07 февраля, 2013 Comments Off on Тамсандырған, таң қалдырған Үндістан

Тамсандырған, таң қалдырған Үндістан

Қаңтардың 26-нан бастап ақпан айының екісіне дейін елордамызда Үндістан мемлекетінің мәдени апталығы өтті. Бала күнімнен ерекше сазды әуені  мен әсерлі сюжеттерге толы үнді фильмдерін сүйіп көретінмін. Әу бастан-ақ Үндістан мен үшін – өзге бір әлем  іспеттес. Содан ба, үнді фильмі не болмаса үнді мәдениеті жайлы бір ақпар ести қалсам, елең ете қалатыным рас.Өткен апталық мені үнемі тамсандырып, таң қалдырып жүретін Үнді елінің мәдениеті, өнері мен асханасы жайлы жақын танысуға үлкен мүмкіндік берді. Бұл апталықта  үндінің иога өнері, үнді стиліндегі ән мен би кештеріне қатысып, осы ел асханасының тағамдарының дайындалуының көрсетілімімен таныстым. Сондай-ақ, апталық аясында көркемсурет пен фото және Үндістанның классикалық музыка аспаптарының көрмесі ұйымдастырылады. Мәдени апталықтың ресми ашылуы Астанадағы «Редиссон» қонақ үйінде өтті. Шара екі ел Әнұрандарының орындалуымен ашылды. Оған барлық дипломатиялық корпус өкілдері мен парламент депутаттары және үкімет мүшелері қатысты. Халықаралық деңгейдегі мәдени шара Үндістан тәуелсіздігінің 63 жылдығына арналып отыр. Апталықты қорытындылай келе, өзіме Үнді елінің жаңа қырларын аштым. Сол елдің жаңа сырларымен сіздерді де таныстыруды жөн көрдім.

Ашок Кумар Шарма

Үндістанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:– Қазақстанмен әріптестік байланысты дамыту – біз үшін өте маңызды. Біз тек саяси тұрғыда ғана емес, сонымен қатар мәдени қарым-қатынасты бірігіп дамытудамыз. Алдағы уақытта екі ел арасындағы әріптестік байланысқа арналған конференция жоспарлап отырмыз. Сіздерге біздің ең үлкен мерекеміз тәуелсіздік күніне қатысып отырғандарыңызға алғыс білдіргім келеді. Сіздер білетіндей, осыдан 63 жыл бұрын Үндістан әлемдегі ең ұзақ конституцияны жасақтап, тәуелсіздігін жариялады. Мәдени апталыққа келетін болсақ, дәстүрлі шара аясында сіздер біздің халықтың мәдениетінен сусындай аласыздар. Елшілік бастамасымен жыл бойы осындай игі шаралар жалғасын табады.

Ақмарал Қайназарова

Алматы қаласындағы Үнді классикалық би орталығының директорыҮнді билері Үндістан мәдениетінің ең жарқын элементтерінің бірі болып табылады. Үнді биін классикалық және халықтық деп бөлу қабылданған. Классикалық билер қимылдары біздің ғасырымыздың 100-300 жылдары арасындағы кезеңдегі "Натьяшастра"кітабындағы әр түрлі би, пантомима және драма түрлерін бірге жинақтап, қағидаластырған аты аңызға айналған Бхарат Муни тарапынан қағидаландырылды. "Натья-Шастреде" негізгі терминдердің түсіндірмелері берілген: «натья» - санскрит тілінде осы ұғымдардың ажырамастығын көрсете отырып, «би» және «драма» дегенді білдіреді. Бхарата толықтай тарихты баяндайтын пантомима би «нритье» туралы және онда билеуші ырғақ стихиясына толықтай берілетін бидің нағыз таза түрі «нритте» туралы айтады. Үнді биі терең рухани негізге ие, түп-тамыры мифологияға және дінге бойлайды. Ежелгі Үндістанда туындай отырып, заманауи сатысында ол бірнеше стильдер құрамына жіктеледі.

 

Кумар Нандха«Индия Гейт» мейрамханасының директорыҚазақсатнда тұрып жатқаныма тоғыз жыл болды. Ал, Астанаға көшіп келгеніме биыл екінші жыл. 2011 жылы осы қалада мейрамханамыздың тұсауын кестік. Мен Қазақстанға үйреніп кеттім.  Маған мәдениеті, жөн-жоралғылары, салт-дәстүрлері және халықтарының достығы ұнайды. Әрине, екі елдің асханасы арасында айырмашылықтар бар. Біздің асханада дайындалатын ұлттық тағамдар дәмдеуіштермен ерекшеленеді. Бір тағамды дайындаудың өзінде бірнеше дәмдеуіштер қолданылады. Оған бүгінгі кеште өздеріңіздің де куә болдыңыздар. Дәмдеуштерді атап айтар болсақ, қара және қызыл бұрыш, даршин, қалампыр, имбирь, аскөк, сарымсақ,мазағыпаранды араластыру арқылы күшті ерекше жұпар иіске қол жеткізуге болады. Дәмдеуіштерді балғын түрде де, кептірілген түрінде де қолдана беруге болады. Айта кету қажет, біздің үнділік тұздықтар – экологиялық таза өнімдер. Олар жастықты да, денсаулықты да сақтайды. Үнді дәрумендері адамға физикалық  болсын, психологиялық тұрғыда болсын оң әсерін тигізеді. Ол иммунитеттің күшеюіне де әсерін береді. Ал, Қазақстанның ұлттық тағамдарына келер болсақ, әрине үндістер, яғни біздерге ащы тағамдар ұнайды, алайды мен үшін қазақы ет пен қуырдықтың алар орны ерекше, сүйсініп жеймін.

Шайлидже Кумар

Үндістан елшілігінен, хнамен сурет салу өнерінің шеберіАдамдар ертеден өзінің денесін түрлі ою өрнектермен безендіруді меңгерген. Қолға хна салу өнері көне Вавилонда, Ассириде, Месопотамиде, Грецияда және өздеріңіз байқап жүргендей ежелгі Үндістанда да кеңінен таралған. Ескере кетсек, хнамен сурет салу ол тек сәндіктің ғана емес, сонымен қатар біздің мемлекетімізде тылсым күштерден қорғайтын тұмар ретінде де танымал. Мен өзім бұл өнердің түрін он жасымда уйрендім. Қазір хнамен сурет салудың үш түрін білемін. Бүгінгі таңда мейрамдар қарсаңында болсын немесе жай сұлулық үшін болсын хнамен қолға сурет салу шығыс елдерінде сән тенденциясынан қалыс қалмауда. Үндістанда бұл өнердің түрі «Менди» (Mehndi) деп аталады. Ал араб елдерінде жай «хна» - «Хенна» (Henna) деген атаумен қолданыста. Атап өтуіміз қажет, Исламда адамның не жануарлардың сүретін салуға тиым салынған, сондықтан араб сұлулары жапырақ өрнектері мен гүлдерді салдырғанды құптайды. Қазақстан мемлекеті және Астана қаласы маған өте қатты ұнайды. Алла жазса көктем айында хнамен сурет салу өнерін үйреттін үйірме ашып, шәкірт тәрбиелемекпін.Авторы Гулбохор Идиева  
Загрузка...

Комментирование закрыто.