Елімізге мемлекеттік сапармен Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов келіп қайтты. Әріптесімен алдымен Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оңаша кездесті. Жеке, жүзбе-жүз әңгімелесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың негізгі бағыттары бойынша бірлескен іс-қимылды жандандыру мәселелері қозғалды. Атап айтқанда, президенттер сауда-экономика, отын-энергетика және көлік транзиті салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты өркендету жайын қарастырды. Бұл ретте мәдени ықпалдастық мәселелері бөлек сөз болғандығын айта кеткен жөн.


Шыны керек, Түрікменстанның Түркия­мен мәдени-гуманитарлық серіктестігі мықты, ал қазақстандық зиялы қауым өкілдерінің бәрінен бұрын Ресей мәдениетімен тығыз бай­ланыста екендігі жасырын емес. Респуб­ликаларымыздың кезінде бір Одақта бол­ғандығына, қазір бір аймақта екендігімізге қа­ра­мастан, қазақ пен түрікмен интелли­ген­циясы тонның ішкі бауындай жақын арала­-сып отыр­ған жоқ. Екі ел басшысы өзара әңгімелесе келе, осы олқылықтың жойылуына ықпал етуге ұйғарғанға ұқсайды. Сөз басында Нұрсұлтан Назарбаев та Түрікменстан пре­зидентінің Қазақстанға сапарының маңыз­дылығын атап өтіп, көршілес екі елдің мәде­ниет, тіл, дін және рухани салалардағы жа­қындығына екпін түсіре сөйлеген еді. Ал жоғары деңгейдегі келіссөздер қоры­тындысында Қазақстан мен Түрікмен­стан­ның «Зиялылар форумын» өткізетіндігі мәлім бол­ды. Мұны екеуара кездесуден кейін ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жа­саған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
– Қазақстан мен Түрікменстан арасында мәдени-тарихи байланыстар алдағы уақытта одан әрі тереңдей түседі, – деді ол. – Біз «Тү­рік­менстандағы Қазақстан күнін» және «Қа­зақстандағы Түрікменстан күндерін» өткізу туралы келістік. Бұған қоса, Зиялылар форумы мен Іскерлер форумын да өткізу туралы уағ­даластық. Мұның барлығы біздің халықта­рымызды жақындата түседі, ынтымақтас­ты­ғымызды, байланысымызды арттырады.

– Шынында, тарих, тіл, мәдениет ортақ­тығының біздің серіктестігіміздегі маңызы зор, – деді Гурбангулы Бердімұхамедов. – Біз сіздердің дара әрі бай мәдениеттеріңізге ерекше құрметпен қараймыз. Сөз жоқ, бұл кездесу екіжақты ынтымақтастыққа айрықша серпін береді және біздің байланыстарымызды нығайтуға ықпал етеді. Бұған қоса, жас ұрпақтың да араласып-құраласуына жағдай жасалмақ. Н.Назарбаев оқу қуған түрікмен жастарының біздің елі­міздегі халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орнында ғылымды игере алатындығын біл­дірді. Атап айтқанда, Назарбаев Университеті бауырлас көрші ел үшін алыс шетелдегі ғылым ордаларына балама бола алар еді. Өз кезегінде қазақстандық жастар үшін де бұл елге барып, мамандық игеруге жол ашылмақ: Түрікменстан да өзінде халықаралық білім нарығында же­текші әлемдік ЖОО-лармен бәсекелесуге тиісті ғылым ордасын құрып жатыр екен. Оның әрине, өзіндік сырлары бар, бірақ Кеңес Одағының қамытынан құтылып, Азат­тық айдынына сүңгіген қос ел бір-бірімен дипломатиялық қарым-қатынастарды тек 1993 жылы ғана қайта орнатыпты. Осы орайда екі жақтан үкіметтік делегация өкілдері қа­тысқан кең ауқымдағы келіссөздер барысын­-да Нұрсұлтан Назарбаев қос мемлекет ара­сында дипломатиялық қатынастар орнауы­ның 20 жылдығына орайлас өтіп отыр­ғандықтан, бұл сапардың символдық мәні бар екеніне назар аудартты.

Елбасының айтуынша, бұл кездесу тағы бір жайтқа байланысты тарихта қалмақ. «Сіз­дің сапарыңыз аса маңызды тарихи оқиғаға – Қазақстаннан Түрікменстанға бағыт алатын, ары қарай Иран аумағы арқылы Парсы шы­ғанағына дейін жететін темір жол учаскесінің ашылуымен сәйкес келді. Бұл әлемдік мұхит­тағы ірі порттарға шығуымызға мүмкіндік бе­реді. Көліктік коммуникациялар біз үшін өте маңызды мәселе болып табылады. Сондықтан да мен бұл оқиғаны тарихи деп атап отырмын» деді Н.Назарбаев.
Айтқандай, артынша қос мемлекет бас­шыларының кездесуі Ақтауда, екі елге ортақ Каспий жағалауында жалғасқан. Нұрсұлтан Назарбаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов «Өзен – Берекет – Горган» жаңа темір жол құрылысының қазақстандық-түрікмен телімінің іске қосылу салтанатына қатысты. «Енді келер жылы бұл жолдың қалған бөлігін салып біту ғана қалады, – деді Қазақстан Көшбасшысы. – Сонда Қазақстан Түрік­мен­стан арқылы Парсы шығанағына, ал Тү­рікменстан Қазақстан арқылы Ресейге және одан әрі Еуропаға шыға алады. Бұл – біздің бірлескен ерен жұмысымыздың нәтижесі».

Қазақстан Президенті Түрікменстан­нан бастау алып, Қазақстан арқылы Қытайға ұзайтын газ тасымалдау жүйесінің қуатты­лығын келешекте 65 миллиард текше метрге дейін жеткізу жоспарланып отырғандығын хабарлады. Қазіргі таңда бұл жүйемен 40 мил­лиард текше метр «көгілдір отын» ағын­дауда. Қос мемлекет басшысы Ақтауда – Түрік­менстанның, ал осы елдің Түрікменбашы қаласында – Қазақстанның консулдығын ашуға уағдаласты. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев түрікмендерге Қазақ елінде салы­нып жатқан жаңа көліктік «күретамырларды» «аспанасты елінің» алып нарығын игеруге бел­сенді пайдалануды ұсынды: «Біз бүгінде Жезқазғаннан Ақтауға дейін темір жол салу­дамыз, ол Түрікменстанға Қытай нарығына темір жолмен шығуға, біз тұрғызып жатқан «Қорғас» мемлекетаралық орталығына қаты­суға мүмкіндік береді. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік дәлізін де Түрікменстан осы мақсатта әжетке асыра алар еді».

Елбасы«Түрікменстанды өңірдегі ең жа­қын ел, тату көрші,сенімді әріптес ретінде қарастыратынын» айтты. Ал Түрікменстан басшысы Қазақстанды өз елінің «басымдық­-ты әріптесі» деп мәлімдеді. Бұл бауырлас екі елдің арасына сына қаққысы келетін арам пиғылды жандарға берілген белгі болуы керек. Көрінгенді сылтауратып, қос мемлекет шека­расында қазақстандықтарды «құрықтау», байлап-матап әкетіп, қамап тастау секілді жа­распас әрекеттер де сап тыйылуға тиісті. Гурбангулы Бердімұхамедов осы сапары барысындағы келіссөздер «екі елдің ары қарай да өңірлік оң үдеріске жәрдемдесуге, бір-бірінің ілгерілеуі мен гүлденуіне ықпал етуге дайындығын растағандығын» айтты. Қазақ­стан мен Түрікменстан басшылары келер жылы АҚШ және коалиция әскерлері шыға­рылғаннан кейінгі Ауғанстандағы ахуалды реттеу шаралары жөнінде жан-жақты ақыл­дасқан, сондай-ақ Каспийде және Аралды құтқаруда екіжақты өзара іс-қимылдың көк­жиегін белгілеген екен. Бұған қоса, қос мем­лекет БҰҰ, ЕҚЫҰ және ТМД аясында ын­тымақтастықты жалғастыруға уағдаласты. Назар аударар жайт, Гурбангулы Бер­ді­мұхамедов «бейтарап Түрікменстанды» ары қарай оқшаулауға емес, енді өзге елдермен ықпалдастығын арттыруға ден қойғандай. Осы орайда Елбасы әріптесіне: «Біз сіздің жүргізіп отырған Түрікменстанның әлеу­мет­тік-экономикалық өмірін жаңғырту саясатын жоғары бағалаймыз!» дей келе, сонымен бірге Түрікменстан президентінің халықаралық қо­ғамдастықпен, соның ішінде аймақ бойынша көршілерімен ынтымақтастықты жандан­ды­руға бағытталған бағдарын да ресми Астана­ның қолдайтындығын мәлім етті.  Түрікменстан президентінің мемлекеттік сапары қорытындысында екі ел басшысы «Бір­лескен мәлімдеме» қабылдады. Мұның сыртында екі елдің сыртқы саясат мекемелері арасында ынтымақтастық бағдарламасы мен хаттамасына қол қойылды. Еліміздің Ұлттық ғылым академиясы болса, Түрікменстанның Ғылым академиясымен келісімге отырды. Сондай-ақ «ҚТЖ» Ұлттық компаниясы түрік­мендік әріптесімен ынтымақтасуға уағдала­сып, тиісті меморандум бекітті. Қазақстан Көшбасшысы Түрікменстан басшысының «бұл сапары достық және ба­уырластық рухын нығайтуға серпін бере­тін­дігіне» сенім білдірді.

 

http://www.aikyn.kz

Рубрика:

Елімізге мемлекеттік сапармен Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов келіп қайтты. Әріптесімен алдымен (more…)

Рубрика: