. Қалай болғанда да жазушылар еңбектерiн халықтың табиғи, тарихи арнасында жазса жақсы болар едi.

– Тарихтан шерткен, тағылымы терең сыр-сұхбатыңызға рақмет.

 

Алашқа айтар датым… 

 Жалпы, ғалымның соқпағы күрделi, ол тегiс, кедергiсiз жол емес. Әсiресе қазақ тарихындағы күрделi тақырыптарға қалам тарту тарихшыға жеңiл соқпасы анық. Онда ғалым әрқилы ұстанымдарға бетпе-бет келедi. Әрине, сiздiң тарих жазудағы ұстанымыңыз қоғамдағы жалпыға бiрдей ұнай қоймасы даусыз. Бiрақ бiр нәрсенi есте сақтаған абзал. Ол тарихшының мiндетi – шынайы тарих жазуға талпыну. Фактiлiк негiзi бар тұжырымдар жасауға тырысу керек.  Бiздiң мемлекеттiлiгiмiз күрделi кезеңдегi даму жағдайында өмiр сүрiп жатыр. Сондай жағдайда бiз әрқашан тарихты ұлттық сана, ұлттық құндылықтар тұрғысында жазуымыз керек. Бiздер қазiр рулық, аймақтық тұрғыдан ой қорытудан өтiп кеттiк. Оны артта қалдыруымыз керек. Ондай ұстанымның болашағы бұлыңғыр. Адамзаттық, мемлекеттiк деңгейде талдаулар жасауымыз, соның аясында халқымыздың өмiрiн түсiндiруге тырысуымыз керек.

Автор: Нұршат ТӨКЕН

 

http://alashainasy.kz/person/41543/

Рубрика: