АЛТЫНОРДА
Новости

Тайландқа жолыңыз түссе…

Тайландқа жолыңыз түсе қалса, төмендегі кеңестерімізді қаперіңізде ұстай жүріңіз!

1. Дурианнан дәм татыңыз. Иісі мүңкіп тұратын жемістің дәмін тату рәсіміне кіріспес бұрын қатты бір деміңізді шығарып, мұрныңызды қысыңыз, содан кейін барып аузыңызға… Сіз бұрын-соңды көрмеген біртүрлі қызық дәмнен ләззат аласыз!

2. Массажға барыңыз. Аты аңызға айналған тайлық массажға қалай ғана бас сұқпайсыз? 1000-1500 теңге төлесеңіз болғаны, башпайыңыздан бастап, басыңызға дейін ерекше күйге бөленіп, жаңарып, жасарғандай боласыз. Егер сізге классикалық тайлық массаж ауыр болса, арома-массажды, майлы массажды, аяқ массажын жасатып көруге мүмкіндік бар.

3. Тәуекелге бел буып, көше тағамдарынан дәм татыңыз. Көшеге тігілген лашықтарда сатылатын кеспе, кәуап, банан құймақтарын татып көрмес бұрын, ойланатыныңыз хақ. Десе де, Тайландқа бір барғанда санитарлық ережелерге көз жұма қарап, күлкілі бағаларға өте-өте дәмді тағамдарды тойып жеуге неге болмасқа?

4. Full Moon Party шарасында билеңіз. Пангане аралындағы жағалауға әрбір кеш сайын 10-20 мың адам жиналады. Таңға дейін асыр салудан тайсалмайтын туристер бидің адамға берер әсерінің ерекше екендігін айтады. Бояулар теңізі, коктейль және жаңа таныстықтар… Бас тартасыз ба?

5. Скутерде серуендеңіз. Скутердер немесе мопедтер тайлық жолдардың патшасы. Самал желдің құшағындағы теңіз жағасы мен орманда скутермен серуен құру автобуспен жүргеннен әлдеқайда қызығырақ екендігіне сеніңіз! Жүрексінсеңіз, мотто-такси қызметіне жүгінуге болады.

6. Тайлық Жаңа Жылға қатысып көріңіз. Сонгкран мейрамы сәуір айының орта тұсында атап өтіледі. Бұл күні көшеге су толтырылған цистерналар шығып, шомылу, шомылдыру рәсімдері басталып кетеді. Қысқасы, салт-дәстүрлердің куәгері атанғыңыз келсе, Сонгкран мейрамына қатысыңыз!

7. Тайлық боксты тамашалаңыз. Өте қатал ережелерімен аты шыққан сайыстар сізді шошытуы мүмкін. Бірақ, ондай мықты соққыларды көруге болады! Додалар кез келген тайлық қалада, шипажайда, көлемді стадиондарда, шағын алаңдарда, туристік орталықтарда өткізіледі.

8. Джунглиды кезуге кім кедергі? Мұны жалғыз атқаруға болмайтын тайлық ең танымал сауықтардың бірі десе де болады. Қауіпсіздік үшін жолнұсқаушы сайлап алыңыз. Тәжірибиелі маман сізді тропикалық табиғаттың қыр-сырымен таныстырып, талай қызықтың бетін ашады. Жаяу жүру міндетті емес. Сонымен қатар, канаттық жолды пайдалануға да болады.

9. Түнгі базарларға шығындалыңыз. Жергілікті қолөнершілердің бұйымдарын, тай жібегінен жасалған халаттарды, арзан киімдер мен әшекей бұйымдарды, кокос майынан жасалған косметикаларды, үй шаруасына ауадай қажетті заттарды осы жерден оп-оңай және арзан бағаға табасыз. Керек десеңіз, түнгі жәрмеңкеге мұражай аралағандай барып-қайтуға да болады. Қалай болғанда да, өкініп қалмас үшін бос қалтамен бармаған жөн.

10. Бунгалода (тропиктік аймақта салынатын жеңіл тұрғын жай) өмір сүріп көріңіз. Теңіз шуылына құлақ түріп жатып, тәтті ұйқы құшағына еніп, жағалау таңын қарсы алу… Ғажап емес пе? Ағаш қабырғалы үйдегі демалыстан артық романтика жоқ секілді. Егер сіз алдын ала қонақ үйге тапсырыс беріп қойған болсаңыз, тым болмаса бір түніңізді бунгалода өткізіп көріңіз. Онша қымбат емес. Ең қымбат дегендерінің өзі 2000-3000-ды құрайды.

11. Аралдарды аралаңыз. Сиам бұғазының суы мен Адаманда теңізі кокосты аралдар мен архипелагтарға толы. Ақшақардай жағалаулар, пальмалы тоғай, сарқырама, дайвинг… Мұндай ғажап мекендер түскен суреттерді айтсаңызшы!

Әрине, бұл жай ғана біз ұсынған кеңестер. Демалысыңызды қалай және қайда өткізуді сіздің патша көңіліңіз ғана шеше алады. Біз тек қана сапарыңыз сәтті болсын дей аламыз!
Суреттер:vk.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

http://massaget.kz/