АЛТЫНОРДА
Новости

Украин әскері Дебальцево маңынан шегінді

Украин әскерилері Донецк облысының Дебальцево қаласына жақын Чернухино елді мекенінде ресейшіл сепаратистермен арадағы шекара сызығынан төрт километр ішке қарай шегінуге мәжбүр болды. Бұл жайында ЕҚЫҰ бақылаушылары миссиясы украин әскерінің бақылау және үйлестіру орталығының генерал-майорына сілтеме жасап хабарлады. Украин қарулы күштері өкілінің дерегінше, қазір шекара белдеуінде сепаратистермен кескілескен шайқас жүріп жатыр.

Сепаратистер өкілдері халықаралық бақылаушыларға Чернухинодан украин жағының келісімінсіз өзін-өзі жариялаған «Луганск халық республикасы» территориясына 200 тұрғын эвакуациялағанын айтқан. Сепаратистер тұрғындарды алып бара жатқан көлік керуені атқыланып, үш адам жараланғанын айтады. Бірақ бұл ақпаратты ЕҚЫҰ бақылаушылары растамады.

ЕҚЫҰ миссиясы бұған қоса пилотсыз басқарылатын ұшы аппараты Маруипольдың шығыс жағында соғыс жүріп жатқан аймаққа кетіп бара жатқан танк, БТР колонналарын және басқа да әскери техникаларды  байқағанын айтады.

Шығыс Украинадағы қақтығыс сепаратистер Донецк әуежайын басып алған кезден күшейген. Қазір Дебальцево қаласын бақылауға алу үшін украин әскері мен сепаратистер кескілескен ұрыс жүргізіп жатыр. Үнемі атқыланып жатқан қаладан бейбіт тұрғындарды көшіру өте қиын болып тұр. ЕҚЫҰ-ның Шығыс Украинадағы бақылау миссиясының баспасөз хатшысы Майкл Бочуркивтің сөзінше, Дебальцево гуманитарлық апат жағдайында тұр.

http://www.azattyq.org/archive/news/latest/330/330.html?id=26839628