vvvРесейдің Сочи қаласында өтетін XXII қысқы Олимпиадаға қатысатын ұлттық құрамамыз киетін бірыңғай форманың дизайнын қарапайым халық анықтайды. Бұл туралы кеше арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Спорт және дене тәрбиесі істері жөніндегі агенттіктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп мәлімдеді.

2014 жылғы қысқы олимпиалық ой­ын­дарға қатысатын ұлттық құрама үшін спорт­тық киімнің үлгісіне бұдан он күн бұрын байқау жарияланған болатын. Осы аралықта еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден әртүрлі дизайн­дық үлгілер ұсынылған. Барлығы 19 жұ­мыс­ты сараптап, үздіктерді анықтау оңай болмағанын айтқан Д.Ахметшәріп: «Осы мақсатта арнайы құрылған комиссия келіп түскен еңбектердің ішінен үздік үштікті анықтады. Жеті адамнан тұрған комиссия құрамында олимпиада чемпиондары, са­ла мамандары және біздің агенттіктің өкіл­дері қатысты», – деді.

Алғаш болып түркістандық Мұрат Мә­лікұлы өзінің еңбегін жолдаған. Бұдан ке­йін арысы Америка Құрама Штаттарынан, берісі Бейжіңнен кәсіби деңгейі жоғары жұ­мыстар келіп түскен екен.

 

 

Жасыратыны жоқ, халықаралық жа­рыс­тарда біздің ұлттық құраманың бірың­ғай формасы, мемлекеттік байрағы біздікі сияқты сары, көк түспен безендірілген Ук­раина, Швеция сынды мемлекеттердің спорт­шыларының киім үлгісімен ұқсас шы­ғып жүр. Соның кесірінен көп жағдайда шетелдіктер біздің спортшыларымызды украиндармен немесе шведтермен шатас­тырып жатады. Осындай олқылықтарға жол бермес үшін ұсақ-түйек сияқты көрі­нетін мәселелерден бастап, мамандардың кәсіби біліктілігіне дейінгі жоғары талаптар қойылған. Спорт және дене тәрбиесі істері жөніндегі агенттіктің ресми өкілі жур­на­листерге іріктеліп, ақтық сынға өткен үздік үш жұмысты кеңінен таныстырды.

Бірінші Бейжіңнен жолданған дизайн­дық үлгі ұсынылды. Авторы – Доу Гуан Чжоу Таис Петровна. Қытай астанасында дизайндық технология бойынша білім алып жатқан маман – Қазақстан азаматы, Тал­дықорған қаласының тұрғыны. Спорт­тық киімдердің неғұрлым икемді болуын басты назарға алған Доу Гуан Чжоу Таис Петровна парадтық форманың шағын, әрі өте жеңіл болуын қалайды екен. «Сочиде күн жылы болатынын және ашылу, жабылу салтанаты стадионда өтетінін ескерсек +5, +7 градусқа осындай шағын формалар қажет-ақ», – дейді Диас Ахметшәріп.

Ақтық бәсекеге жолдама алған екінші дизайнер – атыраулық Айжан Бокаева. «Айоко Бо» компаниясы қазақтың бөрігіне ерекше мән берген. Мемлекеттік рәміздер­ді әсем бейнелеуді естен шығармаған ма­ман өзге елдің спортшыларының киім үлгі­сі тәрізді «Kazakhstan» деген жазуды фор­маның алдына безендіруді ұсынған.

Үшінші жұмыс алматылық «Zibroo» ком­паниясына тиесілі. Аталған дизайн ор­талығы таныстыруды аса қажет етпейді десек те болады. Себебі 2011 жылы Аста­на мен Алматыда өткен VII қысқы Азия ойындары кезінде биатлоншыларға, алау ұстаушыларға арнайы киім үлгісін ұсынған болатын.

Ресми өкіл «бұған дейін ірі халық­ара­лық жарыстарға бірыңғай спорттық киім тігіп келген Құралай Нұрқаділованың «Құ­ра­лай» сән үйі де қатысты. Иә, кәсіби ше­берлігіне шүбә келтірмейміз. Алайда комис­сия құрамындағы мамандар жаңа­шыл­дықты байқамағандықтарын айтып, ақтық сынға өткізбеді» деді.

Оның айтуынша, Ванкуверде өткен олимпиада кезінде бір спортшының киім жабдықтарына 370 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалған екен. Ал бұл жолы бір формаға 500 мың теңге мен 5 мың АҚШ доллары арасында қаржы қарастырылатын болады. «Әрине, оның ішіне 30-ға жуық киім кіреді. Және бұған мемлекеттің ғана қаржысы емес, жекелеген демеушілер де тартылып отыр», – деді Д. Ахметшәріп.

Айта кетейік, үздік деп танылған үш ди­зайн­дық еңбекке дауыс беру www.sport.gov.kz сайтында үш күн бойы жүргі­зіледі. Оған әрбір азамат өз үлесін қоса ала­ды. 30 мамыр күні агенттік жеңімпазды анықтап, оларға арнайы сый ұсынады. Бірін­ші орын иегеріне Сочи-2014 ойында­рына екі жолдама берілсе, екінші, үшінші орын алған дизайнерлерге олимпиадалық экипировка бұйырады.

Автор: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ

 

http://alashainasy.kz/sport/43064/

Рубрика: