Ермек Тайчибеков ©total.kz сайтынанҚР Конституциясының 20 бабының 3-ші тармағында: «Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді» деп жазылған. Соңғы кездері Ермек Тайчибеков атты қандасымыз осы Ата-Заңымызда көрсетілген «мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін» пікірлерді жиі айтып жүр. Бірақ, біздің қоғам өкілдері мен құзіретті органдар заңдық тұрғыда Тайчибеков сынды «мемлекет тұтастығын бұзғысы» келетіндерге неге тойтарыс бере алмай отыр. «Алаш айнасы» басылымы осы сұраққа жауап іздеп көрген еді.

Тайчибековтің әр сөзінен мысал келтіріп, жарнамасын жасамай-ақ қоялық. Өзін атеист деп санайтын сақалды азамат Қазақстанды Ресейді губерниясы еткісі келеді. Бір сөзбен айтқанда еліміздегі азаматтардың қауіпсіздігін Ресей қорғайды деген сенімде. Ол осы сөзі арқылы мемлекетіміздің тұтастығын былай қойғанда заңдарымызда көрсетілген барлық құндылықтарды аяқтың астына таптап отыр.

Мақсат Жақау “Ақжол” ҚДП төрағасының кеңесшісі:

– Тайчибеков әлеуметтік желі арқылы ұлттық араздыққа апаратын, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, мемлекет тұтастығына нұқсан келтіретін пікірлер айтып жүр. Өзін қолдайтын адамдарды, тіпті бесіктен белі шықпаған балаларды сөйлету арқылы, осы жиіркенішті ісіне тартып отыр. Ол «Қазақстан Ресейдің губерниясы болуы керек» деп, әлеуметтік һәм ұлттық араздық туғызып жатыр. Онымен, 2-3 рет пікір таластырғанымда байқағаным, ол арнайы саяси топтардың дайындығынан өткен адам секілді көрінді. Бұл бірінші – күдігім. Екіншіден, бұл азаматтың психикалық жағдайын бақылап көру керек секілді. Егер де біз мұның алдын ала алмасақ, арамыздан әлі талай Тайчибековтар шығуы мүмкін. Тайчибековтің жүргізіп жатқаны – ақпараттық күрес. Қазір тек ақпараттық емес, қоғамдық күрестер де бой көтере бастады. Бұл жеңіс күнінің алдында «Аңыз Адам» журналына тиісуден басталды, сосын осы пиғылдағы азаматтар жеңіс күні кейбір облыстарымызда көрші елдің жалауын желбіретіп, көшелерге шығып кетті. Біріншіден, бұл – сыртқы күштердің әсері. Тайчибеков Жамбыл облысының азаматы. Сол облыстың ішкі саясат басқармасы дереу бұл істі қолға алуы, заң шеңберінде сотқа беруі тиіс. 

Саясаткер Мақсат Жақаудың күдігі расқа айналса, Тайчибековтің артында саяси күштер тұруы мүмкін екен. Ендеше, тағы да Конституциямызға көз жіберіңіз… ҚР Конституциясының 5 бабының 3-ші тармағында: «Мақсаты немесе іс-әрекеті Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құрамалар құруға тыйым салынады» деп жазылған. Демек, біздің құзіретті органдар алаңдарлық қауіп бар деген сөз.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

– Тайчибековтар сыртқы күштерге арқа сүйейтін болуы керек. Сол сыртқы күштердің ықпалымен жұмыс жасап жатыр деп ойлаймын. Бұл орайда тек Тайчибековті ғана емес, соның сөздерін жариялап, қоғамға таратқан БАҚ да жазалау қажет. Меніңше, мемлекеттілігімізге, конституциямызға қайшы келетін пікір айтқан Тайчибековтерді пікірталасқа шақырудың қажеті жоқ. Себебі, сыртқы күштер біздің реакциямызды байқау үшін әдейі осы қадамға барып отыр. Сондықтан прокуратура тексеріс жүргізіп, қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет. 

Біз демократиялы-құқықтық мемлекетпіз. Сондықтан болар, арамызда әркім өз ойын ашық айтуға құқылы дейтін азаматтар да жоқ емес.

Нұрлан Сейдін, саясаттанушы: 

– Бұл Тайчибековтің жеке позициясы болуға тиіс. Егер де бұл оның жеке позициясы болса, демократиялы ел болғандықтан ештеңе жасай алмаймыз. Себебі, құқықтық мемлекетте өмір сүріп отырғандықтан, ол өз ойын ашық айтуға құқылы. Десе, де, мемлекет тарапынан болсын, жеке зиялылар тарапынан болсын, Тайчибековтермен пікірталасқа барып, оның ойын өзгертуге тырысып көргені дұрыс.

Тайчибеков бір пікірінде, «Қазақстанда мемлекеттік тіл орыс тілі болуы тиіс» деген еді. Ол сол арқылы Ата-Заңымыздың 7 бабында көрсетілген «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген қағидаға да қарсылық танытып отыр.

Дәурен Бабамұрат, «Болашақ» жастар қозғалысының лидері:

– Біріншіден, Тайчибеков секілділерді жарнамалауды тоқтату қажет. Жарнама жасаған сайын ол күшейе береді. Екінші мәселе көптеген азаматтарымыз ол жайында айтқанымен, бірде-бірі сотқа берген жоқ. Мәселен, Тайчибековтің айтқанының бәрі заңға қарама-қайшы. Үшіншіден, қоғамға бұл жігіттің бұрын немен ойналысқаны, не істегені, кім екені белгісіз. Журналистер алдымен осыны зерттеуі қажет. Оны Ринат Кибраев деген жігіт тауып алып, сөйлесіпті. Сыртынан айтып, даурығуды доғарып, оның көрші елдермен қандай байланысы бар екенін анықтау қажет.

 

«Алаш айнасының» түйіні

Ресейлік журналист Максим Шевченко қазақ мемлекетінің тұтастығына нұқсан келтіретін пікірлер айтып жүрген Жироновский мен Лимонов сынды азаматтарды сыртқы күштердің тыңшысы деп айыптаған болатын. Оның пікіріне сүйенсек, «Лимоновтар қазақтардың наразылығын туғызу арқылы Еуразиялық Одақтан бас тартуға үгіттеп жатқан көрінеді». Әрине, мұның анық-қанығына жету біздің мақсатымыз емес. Біздің мақсат – қауіптің бар екенін ескерту. Сіз не дейсіз?

Автор: Қанат Бірлікұлы

http://alashainasy.kz/politics/50867/

Рубрика: