til2Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Ана тілім – ардағым» атты фестиваль Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қорытындыланды.

Салтанатты шара қала әкімі Ахметжан Есі­мовтің құттықтау сөзімен ашылды. Тіл­ге қатысты жыл бойы атқарылған шара­ларға кеңінен тоқталған Ахметжан Сма­ғұл­ұлы қазақ тілінің кең өріс алуына жас­тардың айтарлықтай ықпалы бар екенін айта кетті. «Алматы – жастардың қаласы. Қазір шаһарымызда жоғары оқу орындарында 187 мыңдай студент білім алуда. Бүгінгі біздің тұрмысымызды, әсіресе жастардың өмірін интернетсіз, әлеуметтік желілерсіз елестету мүмкін емес. Демек, интернеттегі бұқаралық ақпарат құралдарында бел­сенділікті арттыру тілді дамытудың басты шарты және бүгінгі тіл саясатының ең жал­ғыз тірегі болады. Өйткені ХХІ ғасыр – ақпараттық технологияның, былайша айт­қанда, экранның, интернеттің ғасыры. Біз­дің жұмысымыздың келешек өрісі де соған тәуелді. Бұл орайда Алматы жастарына үл­кен жауапкершілік жүктеледі», – деді А.Есімов.

Биылғы жылы Алматы қаласында мем­лекеттік тілді меңгергендердің саны 4,5 пайызға артқан. Биыл өткізілген әлеуметтік зерттеулерге сай, ұлтына қарамастан мем­лекеттік тілді меңгерген қала тұрғындары­ның үлесі 62 пайызға жетіпті. Ал ресми мә­ліметтер бойынша, Алматыда қазақтар­дың үлесі 55 пайызды құрайды екен.

Фестиваль барысында Алматы қаласы­ның әкімі А.Есімов осыған дейін өткен «Мем­лекеттік тіл және БАҚ», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Үздік аудармашы», «Қа­зақ тілінің үздік оқытушысы», «Абай оқу­лары» қалалық байқауларының жеңім­паз­дарын марапаттады.

Қазылар алқасының шешімімен «Ана тілі» газетінің тілшісі Бағдагүл Балаубаева «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының «Баспасөздегі үздік журналист» номина­ция­сының жеңімпазы атанса, «Үздік теле­журналист» номинациясында «Алматы» телеарнасының тілшісі Дастан Сапашов топ жарды. «Үздік радиожурналист» но­ми­на­циясында «Шалқар» радиосының тілшісі Құралай Жұмаханова үздік деп та­нылды. Ал «Қазақпарат» ақпарат агенттігі­нің аға тілшісі Ерлік Ержанұлы интернет-сайттағы үздік журналист атанды.

Әуезов ауданындағы №53 балабақ­ша­ның қазақ тілі оқытушысы Сәрсен Ержано­ва «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» байқа­уы­ның, Алматы-1 стансысындағы ішкі іс­тер желілік басқармасының қызметкері Ерғали Шашаев «Үздік аудармашы» бай­қа­уының, №56 гимназияның 8-сынып оқу­шысы Лия Уразаева «Абай оқулары» бай­қауының жеңімпазы атанды.

Жеңімпаздарды қала әкімі Ахметжан Есімов марапаттап, бағалы сыйлықтар та­быс етті.

Автор: Заңғар ШЕГЕБАЙ

http://alashainasy.kz/culture/46024/

 

 

Рубрика: