Жапонның белгілі сәулетшісі Тойо Ито: «Мен өз тәжірибемде архитектураның әдемі дизайннан бөлек, қоғамда маңызды рөл атқара алатын мүмкіндігін көрдім…» деп жазады. Сырт көзге, архитектура тек ғимараттардың әсем салынуы, көркем безендірілуі және бір-біріне ұқсамауымен ғана түсіндірілуі мүмкін. Алайда сәулет өнерінің өзіндік пәлсапасы бар. Қазақстанның белгілі сәулеткері Шоқан Матайбеков: «Архитектура тек асыл тастары, қымбат шығынымен немесе әсемдігі, үлкендігі, биіктігімен өлшенбейді. Онда кез келген мемлекеттің табиғаты, климаты, тарихы және экономикасы ескерілуі керек», – деп санайды.


Шоқан МАТАЙБЕКОВ, архитектор:

–Тау шаңғысы бала күннен – хоб­биім. Алматыда тұрған кезімде бұл спорт түрімен көп айналысатынмын. Астана теп-тегіс, жазық дала ғой. Не істеуге болады екен деп ойладым. Қол­дан тау жасау керек пе деп те жүрдім. Содан астаналықтарға «350 метрлік үйлердің төбесінен сырғанап түсуге ғана болады, басқа амал жоқ» деп қал­жыңдадым. Кейін үйдің төбесіне тау шаңғысымен айналысатын жоба жасау туралы ойлана бастадым. Сызып, ар­тық-кемін түзетіп жаңа кешен жасау­ға болатыны туралы Елбасыға ұсындым. Негізгі артықшылығы, біріншіден, тұрғын үйдің төбесіне салынған тау шаңғысы әлемдік тәжірибеде жоқ. Сол себепті бас қаланың құнды, көр­кем ғимараты бола алады. Екіншіден, қала тұрғындарына арналған көңіл көтеретін орталыққа айналады. Үшін­шіден, үнем. Тұрғын үй онсыз да мемлекет қаражатына салынуда. Үй­дің үстіне шаңғы жолын салу, бөлек шаңғы орталығын салғаннан әлдеқайда ұтымды. Сондай-ақ, қар алмастыратын “Snowflex” деп аталатын жасанды қар арқылы мезгіл таңдамай сырғанай беруге болады.

Image

Жасанды қармен жасасақ, онда екі есе ұтамыз.Шаңғы жолының ені 26 метр болады, екі жағы 4-5 метр биік­тікте қоршалады, ұзындығы жер көлеміне байланысты бір шақырымға дейін созылуы мүмкін. Қауіпсіздік та­лаптары толық сақталады. Сонымен қатар үйдің сыртында шаңғы жолына көтерілетін лифт болады. Біз, архи­тек­торлар, тек қана кешеннің заманауи болуын ойла­мауымыз керек.
Толстой айтпақшы, егер таңғалдыр­ғың келсе – тек шындықты айт. Яғни кез келген нәрсенің шындығын, мәнін табу керек. Ал мән – алтынмен аптап, күміспен қаптап, мәрмәрдән соғу емес. Архитектура тек асыл тастары, қымбат шығынмен немесе әсемдігі, үлкендігі, биіктігімен өлшенбейді. Кез келген мем­лекеттің табиғаты, климаты, та­рихы, экономикасы жергілікті архи­тектураға әсер етеді. Яғни осының барлығы ескерілуі керек. Әлемдік ше­деврлерді қымбат ақшаға қайталап салу – меніңше, топастық. Шедевр ешқашан қайталанбайтыны үшін – шедевр. Мысалы, жапон архитек­тор­лары Париждегі Эйфель мұнарасын әсем етіп салды. Сонда өз бастарына ештеңе келмеген бе деп ойлайсың?! Ме­ніңше, ұлтқа ұят нәрсе. Жарайды, салып болған күннің өзінде сол мемлекетке жараса ма, жоқ па? Ел менталитетіне сай келе ме, халық түсіне ме? Оның үс­тіне, салынатын жоба халыққа пайдалы болуға тиіс.

Ұлттық нақыш – ою-өрнектен ғимарат салу емес

Біздің арғы бабаларымыздың бай мұрасын сақтау, оны ұрпаққа аманат  ету – әр азаматтың парызы. Сондықтан мен ұлтымызға тән тарих, әдет-ғұрып, салт-дәстүрге үнемі асқан ұқыпты­лық­пен қараймын. Маған архитектурада көбіне ұлттық құндылықтар шабыт бе­реді. Сол себепті ұлттық нақыштағы жобаларға ерекше мән беремін. Ұлттық нақышта астарлы пәлсапа болу керек. Мысалы, балбалтас сияқты ғима­рат­тың жобасын жасадым. Дүниежүзілік кон­курста күміс жүлде, ал Мәскеуде өткен конкурста гран-при алды. Бұл – 40, 50 және 60 қабатты мұнара типтес ғимарат. Бірыңғай платформаға қа­лыпталып, мүсінделген. Бұл шешімнің ерекшелігі сол, жаңа орталықтың өзін­дік қайта­ланбас келбетін ерекшелендіре түседі. Сонымен бірге ерте заманғы ба­бала­рымыздың рухын асқақтатып, ма­те­риал­дық мәдениетінің озық үлгісін сәт­ті сабақтастырған қазіргі озық тех­нологияның көркем үлгісі десек, артық болмас.Түрік мифологиясы бойынша, мүсіннің негізгі мағынасы – халықтың рухани өмірінің қорғаушысы. Тас мү­сіні ежелгі ғибадат етушілердің негізгі пішіні болып есептелген. Ал 3 – қасиетті сан деп саналған. Бұл – өзіме ең ыстық жо­бала­рымның бірі. Астана қаласында салыну керек болған. Араб инвестор­ларының  көмегімен салынады деп ше­шіл­ген. Қаржы жағынан қиындық көр­ген­нен бе, жоба біразға созылып кетті.

Қытайда Орхон Енесей кезіндегі 21 балбалтасы табылды. Қытай би­-лігі табылған тастарға үлкен жауап­кер­шілікпен қарап, «балбал» тастарды бір жерге жинақтады. Сөйтіп, қазақтың ұлт­тық этнографиялық-туристік орта­лы­ғын ашты. Сол жерге тарихымыздан хабар беретін руникалық монументтер жасадым. Мәселен, «Таңбалар» жоба­-сы қазақ ру-тайпаларына тән таңба­лар­дан жасалған. Қазақ тарихында әр ру­дың тарихынан хабар беретін өзіндік таңбалары болғанын білеміз. Сол таң­ба­ларды цилиндр тәрізді етіп жинақта­дым, ортасында субұрқақ салынған. Су­бұрқақ мәңгілік қозғалыс және өмір дегеннен хабар береді. Ал барлық ру-тайпалардың қосылуы, қазақтың бір­тұтас мемлекет және ол мәңгілік де­геннің символы. Биіктігі –12 метр, ра­диусы – 6 метрлік монумент. Сондай-ақ балбалтасының за­ма­науи түрін бейнелейтін мүсін. Дала тасы­ның пайда болу тарихының әр-түрлі нұсқасы болғанменен, нақты жа­уабы әлі күнге дейін белгісіз. Биіктігі – 9 метр. Алыстан қарасаң, кәдімгі ежелгі ғасырда табылған тас мүсіні секілді. Әр түрлі ракурста мүсінді әрқалай көрсе­тетін жұқа қабатты темірден жасалды. Бұл мүсінге әртүрлілік және тарихына тән құпиялық береді.

«Қобыз залы» жобасы Астана қала­сындағы «Жасыл аймақ» саябағында салынды. Әртістік, музыкалық сынып­тар, келген қонақтарға арналған бөл­мелері бар, 400 орынды концерттік зал. Қобыз және басқа қазақтың ұлттық аспаптарына арналған зал. Жалпы аума­ғы – 12 417 шаршы метр. Он үш жасынан қобыздың қасиеті қонған даңқты қо­бызшы Тілеп Аспантайұлының есімі берілген. Жобаның негізгі идеясы – қа­зақ даласындағы шөп. Жел соққанда, шөп пен желдің үндесуінен қобыздың дыбысына ұқсас ұлыған дауыс шығады. Яғни екі дыбыстың астасуы және қазақ даласындағы қобыз деген мағынасы бар.

Бүгінгінің бар ісі қымбат

Бір сәулетші «егер сенің жасаған жұ­мысыңның 20 пайызы жүзеге асса, се­нен бақытты архитектор жоқ» деген екен. Ол рас! Бұл тұрғыда мен бақыт­тымын. Себебі жасаған жобаларым­-ның көбі салынды. Үлкен ғимараттан бастап, ресторан, монумент, мектеп, тұр­ғын үй, мешіт және тағы басқалары. Бүгінгінің бар ісі қымбат. Біз сондықтан да уақыттан оза жүрмесек, ұтылғанымыз. Әлемдік деңгейге жету үшін уақыттан оза жүруіміз аса қажет. Еуразиялық қол­таңбамен қатар, қазақтың ұлттық на­қышына тән айрықша үлгідегі жоба­лардың көптеп жүзеге асырылуына мән беру керекпіз. Кеудеңде жан барда, оның үстіне миың қалыпты жұмыс жа­сап тұрғанда, жобалар әлі жасалынады. Менің тіпті дайын бірақ салынбаған жобаларым да бар. Соның бірі – ерекше ықылас, тебіреніс, жан-дүниемнен ту­ған «Бұлтпен таласқан үй» жобасы. Биіктігі 320 метрдi, 70 үстіңгі және 6 жер­­асты қабаттарын қамтиды. Ақ бұлт­тар – ты­ныш­тық пен бейбіт өмірдің символы. Сол себепті ғимарат бұлтқа ұқ­сас блок­тардан тұрады. Әр блок 9 қабаттан жа­салған. Яғни кеңсе, банк, қонақүй, сауда және ойын-сауық орталықтары­-на арналып салынады. Бұлтқа ұқсас блоктардың ортасына биіктігі 12 метр 5 ашық кеңістік са­лынған. Әр кеңістік 5 құрлықтың аты­мен аталады. Және со­ған сәйкес ди­зайны жасалатын болады. Ашық ке­-
ңістіктер демалыс орындарына ар­налған. Онда бар, кафе, ресторан және киім-кешек сататын шағын дүкен­дер. Ал төменгі қабаттарында автотұ­рақтар. Бұл 2007 жылы «Жылдың үздік жобасы» номинациясы бойынша ма­ра­патталды. Осындай жобаларымды жү­зеге асыру, Қа­зақстанның кез келген жерін көркей­ту негізгі арманым десем болады.

Айдана НҰРМҰХАН

 

http://www.aikyn.kz/

Рубрика: