АЛТЫНОРДА
Новости

Украинадағы дағдарыс – Еуропа тағдыры мен әлемдік геосаясат болашағын шешеді

obozrevatel.comБүгінгі күні Украинадағы жағдайдың өрбуі әлемдік саясаттың өзгеруіне алып келу мүмкіндігін ешкім жоққа шығарып отырған жоқ. Украинадағы дағдарыстың себебі мен салдары Ресей мен АҚШ арасындағы текетірестің нәтижесі екендігінде ешқандай шүбә жоқ. Әрине, дағдарыстың пайда болуына бірінші кезекте Украинаның өз ішіндегі факторлар да әсер етті. Дегенмен, ішкі факторлардың сыртқы ойыншылармен тығыз байланысында ешқандай күмән жоқ. Батыстық Ющенконы Ресейлік Януковичтің ауыстыруы. Ресейлік Януковичтің Еуроодақпен «жаңа әріптестік» орнату ниеті, мемлекеттің ішіндегі жемқорлықтың бұрын-соңды болмаған жемқорлық пен мемлекеттік басқару механизмдерінің тиімділігінің күрт құлдырауы, батыстың ішкі механизмдерді пайдалана отырып, антиресейлік тиімді саясатты жүзеге асыруы, Путин амбицияларының әлемнің өзге де аймақтарына таралуы, Қырымды қосып алып, Шығыстық сепаратистерді қолдау саясаты… Мұның барлығы үлкен бір геостратегиялық ойынның құрамдас бөлігі екендігінде күмән жоқ.

Әлем саясатында мұндай дағдарыстар әдетте тепе-теңдік орнату үшін қолданылатын механизмдер. Бүгінгі Украинадағы жағдайға тарихи аналогия берер болсақ, қазіргі заман тарихынан бірнеше орын алған қақтығыстардың немен аяқталғандығын саралап көруге болады.

Бірінші кезекте, Кубадағы революцияның нәтижесіндегі «Куба дағдарысына» үңіліп қаралық. Куба дағдарысына бірнеше ішкі факторлар — Үкіметтің жемқорлығы, авторитарлық жүйе, халық жағдайының күрт нашарлауы, Куба Үкіметінің өз саясатындағы тиімсіздікті ескермегенде, бұл ойында халық тиімсіз Үкіметтің АҚШ қуыршағы ретінде қарастырылғандығы ықпал етті. Егемендікке деген ниет, АҚШ-тың ішкі саясатқа белсенді араласу ынтасын шектеуге бағытталған халық қаһары билікке Фидель Кастроны әкелді. Фидель Кастро өзін бірінші кезекте КСРО мемлекетінің өкілі ретінде қарастырып, ел экономикасына тиісті өзгерістер енгізуге мүдделі болды. Бірақ бұл жанжалдың басында АҚШ-тың НАТО-дағы одақтасы Түркияға АҚШ ядролық қаруларының енгізілуі себеп болды десек қателеспейміз. Көрші мемлекетке геосаяси бақталастың ядролық қаруының кіруі КСРО-ны бей-жәй қалдырмады. КСРО өзі қолдаған «үміткер Кастродан» тез нәтижелерді талап етті. Нәтижесінде Куба революциясы жеңіске жетті. Әрине АҚШ Үкіметі Куба революциясын ауыздықтау үшін елден қашқан мигранттардан жасақ құрап интервенция жасауға тырысты. Дегенмен КСРО-да шығарылған жақсы қарумен қаруланған революционерлер АҚШ әскерлеріне тек қана төтеп беріп қоймай, КСРО-дан геостратегиялық көмек ретінде ядролық қару сұрауға негіз таба алды. КСРО бұл бастаманы ресми түрде қолдамағанымен, өзінің әскери-теңіз күштерін бағыттауға шешім қабылдады. Бұл дағдарыстың ядролық соғысқа алып келуі мүмкін екендігін түсінген Кеннеди мен Хрущев, дағдарысқа жол бермеу үшін бірі Түркиядан, екіншісі Кубадан өз ядролық қаруларын алып кетуге кепілдік берді.

Әрине, кез-келген сарапшы бұл дағдарыстың аналогиясын бүгінгі Украинадан да көре алады. КСРО ыдырағаннан кейін есін жинап, ұлыдержавалық амбициялары бар екендігін жасырмайтын Ресей мен әлемдік гегемон АҚШ арасындағы алғашқы күш сынау Украинада жүзеге асып отырғандығында ешқандай күмән жоқ. Бұған дейінгі Сирия, Мысыр, Ливия немесе Абхазия мен Оңтүстік Осетияда орын алған даулардың ешқайсысы Украинадағы қақтығысқа жетпейді. Украинадағы дағдарыс бірнші кезекте екі ұлы державаның мүдделер таласына айналып келе жатқандығы белгілі. О баста Ющенконың билікке келуінен басталған ойын бүгінгі күні ашық қақтығысқа айналғандығында ешқандай күмән жоқ.

Дегенмен Куба дағдарысы мен Украина дағдарысының арасында айырмашылықтар да жоқ емес. Бірінші кезекте Куба дағдарысы тең дәрежелі қарсыластардың күш сынасуы болатын. Қазіргі Ресей мен АҚШ-тың геостратегиялық салмағын салыстыруға келмейді. Жоспарлы экономика мен нарықтық экономика арасындағы дағдарыс немесе әр түрлі режимдер арасындағы идеологиялық тайталастық туралы да айтуға келмейді. Ресей өзін нарықтық экономикасы бар мемлекет ретінде жариялағалы бері жаһандық экономиканың маңызды бөлігіне айналғандығына ешқандай күмән жоқ. Ресей экономикасының АҚШ экономикасымен таласуға да, экономикалық ықпал ету аймағын кеңейтуге де еш мүмкіндігі жоқ. Минералды ресурстарға негізделген экономиканың ең маңызды ерекшелігі оның әлем нарығына тәуелділігі екендігі белгілі. Олай болса сол табиғи ресурстарды тұтынушы мен сатушының арасындағы дау бірінші кезекте тұтынушы пайдасына шешілетіндігіне ешқандай күмән жоқ. Бұған дәлел ретінде мұнай мен газ бағасының төмендеуін айтуға болады.

Екіншіден, Куба дағдарысында АҚШ тиімсіз Үкіметті қолдаса, КСРО зұлымдыққа қарсы күресуші тарап ретінде көрінді, яғни бірінші кезекте ұлт мүддесін қорғаушы ретінде көрінді. Бұл жолы рөлдер басқаша бөлінді. Ресей Қырымды әр түрлі саяси әдістерді қолдана отырып басып алды. Халықтық референдум нысанында көрініс тапқан бұл әрекет Украинадағы тұрақсыздыққа алып келді. Шығыс Украинадағы орыс этносының өкілдері өзін Украин азаматтары емес, бірінші кезекте Ресей империясының өкілдері екендігін жасырмады. Бір қызығы ресми Кремль бұған шектеу қоюдың орнына, «Украина аймағында ешқашан мемлекет болған емес» немесе «бұрынғы КСРО-ның құрамындағы еуропалық бөлігінде Ресей империясынан басқа мемлекет болған емес», «Қазақстан аумағында бұрын мемлекет болған емес» секілді мәлімдемелермен қоздырдып отырды. Бұл Ресейдің тіпті жақын одақтастарының арасында Ресейге деген көзқарасты өзгертті. АҚШ ешқашан Кубаның территориялық егемендігіне қол сұққан емес. Оның мемлекеттігіне күмән келтірген емес.

Үшіншіден, Куба дағдарысының барысында тараптар тиісті нәтижеге қол жеткізді. Алайда Украин дағдарысындағы ұсынылып отырған келіссөздің барлық форматтары осы уақытқа дейін өз тиімсіздігін көрсетіп келе жатыр. Мейлі Германия, Франция, Ресей форматы болсын, мейлі Ресей, Қытай, Үндістан форматы болсын, мейлі Минск, мейлі Астана форматы болсын өз тиімділігін көрсетпей отыр. Яғни, дәстүрлі Біріккен ұлттар ұйымы секілді шешім қабылдау механизмдері өзінің тиімсіздігін көрсетіп отыр. Жәй ғана тиімсіздігін көрсетіп отырған жоқ, жаңа әлемдегі кез-келген дағдарыста жаңа тетіктерді қарастыру мүмкіндігін де азайтып отыр. Ымырасыз Ресейді тоқтату үшін Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы ұйымының механизмдері де, Еуропа кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы да қауқарсыздық танытып отыр.

Төртіншіден, Украин дағдарысы мемлекеттің ұлттық мүддесінің соңғы қатарға кеткендігін айқындап бергендей. Ұлт өз таңдауын жасады. Янукович Украинадан кетті. Бірақ мемлекеттің өз таңдауын жүзеге асыру құқығы осы уақытқа дейін бұлай тапталған емес. Ұлттың өз Үкіметін таңдауы көрші ұлы держава тарапынан қолдау таппаса, төңкеріс ұйымдастырылу мүмкіндігі бүгінгі күнгі әлемдік саясат аксиомасына айналып кеткендей. Бұған Таулы Карабах, Преднестровье, Оңтүстік Осетия, Абхазия елдеріндегі жағдай мысал бола тұра, ешқашан Ресей өз еліне қосымша территория қоспаған еді. Бүгінгі күні Ресей Қырымды өз құрамына қосу арқылы халықаралық қатынастардың жаңа кезеңінің басталғандығын көрсетіп берді.

Бесіншіден, Украинадағы дағдарыс итжығыс нәтижеге әкелуі екі талай. Себебі, АҚШ-тың өз шарттарынан бас тартуы өз одақтасының егемендігін сатумен бірдей бағаланады. Яғни АҚШ татулыққа тек қана Қырым мен Шығыс Украина Украина құрамына қайта еніп, демократиялық режим билікте қалған жағдайда өз миссиясын орындалды деп есептеуіне болады. Мұндай болмаса біріншіден, АҚШ әлемдік тәртіпті белгілеуші мемлекет мәртебесінен айрылады. Екіншіден, Ресей секілді амбициясы күшті мемлекеттер әлемдік ықпал етудің жаңа орталықтарына айналып, АҚШ-пен кеңеспестен өз сыртқы саясатына сай әрекет жасай алады. Бұл АҚШ-тың ұлы держава ретіндегі рөлін шектейді. Алайда Ресей АҚШ үшін қажетті қорытындыға мойын сұға алмайды. Себебі, бүгінгі Қырымды басып алу мен Шығыс Украинаны қолдауға байланысты саясатының нәтижесінде шеккен зардаптарын халыққа қалай түсіндіреді? Бүгінгі инфляция, халық жағдайының күрт нашарлауы, тұтыну тауарларының шектелуі, алтын қорының күрт азаюын ақтау үшін Путиндік Ресей Қырымды да өз құрамында қалдыруға ынталы, Шығыс Украинадағы сепаратисттерді қолдауға да мәжбүр.

Алтыншыдан, Украинадағы дағдарыс Еуропаның болашағын айқындайды. Еуропа бұл жеңістен өзінің қай одақтасқа арқа сүйеуге болатындығын бағалайды. Осы уақытқа дейін Еуроодақ АҚШ-ты қолдап келді. Ресейге байланысты түрлі санкциялар жариялап, экономикасын әлсіретуге септігін тигізді. Дегенмен ресми Кремль Еуропаны АҚШ ықпалынан өз ықпалына аударуға мүдделі екендігін жасырмады. Германия, Франция, Ресей форматындағы кездесулердің жиілеуі — Еуропаның бұл дағдарысты жылдам шешуге мүдделі екендігінің көрсеткіші. Ресей газын, мұнайын тұтынушы Еуропаға әлемдік аренадағы дағдарыстардың керегі жоқ. Оның үстіне Украина — Еуропалық мемлекет. Ресей де Еуропаның бір бөлігі. Бұл екі ел арасындағы қақтығыс жалпыеуропалық қауіпсіздікке кері ықпал ететіндігі сөзсіз. Мұхиттың ар жағындағы одақтастың қолдауы маңызды болғанмен, көршілермен де тату тұру маңызды. Ресейдің әлемдік саясатта белсенділігінің артуы Еуропаға тиімсіз. Себебі, Украинадан басталған ықпал ету аймақтарын қайта қарау тұтас Еуропаның мәселесіне айналуы мүмкін. Бірақ бұл дағдарыста Еуропаға «өзінің кандидаты» ретінде көрінген Порошенко мырза бетін АҚШ-қа бұрғалы бері Еуропа «кандидатсыз» қалды. Яғни бұл геостратегиялық ойында Еуропа не АҚШ, не Ресей құрамында «ойнауға» мәжбүр. Яғни Еуроодақтың дербес еуропалық саясат жүргізу мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан болар соңғы уақытта Еуропа өзін арпалысушы күштердің бірі емес, өз дербестігінен айрылған аймақ секілді көрінеді. Бұл жағдайда Еуропа дағдарыстың тез және Украинаның пайдасына шешілуіне мүдделі.

Жетіншіден, бұл дағдарыстан ұтып отырған елдердің бірі — Қытай. Себебі мұнай құнының арзандауы Қытай экономикасының өсу қарқынын жоғарылатса, Ресейдің Қытайға газ сату ниеті экономиканың бұдан әрі қарай арзан энергия көздерімен қамтамасыз етуіне ықпал етеді. Қытай әзірге екі жақты да ашық қолдап отырған жоқ. Дегенмен, өз экономикалық әлеуетін әскери қуатпен ұштастыра алатын Қытайдың жаңа әлемдегі геостратегиялық басымдыққа ие болуы мүмкін екендігіне күмән тудырмайды.

qamshy.kz

Автор: Шыңғыс Ергөбек

Толығырақ: http://alashainasy.kz/alashuni/ukrainadagyi-dagdaryis—europa-tagdyiryi-men-alemdk-geosayasat-bolashagyin-63178/

материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі