АЛТЫНОРДА
Новости

ТАРИХИ КӨТЕРІЛІС ХАҚЫНДА

7cf2fd53e3b444d5d2a7057d8b55df8b (1)Мемлекеттік тәуелсіздігімізді баянды ететін шарттардың біріне ұлттық санамыздың айқындығы мен тарихи жадымыздың бекемдігі жатары дау туғызбаса керек. Ендеше осынау асыл қасиеттерді халқымыздың бітім-болмысына, әр ұл-қызымыздың тұла бойына тынымсыз егіп, ширатып, пісіре түсу ләзім. Бұл үшін өткен жолдарды сын көзбен шолып, сүзіп, тиісінше – сана мен жадқа нәр құйып, болашақ қадамға қажет тәлім, сабақ ала беру керек. 1986 жылғы Желтоқсан – тап сондай көзқарасты талап ететін өте маңызды, қасіретті де қастерлі кезең.

Қоғамдық құрылыстың дүниені дүр сілкіндіре ауысуына байланысты қаулап шыққан қалың көсемге – «шешен емес жоқ адам, бәрі білгіш, бәрі де ер» саясатшыларға – халқымыздың ардақты ұлы Міржақып Дулатов 1917 жылғы желтоқсанда мынандай сауал тастаған-ды: «Кешегі қара күндерде, Жұлдызсыз, айсыз түндерде, Жол таба алмай сенделіп, Адасып алаш жүргенде – Бұл күнгі көп көсемдер, Сұраймын, сонда қайда едің? Ақыл таппай дағдарып, Жан ашыр таппай сандалып, Барарын қайда біле алмай, Жүрген бір күнде сан ғарып – Есепсіз көп шешендер, Жөніңді айтшы, қайда едің? Сарыарқа сайран жерлерім, Көк орай шалғын көлдерім, Бәрін жауға алдырып, Асқар тау, биік белдерім, Қысылып қазақ тұрғанда – Данышпандар, қайда едің? Атадан бала айрылып, Қанаты сынып қайрылып, Қасірет толып жүрекке, Тұрған бір кезде қайғырып – Толып жатқан қамқорлар, Елде жоқ едің, қайда едің? Құландай үркіп елдерің, Қалдырып мекен жерлерін, Жаяу-жалпы, жалаңаш, Қатын, бала ерлерің Аштықтан қырғын тапқанда – Сыпыра жомарт, қайда едің? Кедейдің сорын қайнатып, Майданға жасын айдатып, Тіл жоқ, көз жоқ, басшы жоқ, Өлімге басын байлатып, Жіберерде – жаным-ау, Жан ашыр жақын, қайда едің?».

Құдды 1986 жылғы Желтоқсан тұғырынан қазіргі таңда қойылған өткір сұрақтар дерсің. Осылайша мойындамауға ұяты алдында адал болғысы келетін әркімнің дәті шыдамаса керек. Рас, үстем идеологияға, яки билеуші төреге арқа сүйейтін жәдігөй де екіжүзді «бас адамдар» үшін бұлар жай ғана жел сөз, өйткені олар тарихты өздері жасайды. Ал арлы кісі ойланбай тұра алмайды. Кімнің кім екенін – who іs who – іштей «Қайда едің?» тұрғысынан таразылайды. Іштей де болса қай-қайсысына да ылайықты бағасын береді.

Азаматты танудың бірден-бір иманды өлшемін бұдан бір ғасыр ілгеріде, әлеуметтік және экономикалық ілімдердің соңына жас шағында шырақ алып түсіп жүрген пролетариаттың болашақ көсемі дәл айқындаған болатын: «Тарихқа сіңірілген еңбектер тарихи қайраткерлердің қазіргі талаптармен салыстырғанда не бермегеніне қарай емес, өздерінен бұрынғылармен салыстырғанда жаңа не бергеніне қарай бағаланады».

Қай заманда да азаматтыққа сын ретінде, адамның азаматтығының өлшемі, кімнің бағасы қай деңгейде тұрғанын өлшер безбен ретінде ел басына күн туған сәттерді алу ләзім. Жасыратын не бар, әділет қуам деп от пен суға әй-шәй жоқ қойып кететіндер пендешілік тұрғыда ұтылады. Ондайлардың кез-келген қитұрқы сүзгіге бірінші болып тұтылатыны белгілі. Ал қадамын іш есеппен, санап басатындар аңқылдақ алғашқылар оп-оңай шырмалып жататын торлардан дін-аман құтылады. Ондайлардың, уақыты келгенде, белсене құтыратыны да рас. Өткен дәуірлер мұндай қадамдар мен қылықтарды дәйектер мысалдарға тұнып тұр, қазіргі заман да кенде емес…

Өтпелі кезеңде өткінші әділдік салтанат құрып, жаңа белсенділер өз біліктерімен дәуірлейді. Сондықтан ғой – Жақаңның «Қайда едің?» деп қайран қалғаны. Сондықтан ғой – «Енді бүгін кім жаман? Данышпан емес кім надан? Қамқор емес, кім жауыз? Жомарт емес, кім сараң? Көсем емес, кім жалтақ?.. Жеткіздің, алла тағалам» деп күйінгені. Сондықтан!

Бүгінде Сексен алтыншы жыл сергелдеңін сөз ете беру кейбіреулерге ұнамайды, өйткені тап сол жылғы Желтоқсан толқуы, дұрысын айтқанда – Желтоқсан көтерілісі және олардың сол Көтеріліске көрсеткен ұлт мүддесіне үйлеспейтін көзқарасы әшкереленіп қалар еді. Стандартқа еті үйренген кеңес елін жаппай дүр сілкінтіп, жалпақ әлемді елеңдеткен сонау қазақ жастарының дүрбелеңді қозғалысына кім-кімнің қалай қарайтыны – оның отаншылдығының шынайы табиғатына таразы, әділетсүйгіштігіне, азаматтық көзқарасына өлшем, критерий болып табылады. Шынтуайтқа келгенде, мұндай ар мен адалдық өлшеуішіне ондайлардың көбі шыдас бермейді.

Сексен алтыншы желтоқсанның қаһарлы үш күні мен ызғары «жаңа 37-ні елестетіп» ұзаққа созылған қырғи-қабақ ахуалдың қайғылы салдарлары, бұрмалаулы жазалаулар туралы аз айтылған жоқ. Ол – неосталинизмнің жан айқайға басып ашу шақыруы еді. Ол – тоталитарлық жүйенің репрессиялау аппараты бағыныштыларына көрнекі үлгі боларлық террор жүргізіп, жүгенсіздікпен тайраңдаған кез болатын. Ол – партия мен кеңес өкіметінің біз ес білгелі бері тұңғыш рет жиренішті жазалаушылар мен бағындырып-жуасытушылар деңгейіне дейін құлдырауы-тын. Ол – империялық күштердің өз қатарына барлық қазақ еместер мен қазақтардың жағымпаз да жарамсақ бөлігін қосып алуға, сөйтіп, қазақ халқы мен түрлі ұлт өкілдері арасына сына қағуға ашық тырысқанын көрсетуі-тұғын.

Жүйеге, биліктегілерге жағыну ыңғайымен тіл безеп, әйтеуір жау тауып жазалап қалуға тырысатындардың қысастығын менің өзіме де тікелей түйсінуге тура келген еді.

1986 жылғы 17 желтоқсан күні кешкісін мен Брежнев атындағы жаңа алаңнан соған дейін тек кинолардан, шетел тележаңалықтарынан көзге түсуі ықтимал әскери төңкеріс яки революциялық жағдай сипатты сурет көрдім. Үлкен алаңның төрт бұрышында – алаулап жанған төрт машина. Өрт тілі ұзарып, адам толы алаң үстінен төнген қараңғы аспанға сұғына сіңіп кетіп жатыр. Орталық мінбенің екі қанаты жағалай тізілген әскер. Бұрын-соңды көзімізге тірідей түспеген тұрпатта: мұздай боп құрсанған қалқандарымен үрейлендіре қарауытады. Алаң ортасында – екі жерге дөңгелене шоғырланған жастар. «Жа-са, қа-зақ! До-лой, Кол-бин!» деп, бір ауыздан, бір ырғақпен қосыла айғайға басып тұр.

Не болған мұнда? Мынау не? Сәби өңді бір бала қолындағы темекі қорапшасын бір бүйіріне құлап отқа оранып жатқан автомобильдің бауырына қарай лақтырып жіберді де: «Ә, ППМ ғой», – деп теріс бұрылды… Аяғы аспаннан келген, өрт құшағына берілген «көшпелі милиция бекеті»… Өрімдей жас қыз менің қайран қалған аңқау сауалыма ызалы сарынмен қатқыл жа-уап қатып, әлгінде мына солдаттардың алаң толы қыз-жігітті шоқпармен ұрып жайратып салғанын, соққыға жығылған жетпіс-сексен адамды әлдеқайдан шапшаң пайда бола қалған «жедел жәрдем» көліктері салып-салып әкеткенін айтты…

Сол түнгі сағат екіде биік дәрежелі партактив мәслихат құрды. Шамасы, маңызды жиын нұсқауын орындауды жедел қолға алғаны шығар, Жоғарғы Кеңес Төралқасы аппараты партия ұйымының хатшысы 18 желтоқсанға қараған таң қараңғысынан телефонды безілдетіп, коммунистердің бірқатарын кеңсеге жиып алды. Топ-топқа бөліп, қала аудандарына жіберді.

Мен тап келген Октябрь аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы бұндай жағдайдың басқа республика емес, тап Қазақстанда болуы ықтимал-ау деп ешқашан ойламағанын айтып басын шайқап отырды… Бір кезде оған әлдекім рациямен Айнабұлақтан орталыққа қарай бір үлкен топ – көп адамдар легі шыққанын хабарлады. Топ алдында қолын сілкілей сөйлеп, жеке-дара бір белсенді кетіп бара жатқан көрінеді. Хатшы колоннаны алаңға дейін милициямен себесіндеп аман-есен апаруды тапсырды…. Алаңға халық жасақшыларын бастап таңертең кеткен ауатком төрағасы түстен кейін оралды. «Қырылып қалды ғой қазақ жігіттері, – деп құпиялай сыбырлады ол маған, – өтіп бара жатқандарында шоқпармен бір соғып қиралаң еткізеді де, көше жиегіне қарай сүйретіп әкете береді…»

Кешке қарай бізді ауданнан өз жұмыс орнымызға шақыртты. Орталық Комитетте әзірленген, Жоғарғы Кеңес Төралқасы Төрағасының аузымен айтылмақ сөз мәтінін қазақшалаумен шұғылдандық. Ұзамай оның салқынқанды жүзбен жария еткен «бірлі-жарым бұзақылық қадам өзгерте алмаған тып-тыныш ахуал туралы» көпе-көрнеу бұрмаланған, ешкім сенбейтін хабарын теледидар шартарапқа таратты…

Қарусыз қыз-жігіттердің қалың қатарына әлденеше мәрте шабуыл жасаған солдаттар қарлы алаңда жүздеген жанды жусатып тастады, олардың орындарынан тұрмай қалғандары қаншама. Жүздеген кісі түрлі жарақатпен ауруханаға түсті. Әскерилер ұрып-соғып жүріп ұстап алғандарын жүк машиналарына жансыз зат тәрізді бей-берекет лақтыра тиеп, қоқыс шығарғандай, қала сыртына таси жөнелді, айдалаға апарып, самосвал қорабынан бейне-бір керексіз қоқысша төкті. Ондаған жігітті алаңнан өкшелей атқылап, тауға қуды. Есепсіз көп қыз-жігітті милиция бөлімшелеріне қамап, нашақор етіп көрсету әрекеттерін жүзеге асыруға тырысты. Әсіресе қыздарға айрықша қорлық көрсеткен мысалдар төбе шашыңды тұрғыза дүңк-дүңк естіліп жатты. Көшеде кешті қойып, тапа-тал түсте ұлттық негізде ұстап алу, яки соққыға жығу қаланың әр жерінде орын алды. Алаң шетіне жәй көрермен ретінде тақалғандардың өзі кінәліге айналды, оларды құпия орган агенттері түсірген суреттері арқылы іздеп тауып, әрқайсысына партиялық, комсомолдық, қылмыстық жаза үлестіруге кірісті…

Жер-жерде ұлыорыстық астамшылдық интернационализмге баланып, тек орыстық сана ғана интернационалистiктi бiлдiредi деге ұғым қанға сiңгендей болған. Соның салқыны Желтоқсан оқиғасы кезiнде қатты сезiлдi.

25 желтоқсан күні таңертең Жоғарғы Кеңес Төралқасы аппаратының партия жиналысы болатыны жайында хабарланды. Жұмыстан соң, кешке, 17-18 желтоқсан оқиғалары арнайы талқыланбақ. Мен жан-дүниемді күйзелткен сәйкессіздік жайында үндемей қала алмайтынымды ұқтым. Айтпақ сөзімді кешке дейін қағазға түсіріп алдым. Қызмет күйбеңдерінен қол қалт еткенде ғана шұғылданғаныммен, негізгі ойларымды жүйелеп үлгердім, олар қалам ұшына өздері сұранып тұрған, өйткені бәрі ұзақ жылдар бойы қалыптасқан берік иланымнан туындаған еді.

Менің сол кездегi пiкiрлесiп тұратын қызметтестерiмнiң бiрi (тарихи отанындағы украиналықтарды ұлтшыл деп есептейтiн, орыстанып кеткен украин Шульга) әйгілі Пленум қарсаңында өзiнiң биiк жақтағы әңгiмелерден хабардар екенiн сездiрiп, бiрiншi хатшының орыс болатынын мақтанышпен аян етті. Мен ондай ықтималдықты жоққа шығармайтынымды, бiрақ, солай еткен жағдайда, оның үлкен тарихи қателiк болатынын айттым. Бұл соншалықты бiр көрегендiк емес, жәй ғана, ұлттық сезiм шарпуынан туған тұжырым едi. Екеуiмiздiң арамыздағы кереғарлау әңгiмелер оқиға күндерi жалғасып ширыға түстi де, ақыры, 1986 жылғы 25 желтоқсанда менiң партия жиналысында оқиға жайында сыни сөз сөйлеуiме, соған байланысты Шульга мен орыс-қазағы аралас басқалардың (Корнев, Дунаев, Жабағина, Зубченко, Жылтыров, т.б.) менi аппараттан аласталуға тиiс ұлтшыл қатарына қойып дүрлiгуiне ұласты.

Ал мен қарапайым жәйттердi айтқан едiм. Алаңдағы қақтығысқа өзiмiздiң кiнәлi екенiмiзге назар аударғанмын. Ең үздiк насихатшыларымызды сонда апарып, түсiндiру жұмыстарын жүргiзудiң орнына, 17–20 жасар жап-жас балаларымызға әскери күш жұмсадық, қабаған иттердi айтақтадық. Алаңға жиналған өрiмдей қыз-жiгiтке қарсы, сондай-ақ, халық жасағын жұмылдырдық. Халық жасағы жұмысшылардан (ал олардың көпшiлiгi өзге ұлт өкiлдерi) құрылған-ды. Солардың қолдарына темiр бiлiктерден, қымбат кабельдерден қиып сойыл, қамшы бердiк. Сөйтiп, ұлттық тұрғыда қарсы тұру сипатты ахуалды қолдан тудырдық.

Ал қазақ орыспен әрдайым тату болатын. Тiптi, партия-кеңес қызметкерлерiнiң бұрмалаулары салдарынан екi миллиондайы аштықтан қырылып қалғанда да ол орыс халқына, партияға сенiмiн жоғалтпаған. Мәселе – ұлт сая­сатында бүгiнгi таңда жол берiлiп келген кемшiлiктерде. Орыс мектептерiнде қазақ тiлi дұрыс жүрмейдi, оған керексiз пән ретiнде қарайтын көзқарас қалыптасқан, т.с.с.

Қысқасы, балаларды алаңға бардың екен деп оқудан, комсомолдан шығару қате, оларды айыптамай, тәрбиелеу керектiгi, ал жазалаушылар мен бағындырушылар деңгейiне құлдыраған асыра сiлтеушiлермен қатаң әңгiме жүргiзу қажеттiгi жайындағы ойларды сөзiме арқау еткенмiн.

Жарыссөзде қатардағы Шульга деген жауапты қызметкер «саяси тұрғыда осынша қауіпті Қойшыбаевпен бұдан былай қайтіп қатар қызмет атқаратынын» білмей «қиналды». Бөлім меңгерушісі Дунаев қарамағындағы қызметкерінің есімі мен әкесінің атын аса бір жылы ілтипатпен атап, оның «бейсаяси сөзді елеусіз қалдырмай, шешімді түрде тойтарыс берген белсенділігіне» ризашылығын білдірді, партия комитеттері алдында солқылдақтық көрсетпей, менің осынау күмәнді сөзіме саяси баға беру керектігін сөзінің соңында шегелей кетті. Қатардағы жауапты қызметкер Зубченко коммунистерді менің сөзімнен «батыл түрде іргені аулақ салуға» шақырды. Бөлім меңгерушісі Жабағина да өзінің сол күндері әлдебір облыс орталығында қайдағы бір шіп-шикі балалардың көшеге шығып көтерілгеніне тойтарыс беруге қатысқанын аян етіп, әлгі белсенді әріптестері нобайлаған төңіректе ұрандатты. Обалы нешік, жиналыс соңында баяндамашы, Жоғарғы Кеңес Төралқа Төрағасының орынбасары Чернышев менің сөзіме тоқталып, біраз кемшілікті орынды ашқанымды мойындады. Басшымыздың ондай салиқалы талдамасы, алайда, саяси белсенділіктері ойда жоқта керемет серги өрлеп кеткен қызметтестеріме аса әсер етпеді. Олар менің қолымнан сөзімнің жазбаша мәтінін «қырағылықпен» қағып алды да, машинкаға бастырып көбейтіп, тиісті орындарға жөнелтіп жатты…

Тоталитарлық сана тұтасып тұрған шақ болғандықтан шығар, менiң сөзiм республиканың биiк кеңсесi iшiндегiлерге осылай, төбеден жай түскендей әсер еттi. Төралқа аппараты коммунистерiнiң екi партия жиналысында, арнайы комиссиясында, партбюрода, аудандық парткомиссияда, аупартком бюросында талқыға түстiм.

Алғашқы жиналыстағы сөзімді арнайы комиссия «зерттеп», мені бюрода қараған. Мен олардың дайындаған «зерттеуімен» танысып, жазбаша түрде мынандай наразылық білдірген едім: «ҚазКСР Төралқасының партбюро хатшысы жолдас М.Ф. Бабушкинге СОКП мүшесі Б.О.Қойшыбаевтан. Мен бүгін менің жеке ісімнің материалдарымен танысып шықтым. Менің ісімді мұқият тексеру үшін құрылған партбюро комиссиясы бұл мәселеге менің дүниетанымымды, идеялық сенімімді қаралауға жасанды түрде бәрін бұра отырып, біржақты келді деп есептеймін. Бұл ретте комиссия өзі қолайлы көрген фактілерді түпмәтіннен жұлып алып, менің сөзімнің негізгі ойына еш қатысы жоқ өз ұйғарымы астына қасақана орналастырды. Комиссияның біржақты құмарлығы менің сөзімде жоқ «шараларды айыптау» және «талап ету» деген тіркестерді ойдан шығарып қосуға дейін барды.

Комиссия мені «осы оқиғалар үшін негізгі кінәні демагогиялық пайымдаулары арқылы партия және совет органдарының қызметкерлеріне артуға тырысты» деп жазады. Мен ересек ұрпақтың, партия-совет қызметкерлерінің кінәлілігі туралы айттым, олардың ішіне өзімді де жатқыздым. Сол оқиғаларды мардамсу, ойына келгенді істеу, істің нақты ахуалын әсірелеп көрсетуге тырысу, идеологиялық, насихаттық жұмыстың өмірден ажырып қалуы және «жайбарақаттық» жылдарда біздің нақты жағдайды сезіну қасиетіміздің солғындануы біртіндеп «дайындады», күрт бетбұрыстан кейін де интернационалдық жұмысты жүргізуге тез икемделтпеді (менің жеке ісімнің 9-шы беті). Бұл ойлар Алматы оқиғаларына қатысты барлық құжаттарда, есептерде бар, демек, мен өз адресіме айтылған демагогияға салынды деген айыптауды қабылдай алмаймын.

Комиссия: «Оның сөзінде партия аукомдарының кейбір басшылары Қазақстан КП ОК Пленумының шешімдері түсіндіруде «зұлым» тәсілдерге барды деген тұжырым бар», – деп жазады. Мен шынында да партия аукомы хатшысының түсіндірмесінің қарабайырлығы жайында айттым (ж.і. 10-беті). Адрессіз айттым, оным Жоғарғы Кеңес Төралқасының Төрағасы мен Совет аукомының бірінші хатшысында болған әңгімелерде түсінбеушілік туғызды. Сондықтан, екінші партжиналыста мен осы ақпарат шыққан бұлақты аштым. Бұл комиссия айтқандай – ақталуыма әрекеттенуім емес, менің қателіктерімнің себептері туралы жиналысқа түсініктеме беруім еді. Ауком хатшысының айтқандарын бізге ж. Шульганың жеткізгені, оған менің қатаң пайым, эмоция, ашу білдіргенімді үш жолдас растаған (ж.і. 15, 16, 22, 23, 25-беттері), соларға қарамастан комиссия шындыққа сәйкес келмейтін кері қорытынды жасапты, мен мұнымен келіспеймін.

Комиссия менің сөзімде: «өткенде құдды билік органдары тарапынан асыра сілтеулер жасау салдарынан жергілікті ұлт адамдарының жаппай қырылуы орын алған делінетін ойдан шығаруларға жол берілген», онысы «болған оқиғаларды ақтауға тырысудың тап өзі болып табылады», – деп жазады. Комиссия таққан «ойдан шығару» жұлып алынып, мүлдем қарама-қарсы пайымдауға жапсырылған дербес мағыналық салмағы бар абзац мынандай: «Ешкім де, еш уақытта қазақ және орыс халықтарының достығын, қазақ халқының Ленин партиясына деген сенімділігі мен сүйіспеншілігін жоя алмайды. Ұлт көрген көптеген қиыншылықтарға төзе отырып, адамдардың қолы осыған жетті, ғасырлар бойы достықтың қасиетті діңгегін қалады. Біздің еліміздің түрлі тарихи кезеңдерінде көрініс тапқан қазақ халқының жалпыға мәлім интернационалдық актісі туралы айтпай-ақ қояйын. Тек көпшілікке мәлім емес мына бір фактіні ғана еске салғым келеді: Қазақстанда коллективтендіру кезінде партия-совет қызметкерлерінің асыра сілтеулері нәтижесінде қазақ халқы екі миллиондай адамнан айырылған, тіпті соның өзінде де партияға деген, орыс халқына деген сенімін жоғалтпаған еді. Демек, біз бұл сенім мен сүйіспеншілікті қастерлеп, бағалауға тиіспіз. Өсіп келе жатқан ұрпағымыздың әкелерінің революциялық дәстүрлеріне адал боп, шын мәніндегі интернационалист болып өсуі үшін барлығын істеуіміз керек, бұл біздің борышымыз» (жеке істің 11-беті). Деректі сәтсіз алынған десе де, оның мұнда абзацтың басты және жалғыз, дара идеясын дұрыс толықтырып тұрғанын жоққа шығару мүмкін емес. Ал «асыра сілтеуді ойдан шығару» туралы айтсақ, комиссияға тым болмаса өзін осында «кіші Октябрь» жасап жүрмін деп есептеген Ф.И. Голощекин өмірбаянының қазақстандық кезеңін білу жеткілікті болар еді. Демек, осы жағдайда да комиссия ойдан шығарып отыр, мен, әрине, оған қарсымын, өз келіспеушілігімді білдіремін.

Комиссия: «Қойшыбаев жолдас тәртіпсіздіктерге қатысқан партия мүшелері мен комсолецтерге қолданылып жатқан шараларды айыптайды, сонымен бірге, «тәртіп сақшылары қатарында ерекше ынта көрсеткен солдаттар, милиционер, жасақшыларды қатаң жауапқа алуды» талап етеді», – деп жазады. Мен іс жүзінде комиссия айтқандай айыптап тұрған жоқпын, тек ұсталғандардың партия мен комсомолдан шығарылып жатқаны туралы атап айттым, оқиғаға қатысушыларға айыптау тұрғысынан келмеуді, алданғандарды арандатушылардан бөліп қарауды өтіндім, оларды «болашақ үшін тәрбиелеген дұрыс» болатынын айттым (ж.і. 14-б.). басқасының бәрін комиссия ойдан шығарған. Оған алдымен сөз мәтінін менің көмегіммен партжиналыста сөйленген қалыпқа келтіріп алу керек еді, өйткені мәтінді менен жиналыстан кейін бірден алып алды ғой. Ал комиссия мұның орнына, менің «саяси сенімсіздігім» хақындағы өзінің қолдан жасалған ойын растау үшін, мәтіндегі сызылып тасталған сөйлемдерден өзіне «тиімді» үзінділерді қалпына келтірген. (ж.і. 6-б.).

Комиссия менің «кездейсоқ қате жіберуім» мүмкін емес, менің сөзім «алдын ала дайындалған» деп жазады. Менің дайындалғанымды жазбаша мәтін растап тұр. 25/ХІІ 1986 ж. таңертең жиналыс жайында хабарлады, не ойлайтыным туралы айтуды сұрады. Мен Шульгамен дауласқаннан кейінгі эмоциялы ахуалдан арыла қоймаған едім, партқызметкер жайындағы мысал тәрбие жұмысының дұрыс ғылыми жолға қойылмағанын растап тұрған. Сол шақта интернационалдық тәрбие жоқтығы атап айтылған Қазақстан КП ОК Бюросының мәжілісі жайындағы есепті (24/ХII 86) оқып отырғанмын. Содан мен, қызмет істері ара-арасында сөз дайындап алдым. Асығыс болғандықтан да, бірінші жиналыста-ақ мойындаған қателіктерім сонда кетті. Менің интернационалдық тәрбиені түбегейлі жақсарту қажеттігі жөніндегі негізгі пайымдарымда жаңа ештеңе де жоқ. Теориялық қисындарымның бәрі – партсъездерден, В.И. Ленин еңбектерінен, бұл ойдың бәрі СОКП ОК Қаңтар (1987 ж.) Пленумында М.С. Горбачев жолдастың баяндамасында расталған. Алайда комиссия сөздің басты мәніне жете алмады, жеткісі келмеді деп ойлаймын.

Партбюро отырысы комиссия анықтамасы ауқымында өтті, бюро мүшелері бұдан бір айдан астам уақыт бұрынғы алғашты жиналыс әсерінен айыға алмаған, мені қайткенде «жерлеуге» – өте қатаң жаза қолдануға да, менің шығармашылық жолымды қиюға да, жұмыстан босатуға да құлшынысты.

Алайда, маған дөрекі түрде қара жалау тағуға құмартқаннан басқа, мен өзімнің сөзімнің бейсаясилығын растайтындай ешбір аргументті дәлел естімедім. Сөзде фактілер келтіру жағынан елеулі қателер бар, мен оларды барлық инстанцияларда, жиналыстарда және партбюро отырысында мойындадым және соларым үшін кешірім сұрадым. Ал сөздегі негізгі ойларым менің идеялық иланымыма жауап береді, мен олардан бастартпаймын, себебі олар партия талаптарына, қайта құру рухына сәйкес және ғылыми коммунизмге негізделген.

Партбюроның 31/І-1987 ж. шешімімен келіспеймін, осы туралы Сізді жазбаша хабардар етіп отырмын. Б. Қойшыбаев. 2/ІІ-1987 ж.»

Менің келіспеуіме ешкім қиналған жоқ, жазасын берді де, бекітуге аупарткомға жіберді. «1986 жылғы 17–18 желтоқсанда Алматыда болған оқиғалардың себептерiн бұрмалағаны [үшiн], кiнәнi партия-кеңес органдарының қызметкерлерiне аударуға әрекеттенгенi үшiн» деген тұжырыммен («За извращение причин событий 17-18 декабря 1986 года, имевших место в г. Алма-Ате, попытку переложить вину на работников партийно-советских органов») маған КОКП мүшесiнiң есеп карточкасына жазылған қатаң сөгiс берiлдi.

Мен бастауыш ұйым берген бұл әділетсіз жаза партияның аудандық комитетінде алынып тасталар деп үміттендім. Парткомиссия ісін жүргізуші әйел менімен соншалықты түсінісіп сөйлескендей көрінген, тіпті балаларымның қазақ мектебінде оқитынын да сұрап біліп, бауырмалдық танытқандай еді. Сөйтсем, ол менің жауабымнан өзінше ұйғарымға келіп, ой түйіпті – парткомиссия мәжілісінде ол мені партиядан шығару туралы ұсыныс жасады. Дауыс қақ айырылып, бір ғана қолдың мен жаққа артық көтерілуімен бастауыш партия ұйымының шешімі күшінде қалды…

Аупартком Бюросында аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы маған дүрсе қоя беріп, «сен баррикаданың арғы жағына шықтың» деп сөкті, бюро мүшелерін мені партиядан шығаруға шақырды. Әбүйір болғанда, оның үзеңгілестерінің бәрі бірдей қызыл көз емес екен… Ауаткомның төрағасы Александр Акуленко мен аупарткомның бірінші хатшысы Айгүл Қадырбекованың ой-пікіріне құлақ асушылар көпшілік болды. Жазаның өзгермей бекігеніне тәубә дедік.

Жүйе жаны орыс боп кеткен қызметкерлерге даңғыл жол ашып қойған-ды. Өзі де оңбай тұрған компартияның мүлдем абыройдан айрылуына іліми тиянағы тайғанақ сондайлар мол үлес қосты. Ұлт мәселесі хақындағы білімі кемшін мұндайларға шаш ал десе бас алатын шолақ белсенділер қосылғанда – теория мен практика қайдан алшақтамасын…

…Желтоқсан көтерілісі мен одан кейін орнаған «Кіші 37-жыл» ахуалы әлі де зерттей түсуді, тиісінше, одан баршамыздың сабақ алуымызды тілейді. Күні бүгінге дейін бұл ұлы оқиғаға тиісті ғылыми түсіндірме жасалған жоқ. Ғылым тұрғысынан байыпты баға берілмегендіктен де, Желтоқсан көтерілісі өз мәніне сай ел көкейіндегі саяси бағасын әлі алған жоқ…

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

 

тарих ғылымдарының кондидаты

Ана тили