АЛТЫНОРДА
Новости

Түркия билігі Фетхулла Гүленге жаңа айып тақты

Астана. 25 ақпан. Baq.kz – Түркия билігі қашқында жүрген діндар Фетхулла Гүленді билік өкілдерінің телефон байланысын тыңдады деп айыптауда деп хабарлайды Reuters. Премьер-министр Реджеп Тайып Ердоған кеңесшісінің айтуынша, Гүлен қазіргі билікті бопсалап, оның халық алдындағы сенімін түсірмек болған. Алайда, діндардың қорғаушысы бұл жайтты жоққа шығарып отыр.

Түркия премьерінің кеңесшісі Ялчын Ақдоғанның сөзіне сенсек, соңғы бірнеше жылда 7 мыңға жуық адамның телефонмен сөйлескені тыңдалған. Олардың қатарында, премьер-министрдің өзі және өзге де лауазымды тұлғалар бар. Осы ұрланған материалдар негізінде саясаткерлер мен шенеуніктердің үстінен өз беделін салып, қылмыстық іс қозғауға дайындалған дейді Ақдоған.
Телефон байланыстарының жаппай тыңдалуы Стамбұл прокуратурасына жаңа қызметкерлердің келуінен кейін белгілі болды. Олар тыңшылықты куәландыратын құпия құжаттар тауып алған. Кейінірек белгілі болғаны, прокуратураның бұрынғы қызметкерлері «Селям» деп аталатын белгісіз ұйымға қарсы тексеру жүргіземіз деп, соттың санкциясымен телефон байланыстарын тыңдаған.
Бұған дейін Түркия билігі Гүлен мен оның «Хизмет» деп аталатын ұйымын желтоқсандағы жаппай қамаулардан кейін жемқорлыққа қатысы қатысы бар деп айыптаған болатын. Ол кезде елдегі бернеше министрдің балалары қамалған еді. Артынша олар (министрлер) қызметтерін тастап кетті. Ал, құқық қорғаушылардың бұл әрекетіне жауап ретінде билік өкілдері бірнеше полицей мен прокурорды қызметінен босатқан.
Фетхулла Гүленнің өзі болса тоқсаныншы жылдардың соңынан бері АҚШ-та тұрып жатыр. Оны Түркия аумағында ислам мемлекетін құрмақ болды деп айыптаған болатын. Дегенмен, Гүлен елден қуылса да Түркия тәртіп сақшыларымен тығыз қарым-қатынасын үзген жоқ.

 

http://baq.kz/