АЛТЫНОРДА
Новости

Украинада президент сайлауына дайындық басталды

Украинада президент сайлауына дайындық шаралары басталды. Президентті мерзімінен бұрын сайлау 25 мамырға белгіленген.

Бүгіннен бастап елде президенттікке кандидаттарды ұсыну басталды. Кандидаттарды ұсыну 30 наурызда аяқталады. Украина орталық сайлау комиссиясы үміткерлерді 4 сәуірге дейін тіркейді. Президенттікке үміткерлер өз-өзін ұсына алады немесе партия атынан ұсынылады. Тіркелу үшін кандидаттар екі жарым миллион гривен (шамамен 280 мың АҚШ доллары) түрінде кепіл төлеуі қажет.

Президенттік түсетіні туралы қазірдің өзінде Харьков облысының губернаторы Михаил Добкин мәлімдеп үлгерді. Ақпарат құралдарында кандидаттар ретінде УДАР партиясының жетекшісі Виталий Кличко мен таяуда ғана түрмеден босатылған экс-премьер Юлия Тимошенконың да аттары аталады. Бірақ олар бұған қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

22 ақпанда Украина Жоғарғы Радасы президент Виктор Янукович жоғалып кеткен соң елде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы қаулы қабылдаған. Президент міндетін атқарушы болып Раданың жаңа спикері Александр Турчинов сайланды.

Турчиновтың айтуынша, президент сайлауын өткізу үшін екі миллиард гривен қажет.

 http://www.azattyq.org/archive/news/20140225/330/330.html?id=25276212